Ажырасу – қазаққа жат құбылыс

04.06.2018
Қаралды: 341

Кез келген ата-ана баласының бақытты болғанын қалайды. Әсіресе қыз өсіріп отырған әке-шеше олардың оң босағада отырып қалмай, теңін тапқанына қуанады. «Барған жеріңде тастай бат, судай сің!» – деп тілейді. Бағы ашылып, сол әулетке сіңісіп кетсе, нұр үстіне нұр. Ал олай болмаса ше?

 

Өзінен он жас үлкен әйелмен көңіл қосқан екен

 

Бұл әңгімені біз не үшін қозғап отырмыз? Таяуда біздің редакцияға Аяулым деген жас келіншек (есімі өзгертілді) хабарласты. «Сіз­дер­дің газеттеріңіз үнемі пай­далы, өмірге қажетті кеңес­терді жариялайды ғой, сондықтан басқа ешкімге айта алмай жүрген сырымды жет­кізгім келді», – деп жыларман болған қыздың оқиғасын біз бастан-аяқ тыңдадық. Жағдай төмендегідей бол­ған екен.

 

Шымкент қаласындағы фар­­мацевтикалық академия­да оқитын бойжеткен ауылынан шығарда бір көлікке мінеді. Иесі жас жігіт екен. Ә дегеннен әңгімесі жарасып кетеді. Не керек, екінші кездескенде жігіт Аяулымды еркінен тыс алып қашып кеткен. Беташар өтеді, «хабаршы-қуғыншы» дегендей, барлық жөн-жоралғылар жа­са­лады. Қыз да, қыздың ата-анасы да дұрыс жерге келін болды деп дән риза болысады. Бірақ бар қызық кешке, екі жас оңаша отауға кіргенде болады ғой. Қызық дейміз-ау, бойжеткен үшін бұл түн қасіретті түн ретінде есінде мәңгі сақталып қалған сияқты.

 

«Жеңгелері төсекті салып, өз жөндерімен кетті. Достарымен сыртқа шығып кеткен Айдосты ары күттім, бері күттім, сол бойы кел­меді. Неке түнін жалғыз қарсы алдым. Және оның не үшін бұлай еткенін түк түсіне алмадым. Жылай-жылай көзім ісіп кетті. Таң­ертең үлкен абысыным шақырып алып, мән-жайды түсіндіргендей болды. Есті­генде есімнен танып қала жаздадым. Сөйтсем маған үйленген Айдос өзінен 10 жас үлкен, бір баласы бар әйелмен бұрыннан жақын қатынаста екен. Әке-шешесі мен бауырлары ақыл айтқанымен, бірақ ол жеңіл жүрісін тоқтатпаған. Содан анасы: «Мені көрінде тыныш жатсын десең, мына масқараны тоқтат та, үйлен! Әйтпесе ақ сүтімді кешпей­мін!» – деп шарт қойған. Ақыры мынау болды, «сендерге керегі келін болса, міне» дейді де, өзінен үлкен әйелдің үйіне кетіп қалады.

 

Міне, бір аптадан асты, күйеуімді әлі көрген жоқпын. «Балам, сабыр ет, қайтарамыз оны. «Ат айналып қазығын табар» деп қайынатам кетіп қалуыма қарсы болып отыр. Не істерімді білмей дал болып мен отырмын», – деп әңгімесін аяқтаған Аяулым­ға тап сол сәтте не айтарымызды білмедік.

 

Ендігі жерде әлгі қыздың тағдыры не болмақ? Төркі­ніне қайтып барса, олар не дейді? Жанын түсінетін жақсы жігіт жолықса құп, ал жолықпаса ше?

 

Сүйген жарын кейін ұнатпай қалыпты

 

Таяуда тағы бір жағдайды есітіп, жаға ұстадық. Тараз қаласында тұратын қыз бен жігіт бірнеше ай сөз байласып, ақыр соңында үйленуге шешім қабылдаған екен. Екі жақтың ата-анасы кездесіп, «тәтті шай» ішеді. Қыз беретін жақ ұзату тойын істейміз деп дайындыққа білек сыбана кіріседі. Тойханасы бар, басқасы бар, бәрін ең жоғары дәрежеде атқарады.

 

Ал екі жастың үйленген­деріне екі-үш ай өткенде бала: «Сен маған ұнамай қалдың, менің арманымдағы адам емес екенсің», – деп айтады да, басқа қалаға жұмыс ауыстырып, тайып тұрады. Қайын­жұртына айтар уәжі болмағасын қарабет боп қашып жүр. «Мұның не? Қызымыздың қан­дай жазығы бар?» – деп сұрамақ болса, телефонын көтермейді.

 

Жә, келіннің өзінен де бірдеңе бар шығар деуіңіз мүмкін. Артық-ауыс әңгіме ай­тылды ма, әлде тірлігінде шала­лық болған шығар деп жігітті ақтап алуға тырыстық. Бірақ қисыны келмеді.

 

Келіннің кем-кетігін толықтырып, тігісін жатқызып, екі жастың бір-біріне үйренісіп, үй боп кетуіне ата мен ененің ықпалы зор емес пе? Жас келіннің жақсысын асырып, жаманын жасырып: «Әй, сенің мұның не?! Көзіңді байлап, мойныңды бұрап, аяқ-қолыңды байлап үйлендірдік пе? Өзің таптың, енді неге біреудің қызын жылатып отырсың?! Ертең осы сенің қарындасыңның басына келмесіне кім кепіл? Ақымақтық жасама!» – деп ақылын айтып, тоқтау салатын ене жоқ. Керісінше: «Балам солай десе қайтем, екеуі жараспаса не дей алам...» – деп күмілжи беріпті. Ендеше, қызды қалай кінәлауға болады?

 

Жаман жүрісті жігітті ағайын арасынан аластатқан

 

Бала күнімде болған бір оқиғаны баяндайын. 1990-жылдардың басында Сағындық дейтін ағайын ағамыз қалаға барып оқимын деп бір әйелмен көңіл қосады. Ауылда үш баласы мен әйелі бар. Оларды еш елеп-ескермейді. Қит еткенде қалаға қарай тартып отырады. Сөйтіп жүр­генде көңілдестің аяғы ауырлап, ақырында сонымен тұрамын деп бар киім-кешегін жинап, тайып тұрады. Жылап-еңіреген бала-шағаға, «Не жаздым?!» – деп аяғына жығылған әйеліне де бұрылып қарамайды.

 

Міне, осы жағдайды естіп-біліп отырған ағайын арада ай өткенде әулет жиналысын жасайды. Күйеусіз қалған келін мен оның төркінін, басқа да кісілерді шақырады. Жиында әулеттің үлкені Байдолла ақсақал: «Қарағым, түріңнен де, тірлігіңнен де мін таппаймыз. Ұл десе ұл, қыз десе қыз тудың. Ақылың болса, елден алыс­тама. Мына үш перзент елінен ажырап қалмасын. Үй сенікі, балаларды жетілдіру біздің мойнымызда. Ештеңеден таршылық көрмейсің. Ал әлгі оңбаған біз үшін ендігі жерде шіріген жұмырт­қа боп қалады. Артынан бардық, ұрыстық, таяқтап та алдық. Дуаланып қалған ба, бізді елеп-ескермеді. Ендігі жерде ол біз үшін өлді. Той-томалағымызға, өлім-жітім­ге келмесін. Өзінен кейінгілер­ге мұндай өнерін өнеге ет­пейік», – деп сөзін түйінде­ген еді. Осы пәтуаға барлы­ғы келісті. Тек ана-жүрекке баласынан баз кешу оңай емес қой. Анда-санда барып, құрт-майын беріп келеді екен.

 

Есептеп көрсем, содан бері 24 жыл уақыт өтіпті. Байдолла атамыз әлдеқашан бақилық болған. Қалаға кеткен ағамыздың артындағы ұл-қыз да жетілді, үйлі-жайлы болды. Бірақ ешбірі баяғы айтылған сертті бұзған емес. Ағайын Сағындық ағаны сол бойы еш тірлікке араластырмады. Есесіне ақсақалдың бір ауыз сөзіне тоқтап, арын сақтап қалған жең­генің ағайын арасында абыройы артты. Бар тірліктің басы-қасында сол жеңгеміз жүреді. Аман болсын! Ал қайдағы бір әйел үшін туған-туыстан ажыраған ағамыз іштей өкініп, бармақ тістейтін шығар, кім білсін?

 

...Қазақ қашаннан қызды арым, ұятым, намысым деп қараған. Қазақ қызының көзінен аққан тамшы жас үшін талай жігіт қасық қанын төгуге дайын тұрушы еді. Ал қазір олай емес. Қыздың тағдыры, оның ертеңгі өмірі, көз жасы дегеннен қорықпайтын болдық. Адамның тағдыры ойыншыққа айналып бара жатқандай.

 

«Отан отбасынан басталады» деген мәтелдің мағынасы неткен керемет десе­ңізші! Отанды жақсы көру, оны дамыту және уайым жеу отбасыдан басталады екен. Отбасын кіші мемлекет десек, отбасында да мемлекеттегі сияқты қиыншылықтар мен сәтсіздіктер, ішкі және сыртқы әсерлер, қаржылық дағдарыс сияқты жайттардың орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Осыны түсіндіретін, жас­тардың жарасымды отбасы болып кетуіне атсалысатын ақсақалдар дәл қазіргі кезде керек-ақ.

 

Сіз қалай дейсіз, құрметті оқырман? Айтар ойыңыз, қосар пікіріңіз болса, ортаға салыңыз!

 

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ