«Кәрі қыздың» жан сыры

30.06.2018
Қаралды: 761

«Биылдан қалмай кету керек еді. Әйтпесе шай үстіндегі үнсіздіктен ыдыс-аяққа дейін «қашан енді?!» деп тұратындай. Әкеммен жанарым түйіспесінші деп діріл қағып, жанарымды басқа горизонтқа аудара саламын», – дейді ол.

 

Статистика елімізде 350 мың «кәрі қыз» бар деген дерек беріпті. Ал «кәрі қыз» неден қорқады? Бұған қатыс­ты кейбір «білгіштер» былай дейді:

 

«Еркіндігінен, мүмкіндігінен айырылып қалудан, карьерасы тоқтап қалудан, таңдағаны «таз» болып шығудан, қатал ененің қабағынан, күнде келетін қонақтың тамағынан, жалғыздығы мен тыныштығын бұзатын баладан, тағы басқа толып жатқан нәрселерден қорқады.

 

Сонымен қатар ол осы жоғарыда айтылғандардың бәрін аңсайды. Әрине, алдымен жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай ер-азаматын аңсайды. Әйелге сәл-пәл әдемілік пен тауықтың миындай ми ғана болса жетеді. Тым ақылды болса ол да жаман. Еркекке диктатор қатын керек емес. Рас қой, ақылды болып тұрмыс құрмай жүрген талай қыз бар. Ешкімді керек қылмайды. Сондықтан ақымақ, сары ауыз балапан кезіңде кетіп қалу керек».

 

Ал «Кәрі қыздың» өзі былай дейді:

 

– Қыздардың бірі әлі ерте деп жүріп, қалай кеш болғанын байқамай қалады. Екіншісі оқимын-тоқимын, сосын барып «шоқимын» деп жүрсе керек.

 

Ал негізінен мәселе санада. Әрекет еткенге Құдай қашан да берекетін береді. Жұмысты да жандандырып, отбасын да ойлап жүруге болады. Түйсікпен не қалайтыныңызды түсінсеңіз болды, механизм іске қосылады.

 

Мені «ақша табу оңай емес» деп өсірді. Сол оймен жүргенде 4-5 сағаттық ұйқы және таусылмайтын жұмыс мені шыр айналды. Сөйтіп жүргенде жеке өмірден де біраз алшақтап кетіппін. Ал бар болмысы «жұмыс» деп тұрған қыз жігіттің көзіне іліге ме?

 

Кейін бір сәтке ойланып, бәрін қайта жоспарлауға көштім. «Ақша табу оңай», «жұмыс аз, ақша көп», «менің жеке өмірім бар» деп өзімді қинап тұрып ойымды өзгерттім. Күнде таңертең жұмысқа бара жатып жол бойы осы сөздерді қайталаймын. (Басқасы да бар). Сізге өтірік, маған шын, нәтиже көп күттірмеді. Шынымен де жұмыс біраз азайды, тіпті кітап оқуға да уақыт табылды. Ақшамен де достасып үлгердік.

 

Мені айналам байқай бас­тады. Өміріме жаңа адамдар енді. Айтпағым: кәрі болайық, жас болайық, өмірді, өзіңді, ең маңыздысы – ойыңды өзгерту ешқашан да кеш емес. «Кәрі қыздарда» да шанс бар. Ал мен, бұйыртса, тұрмысқа шығатын сияқтымын.

 

Енді жеке басым туралы ойды жиып қойып, «кәрі қыздардың» санасымен саралап көрейін. Қалай «кәрі қыз» болмайсың? Егер айналаңдағы еркектен сен батылырақ болсаң. Егер жаныңдағы жігіттен сен ширақтау болсаң. Бір-екі критериіне көнбей қалсаң, шалқасынан түседі. Бұлданшақ жігіт жарытып бай бола ма?

 

Жақында бір ақыл естідім: жақсы көрген жігітіңді құрыққа түсіру үшін көнбіс болу маңызды екен. Ұнасын-ұнамасын мейлі, ол айтты – сен бас шұлғыдың! Қалғанын үйленген соң құрақ сияқты келістіріп аласың дейді тәжірибелі «байвумендер». Бірақ тағдыр ти­мейсің десе, тіліңді он есе қысқартсаң да тимейсің-ау осы… Тыпыршып, тірлік істеп қалған қыздың бірден сүмірейіп қалуы ешбір заңдылыққа сыймайды. Жігіттің мінезі, киім киісі, күлгені, жүргені, тұрғаны ұнамады. Болды, жолына ақ мата төсеп, қол бұлғап, «артыңа қарама!» деп «қара тізімге» шығарып салдың.

 

Қартайғанда соқа басым сопиып жалғыз қалады-ау деп қорқатындар болса, ойыңызды өзгертіп, іске кірісіңіз. Алайда бірінші, екінші, үшінші ұсыныс жасаған адамға «байсыз қалмасам болды» деп тиіп кетіп жүрмеңіз. Байсыз қалу – «одно», байлы боп тұрып байсыз болу – ең жаман нәрсе!

 

Біздің үйдің ұраны – еріңе қарсы сөз айтпа! Демек, тәрбие. Қазір қыздарды кімдер және қалай тәрбиелейді? Біріншісі кімдер: ата-анасы, ортасы, инста-өмір, қоғам. Төрт тәрбие ошағы төрт түрлі. Ата-ананың тәрбиесін тарқатпай-ақ қояйық, бәрі түсінікті. Ал инста-өмір және қоғам қалай әсер етеді? Қазір күйеуінен ажырасқандар бірден бақытты боп кетіп жатқан сияқты. Яғни осы уақытқа дейін «бағын байлап жүрген» күйеуі боп шығады. Бірден құлпырады, іспен айналысады, фитнеске қатысады.

 

Өмірлерін қайдам, парақ­шалары өзгереді. «Бәрі бұрын­ғысынан да жақсы». Соларды көріп біреуге қырсықсаң мақсатыңа жетіп, тез бақытты боласың-ау деген ой туады. Мотивация – экс-күйеу, экс-ата-ене. Болды, осылардың алдында өзіңді дәлелдеп бердің. Ал бармақ шайнайтындардан бұрын бала ше? Сосын жүргені жұртқа жалтақ боп.

 

Менің де айналамда түрлі ой айтушылар көп. «Шықпа, Лондонға кет. Оқы. Жұмыс істе! Байға шығуға үлгересің! Ол жақ түк қызық емес!» – дейді бірі. Екіншілері: «Осылай жүре бересің бе?! Қыз мұраты – кету. Жар бол, келін бол, ана бол. Оның орны бөлек», – дейді. Бәрін тыңдап, бәріне басымды изеп, санаң мен жүрегіңе төрелегін айт деп сөз бересің.

 

Қысқасы, биылдан қалмай кетіңдер енді!

 

(«Кәрі қыздың» жазбасынан).

Дайындаған – Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ