Серікжан БІЛӘШҰЛЫ: «Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Серпіл, қазақ!»

06.06.2018
Қаралды: 922

Серікжан Біләшұлы есімді азаматтың (суретте) есімі бүгінде әлеуметтік желі қолданушыларына жақсы таныс. «Атажұрт» ерікті жастары» деп аталатын ұйымның белсенді мүшесі ретінде ол Қытайдан елімізге қоныс аударған талай азаматтарға көмек көрсетіп жүр. Сондай-ақ оның Қытай қаупіне қатысты оқып жүрген лекцияларынан да жұртшылық әлеуметтік желі арқылы құлағдар. Ел мен жер амандығын ойлап, төніп тұрған кейбір қауіптерден сақтандырып жүрген С.Біләшұлының таяуда тағы да бір лекциясы жарияланды. Оның толық мәтіні мынадай:

 

Біз бұған бәріміз де кінәліміз

 

Қытайға қазақтың қыздары тиіп жатыр. Қытайлар Қазақстанға келіп, үйленіп, азаматтық алып, балалап, көбейіп, өсіп жатыр. Енді осыған кім кінәлі?

 

Ең бірінші кінә өзімізден. Сол қыздарға, сол қыздардың ата-аналарына біз, біріншіден, діни, шариғи тәрбие бере алмадық, құлақтарына жеткізіп айта алмадық қызы кәпірге тисе кәпір болатынын, мұртәд болатынын, діннен шығып кететінін түсіндіре алмадық. Ол кінә осындағы өзін мұсылман дейтін және мұсылмандарға дін уағыздап, секта-секта, топ-топқа бөлініп алып, бір-бірін жамандап, «халал» өсек айтып жүрген күллі аталмыш діндар­лардан бастап, жай бұқараға дейін, өзін намазхан деп жүрген барша мұсылманның мойнында.

 

Біз діннен алыстап қалған сол бір қауымдарға, Алла уағызы жетпей жат­қан, Алла сәулесі түспей тұрған сол отбасыға барып, қызын кәпірге берсе оның күнәсі ата-анасына да, аға-бауырларына да болатынын, ал сол қыздың тозақта өртенетінін, мұртәд болып, діннен шығатынын түсіндіре алмадық. Біз кінәні алдымен өзімізден іздейік.

 

Қай жылдары «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып жатқан қазақ қызын анау Тайланд елінің буддист, кәпір жігіті өлтірді, ол оның азаматтық некедегі, яғни зинақор күйеуі екен, пышақтап өлтірді. Біз мемлекеттің ақшасымен шетелге жіберген аталмыш үздік студент шетелде кәпір күйеуінің қолынан өлді. Дүнияуи білімі болып, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барса да онда шариғи білім болған жоқ. Бойына ұлттық рух, ұлттық намыс дегенді сіңіріп, одан кейін шариғи білім сіңіріп болып, одан кейін барып оларды шетелге жіберу керек еді. Қазіргі біздің халықта осының екеуі де жоқ болып тұр.

 

Құстың екі қанаты болатыны сияқты ұлтты да сақтайтын – екі-ақ нәрсе: біріншісі – діні, екіншісі – оның дәстүрі, яғни оның ұлтшылдығы. Мен қазақпын дейтін, қазақ десе жүрегін жұлып беретін, қазақ болғаны үшін мақтанатын және  қазақ болғаны үшін осы жерді, осы елді, осы мемлекетті менің ұстап тұруым керек дейтін сондай бір рухты біз жастарымыздың бойына дарыта алдық па, сіңіре алдық па? Мектептердегі бүлдіршіндерге оны тарата алдық па, жүйесіне, жүйкесіне жеткізе алдық па? Жоқ.

 

Өзгені зор санауды қою керек

 

Қазіргі біздің жұртымызда не шариғи ілім жоқ, не патриоттық сезім жоқ. Ұлтшыл болуға қорқады. Себебі бодандық заман, отаршылдық заман, құлдық заман оған ұлтын сүюді сондай бір қорқынышты етіп көрсетіп қойған. Кім қазақты сүйсе, сол атыл­ған, сол шабылған, сол қорланған заман, содан барып халық өзінің ұлтын өзі сүюден қорқып қалды. Кім ұлтын сатса, сол өсетін болды, кім ұлтын сүйсе, сол өшетін болды. Соның дерті, соның салқыны әлі жүр. Біз сол бодандық, құлдықтан әлі арыла алмай келе жатырмыз. Сондықтан жалпақшешей, сондықтан толерантты болып, сондықтан әлгі «Жаман үйді қонағы билейді» дегендей  біз бәрін қазақтан үстем қойдық. Бәрінің мүддесі қазақтан артық, қазақтың мүддесі ең төменде тұрған бір бейшара халге түсіп қалғаны содан.

 

Адам өзінің ұлтын сүйгені үшін ешқандай кінәлі болмайтынын әрбір қазақ білуге тиіс еді. Қазақтығымыздан жасқанып, қазақты сүюден жасқанып қалдық біз. Біздің сорлылығымыз сонда.

 

Бала өз туған анасын сүйгені үшін және туған анасы үшін жүрегін жұлып берердей балалық махаббаты болғаны үшін кінәлі ме? Ол кінәлі емес. Қазақтың қазаққа деген, қазақтың елге, жерге, Отанға деген махаббаты тура сондай – сәби баланың анасына деген махаббатындай махаббат. Біз соны халыққа айта алмай, бас көтере алмай, оян деп алашордашылар осыдан бір ғасыр бұрын жылап айтып кеткен сол идея­ны бүгіннің өзінде де айта алмай, мұрнымызбен сөйлеп, міңгірлеп отырмыз.

 

«Кең болсаң, кем болмайсың» деген мақалдың заманы өтті, «Кең болсаң, кем боласың» дейтін мақал тууы керек бізге. Біз не тапсақ та сол дара­қылығымыздан таптық, көңіл­шекті­гімізден, ақкөңілдігімізден, орынсыз тыраштанып, өзге, келімсектерді  төбемізге шығаратындықтан, өзімізді қор, өзгені зор санайтындығымыздан, еттен өтіп сүйекке, қанға дарып кеткен құлдық, тобырлық санадан арыла алмай осы бейшара халде тұрмыз.

 

Оянатын кез келді

 

Шетелдік қазақтарды айтайықшы. Қытайда қазір 500 мың қазақ түрмеде отыр деп Америка ақпарат құралдары хабарлағалы бір жылға таяды. Қытайдағы қазақ молдалары, өкіметтің өзі Ислам институтында оқытқан сол молдалардың 99 пайызы тұтқында отыр. Қазақстанға туыстарына келіп қайтқан қазақтың бәрі «екі беткей – қос жүрек» деп сотталып болды. Қазақстанға қоңырау шалса немесе Қазақстаннан «Вичат» деген әлеуметтік желі арқылы қоңырау қабылдаған қазақ саяси үйрену концлагерінде, түрмеде отыр. Ал Қытайдағы 3 миллион қазаққа жасап жатқан қорлығын, зорлығын айтып, таңды таңға жалғасаң да тау­сылмайды.

 

Міне, кеше Сайрагүл Сауытбайқызы Қазақстанға азаматтық алып кеткен күйеуі және екі баласымен қауышу үшін шекараны бұзып өтті. Қазір Талдықорғандағы түрмеде отыр. Сол Сайрагүл журналистерге сұхбат берді. Бір айда қытайдың үйіне түнеуге барлық қыз-келіншектерге міндеттелген. Сайрагүл өз аузымен айтып отыр, «Абай.кз» порталында жарияланды. Туыстасасыңдар деп қазақтың үйіне қытайдың еркегін кіргізіп, қытайдың үйіне қазақты кіргізіп қойған. Ал қазақтың еркегінің дені қазір түрмеде жатыр. Оны, міне, Сайрагүлдің сөзінің өзі-ақ дәлелдейді. Екеуі сол үйде бірге тұрып, бірге тамақ ішіп, бірге базарлап, азық-түлік алған суреттері әлеуметтік желілерде жүр. Қарашы, әйел затының көбі қазақ пен ұйғыр, еркек заты – қытай. Сонда әкелері қайда? Өткенде бір мақала жарияланды: «Шеше, менің әкем қайда?» – дейді. Ана еркектің өз әкесі емес екенін біледі.

 

Жарайды, Қытай қазақтарын асып жей ме, пісіріп жей ме, өзі біледі, біз біреудің ішкі ісіне араласпаймыз деп тағы да толерантты, жалпақшешей болып, бейшара болып, қол қусырып отырайық. Ал Қазақстандағы, тәуелсіз қазақ еліндегі өз қаракөз қыздарың топ-тобымен қытайға байға тиіп жатқанда мына ел болып, мемлекет болып бір оянатын кез келді ғой.

 

Біз тағы да телісі мен тентегін тыятын сондай бір жалпақшешей, сондай бір толерантты, ез бір халыққа айналып қалдық па, айналайындар? Алматыда, Астанада, Ақтөбеде, Атырауда, Ақтауда, Қызылордада талтаңдап жүрген қытай, соның бәрі сұқтанып, сенің қарындасыңа, сенің қызыңа қарап отыр. Сен бүгін біреуін тыймасаң ертең ол сенің қызыңа келуі мүмкін, ол кезде қызыңды жүкті етіп қылып қойып, мына сенің қызыңның ішінде менің балам жатыр дейді, сонда қайтесің? Сен бүгін ұл-қызыңды ұлтшылдыққа тәрбиелемесең, ертең бәрі кеш болады. Сондықтан, серпіл, қазақ!

 

Ұл-қызға шариғи және ұлттық тәрбие беру керек

 

Қазақты екі-ақ нәрсе құтқарады: біріншісі – шариғи білім, екіншісі – ұлтшылдық. Әрбір қазақ ұл-қызын қазақ десе жүрегін жұлып беретін ұлтшыл етіп тәрбиелесін! Әйтпесе қытайға құл боламыз. Ойлан, қазақ!

 

Біздегі өзін мұсылман сезінетін топтар халықты Исламнан жеріндіріп, жирендіріп болды. Бір-бірін жамандап, бір-бірін өсектеп, өсектің «халал» түрін шығарып алды. Біз сөйтіп жүріп қазақты Исламнан жеріндіріп жібердік. Оны доғарайық! Ашамайды қалай жуады дегенді – он жыл, байпаққа мәсіх тарта ма дегенді жиырма жыл даулап, жынды болып, мына халықты жеріндіріп қойған, анау – секта, мынау түріктің, мынау арабтың, мынау ата-бабамның сектасы  деп жынды болып, жақ-жақ болып жүргенше мына халыққа анау кәпір, мынау мұсылман дегенді осы бастан негізін білуді үйретіп алшы ең алдымен.

 

Мен ашығын айтамын. Айдаһар аузын ашып тұр. Мен Қытайды шексіз құдіретті деп халықты үрейлендірейін деп тұрған жоқпын. Мен бар болғаны халыққа сақтанайық деп тұрмын. «Ютубтан» тыңдаңыз: «Қытайдың жұмсақ күші», «Қытай қалай жаулайды?», «Қытай түрмесінің халі», «Сингапур синдромы және Қытай қаупі», тағы басқа лекциялар толып тұр. Мен тек бар болғаны қазақты төніп келе жатқан осы тасқыннан қалай құтқарамын деймін, қалай сақтаймын деймін. Менде басқа ой жоқ. Қытайды шексіз құдіретті көрсетіп, оны Құдайға теңеген мен емеспін. Бірақ сақтан, жем болма деп ескертіп отырмын. Қаупің неден болса, қатерің де содан. Сақтан, қазақ!

 

Орыс – үйреніскен жау, 300 жыл жаулағанда, қазақтың қыздары бытырлап орысқа тиіп, орыстан қатын алғанда біз орыстанған жоқпыз, орыс­тың дініне сенген жоқпыз. Сол орысың тәуелсіздік кезінде миллиондап өз жеріне кетті. Мына жерді демографиясымен жаулап тұра алған жоқ. Тіпті керек десең солтүстік облыстардың өзі қазір қазақтанып жатыр. Себебі олар аз еді.

 

Ал мына қарақытай –  милиардтаған халық, ол балалайды, барған жерінен қатын ала береді ол. Бір қытай келіп, бір қазақтың қызына үйленсе тоқтамайды ол, бір бала туып тоқтамайды, бір шаһарға сауда дүкенінің бір филиалын ашса, он шаһардан он қатын алып жүре береді.

 

Сондықтан, айналайын қазақ, оян! Басқа төнгелі тұрған қатерді білейікші! Әлеуметтік желілердегі анау жыртың-жыртың әнші-мәншілерге назар аударып, солардың байдан-бай ауыстырғанына жынды боп қарап отырмай, түрік пен кәрістің, үндінің жынды сериалдарына қарап уақытты өткізбей, бір уақ бала-шағаға назар аударып, соларға шариғи және ұлттық тәрбие берейікші!

 

Әй, айналайын діндарлар, дау-дамайды тоқтатып, енді халқымызды мына кәпірлерден қалай сақтау керегі туралы уағыз жүргізейікші! Айналайын саясаткерлер, бір-біріңді мүйіздемей, жастарға отаншылдық, ұлтшылдық туралы тәрбие берейікші! Қазақты құтқару әрбір қара жұмысшы қазақтан бастап билікте отырған ақ жағалы қазаққа дейін соның міндеті болсыншы! Әйтпегенде біз бүгін оянбасақ, біз бүгін қазақ үшін ұмтылмасақ, ертең біз оянғанда қытайдың құлы болып оянамыз.

 

Мен тек сақтандырушымын, ескерту­шімін, дабыл қағушымын. Сақтанайық!

 

Серікжан БІЛӘШҰЛЫ.

Серікжан Біләшұлының байланыс телефоны: 8-747-063-90-61.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ