Жылан, тасбақа, кірпі, кесірткеден дәрі жасайтын адам

29.06.2018
Қаралды: 1555

Жылан сату – ата-бабамыздан қалған кәсіп емес. Әйтсе де бұл кәсіп арқылы отбасын асырап, күнел­тіп жүргендер арамызда бар екен. Біз Шым­кенттегі Қырғы базар мен Қарабұлақ базарында осындай жылан сататындар бар деп естідік. Сондай-ақ кейбір жарнама сайттарында да ем-домға арналған жылан сатамын деген  хабарландырулар жеткілікті екен. Содан жылан сатушы мен одан дәрі жасап, науқастарды аяққа тұрғызып жүрген емші кісіні тауып, тілдескен едік.

 

8 мың теңгеге саудалап тұр

 

Шымкенттің орталық базарынан  осы кәсіппен айналысқанына жеті жылдан асып қалған Нариман есімді кісіні кезіктірдік. Ол  құтыдағы кішкентай ғана көлбар деп аталатын жыланды 8 мың теңгеге сатады екен. Қалтаңыз көтермесе аз-маз түсуге ыңғай білдірген сатушы «тауарын» үйінен әкеліп беретінін айтты. Себебі бұл бауырымен жорғалаушы аптап ыстыққа шыдай алмайтын көрінеді.

 

Ол кісі тұрақты алушыларының өте көп екенін айтты. «Қазіргі таңда халық дәрі-дәрмектен гөрі жылан сорпасын ішудің денсаулыққа пайдалырақ екенін біліп қалды», – дейді ол.

 

Нариман өзін іздеп тапқан сатып алушылардың жағдайына түсіністікпен қарап, ұзақ саудаласпайтынын айтады. Ол дертіне шипа іздеген жанға жыланды баяу отта 12 сағат қайнатып, әбден езіліп піскенде ғана күніне үш рет ашқарынға бір ас қасықтан ішу керектігін түсіндіріп айтады екен.

 

Дертті кетіріп, жараны, әжімді жоятынын айтады

 

Бәйдібек ауданында жыланның 21 түрінен, сонымен қоса кірпі, кесіртке, тасбақа, тіпті улы шегірткеден дәрі жасайтын адам бар. Мұндай іспен айналысатын, соңғы 25 жылдан бері осы тәсілмен науқастарға шипа дарытып жүрген Зиябек (есімі өз өтінішімен өзгертілді) емшіні жұртшылық жақсы таниды.

 

Аудан көлемінде ғана емес, Алматы мен Астанадан балдаққа сүйеніп, дерті жанына батып келген адамдарды емдеу ісімен айналысып жүрген Орынбек қарияның жасы 63-те. Ол кісіге ауылдағы қойшылардан бастап, ойнап жүріп жылан ұстап алған балаларға дейін емдік жыландарды өткізеді екен.

 

«Әдетте ем ретінде «атпажылан» мен «оқжылан», «қарашұбар», «көлбар жылан», яғни ел арасында «сарыжылан» атанған жорғалаушыны жиі пайдаланамын. Ал таптыра қалса ешкіемер жыланы тіптен мың емге дауа, – дейді Орынбек емші. – Негізі түрлі ауруларға шұбар жылан мен қара­шұбар жыланды да пайдалана беруге болады. Жылан аулаушылар 10 мың теңгеден жоғары тұратын қарашұбар, май жыланды табуға тырысады. Ал құны 35 мыңнан кем емес ешкіемерді қолға түсіру өте қиын. Бұл жақта көп кездескенімен шапшаң қимылының арқасында бой тасалап үлгеретін ақылды жылан саналады.

 

Мен бір жыл ішінде 300-ге жуық жылан сатып алып, одан небәрі 2-3 ай көлемінде дәрі жасап, тауысып қоямын. Осыдан-ақ науқастардың көптігін аңғаруға болады.

 

Жайбасар тасбақа ақ қан (лейкемия) ауруына таптырмас ем саналады. Өмірден түңіліп, бойын қорқыныш билегендерге де тасбақа ерекше әсер етеді. Оны пісіріп болғанда дәмі тіл үйірер «мармелад» шығатынын естігендер сирек шығар. «Сол мармелад» бауыр дертіне керемет дәрі.

 

Кірпінің көптеген жараларға ем екендігін кез келгеніміз білеміз. Ал улы шегіртке теміреткі мен псориазға жақсы шипа болып табылады. 

 

Қыз-келіншектер үшін ешбір косметикалық отасыз әжім кетіруге арнал­ған ем-доммен бөліскім келеді. Естігенде құлаққа оғаш тигенімен жыланның жұмыртқасы  әжімнің жауы екенін біле жүріңіздер.

 

Әйел заты ай сайын бет күтімінің өзіне бірталай қаржы жұмсайды емес пе? Бетке ине салдырып, қымбат крем жақтырып, уақыты мен ақшасын текке жұмсағанша табиғи жылан жұмыртқасын қолданғаны жөн ғой».

 

Ауылдастары да мақтап отыр

 

Біз емшіден осындай әңгімелер естідік. Ол кісі туралы жұрт жаман айтпайды. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Ербол кісі бізге былай деді:

 

«Бұл кісінің бас ауруынан, асқазан жарасы, ұйқы безі қабынуынан, ба­уыр, бүйрек дерттерінен, бөртпе, аллергия түрлерінен, төсекке жіберіп қоятын энурезден сауықтырып, аяққа тұрғызғанын талай рет көрдік. Туған ағамның балалары бірінен соң бірі денесін жара басып, абыржығаны бар еді. Үйдегі жақпаларды жағып көріп, болмаған соң Зиякеңе алып келді. Жыланды сойып, жылдап дәрі жасап, бауырларыма ішкізді. Олар содан жазылды, денелерінде жара атаулының ізі де қалмады», – дейді ол.

 

...Біз жылан және басқа да жәндіктерден дәрі жасайтын адамнан осындай әңгімелер естідік. Жалпы, аталған дәрі-дәрмектерді барлық нау­қастарға бірдей әер етеді деуден аулақпыз. Емшінің қызметін пайдалану-пайдаланбау – әркімнің өз ырқындағы іс.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ