Сары әулие қайда жүр, не істеп жүр?

05.06.2018
Қаралды: 774

Біреулер Марат Есенбаевтың еміне, емшілігіне сенеді. Ал енді біреулер күмәнмен қарайды. Бірақ бір нәрсе ақиқат: ол сонау 90-шы жылдары Сары әулие деген атпен танымал болды. Стадионға мыңдаған адам жинап, сеанс жүргізіп, әйгілі емшіге айналды. Ал таяуда ол халықаралық «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ «Теология ғылымының құрметті профессоры» деген ғылыми атақ алды. Осы ретте біз Марат Есенбаевпен сұхбаттастық.

 

– Марат мырза, марапатыңыз құтты болсын! Осы жөнінде айтып беріңізші, ол қайдан келді, кім берді?

 

– Құттықтағандарыңыз үшін рахмет, Алла Сіздерге разы болсын! Менің кеудеме тағылған соңғы орден Франция елінен арнайы келді. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы кеңесшісі, генерал-майор, академик Әбен Нұрманов мырзаның өзі табыстады. Дәл осы марапатпен қатар теология ғылымдарының профессоры атағын алдым.

 

Жалпы, мен атақ-марапаттан кенде емеспін. Бұған дейін ағылшын патшайымы Элизавета ханымның сый-құрметіне ие болғанмын. Түрлі халықаралық конференцияларда, дүниежүзілік конгрестерде де кеудеме ордендер тағылған. Медаль, грамоталар да баршылық. Бірақ олардың ешбірін текшелеп жинап жүрген жоқпын. Өйткені менің еңбегіме ешқандай баға жетпейді. Мен өз ісімді Алланың ризашылығы үшін істеймін. Халыққа пайдам тисе, ең үлкен марапат – сол.

 

– Жағдайыңыз қалай? Тұрмыс-тіршілігіңіз, күнкөрісіңіз дегендей... Қайда тұрып жатырсыз? Емшіліктен бөлек қандай да бір бизнесіңіз бар шығар?

 

– Мен шет елдерде көп боламын. Елге келгенде де бір орында тұрақтамаймын, өңірлерді аралайтын кезім көп. Себебі адамдар емге келіңіз деп шақырады. Алдын-ала жазылады. Ал былайша, өзім Алматыда тұрамын. Атырауда бір шаңырағым бар. Ол жаққа жылына екі-үш мәрте барып тұрамын.

 

Тұрмыс жағдайым жайлы сұрап отырсыз, айтайын. Осыдан 5-6 жыл бұрын Күләш есімді көмекшімнің ұлының басына іс түсті. Соған байланысты мен бүкіл дәулетімді сатып, ақшасын Күләштің ұлына ұстаттым. Осы себепті қазір баспанам жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз. Ешқандай кәсіп жоқ. Бары – осы.

 

– 2015-жылы өзіңізден бірнеше жас кіші қызға, Гүлиярға үйленіп едіңіз. Ол кісінің жағдайы қалай?

 

– Өмірлік серігім, зайыбым Гүлиярдың жағдайы өте жақсы. Сұлтана дейтін қызымыз бар. Бір жарым жаста. Аллаға шүкір, өміріміз бір қалыпты, тыныш. Бастысы, біз біргеміз.

 

– Ал өзге әйелдеріңіз ше? Олармен де араласып тұрасыз ба?

 

– Осы сұхбатты пайдалана отырып ерекше эксклюзивті мәлімдеме жасамақпын. Ол былай, осы уақытқа дейін жұрт мені көп әйелі бар азамат ретінде танып келді. Бірақ бұл шындығында олай емес. Яғни менің ел ойлағандай 3 әйелім жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір топ журналистер: «Сарыеке, Ислам дінінің мәртебесін көтеру үшін қоғамда көп әйел алған танымал тұлғалар, саясаткерлер жайлы жазайық деп едік. Бірақ олар әйелдерін жасырғысы келеді, жария болғанын қаламайды. Қорқады. Осы себепті ел алдында сізді көп әйелі бар азамат ретінде көрсетсек. Үлгілі отбасын құрған, бірнеше әйелмен тату-тәтті тұратын адам ре­тінде сізді көрсетейік», – деп өтініш айтты. Мен бірден келістім. «Ислам дінінің абыройы үшін, қоғам үшін» дегесін өзімнің имиджімді, тіпті осы уақытқа дейін жинаған абыройымды да ойламадым. Бірақ ол үшін еш өкінбеймін. Осы әңгіме тарағаны расында да сол кезде біздің қоғамға керек еді. Кейбір екі әйелі бар, бірақ оны паш етуге ұялатын әкімдерге, депутаттарға үлгі болды. Осыдан кейін оларда батылдық пайда болды.

 

Қысқаша айтар болсам, менің үш немесе төрт отбасым жоқ. Бірінші әйелім Қанағат Мағжанқызы қайтыс болған. Содан кейін мен үйленбедім. Тек араға бірнеше жыл салып барып Гүлиярды жолықтырдым. Ол – менің өмірлік серігім.

 

– Бірінші әйеліңізден туылған қыздарыңызбен қайбір жылы соттасып жүр едіңіз. Осы істің соңы қалай аяқталды? Олармен қазір қарым-қатынасыңыз қандай?

 

– Өкінішке қарай ол екі қыз анасына тартпады. Маған да ұқсаған жоқ. Оларды көше тәрбиеледі. Соның нәтижесі ғой, ақша үшін, пәтер үшін менімен соттасуға дейін барды. Бақытгүл Ислам жолын ұстанбады. Ашық-шашық жүрді, бар абыройын төкті. Оған ілескен Ажаргүл де қулыққа салып, әлі соттасып жүр. Күні бүгінге дейін ақша дәметіп... Жалпы, мен олар туралы сіздерге арызданып, шағымданып отырған жоқпын. Тек әңгіме барысында айтылған нәрсе ғой.

 

Қазір олармен мүлдем араласпаймын. Екеуі де Атырауда тұрып жатыр. Ешкімнен ұялмайды, қысылмайды. Жалаңаштанған, «пляжда» түскен суреттерін әлеуметтік желілерге салып тұрады. Осыдан-ақ олардың қандай екенін халық жақсы біліп отыр деген ойдамын. Маған олардың беттерінің жылтырағаны, әдемі болғаны керек емес еді. Маған олардың жүректеріндегі мейірім, әке-шешеге деген құрмет, ислами ізет қажет еді. Бірақ олар азғын ұрпақ болды. Әйтпесе менен не жамандық көрді? 17 жасқа дейін ханның қызындай өмір сүрді. Ерекше күтімде болды. Не ішем, не кием демеді. Ендеше, оны бір сөзбен рақымсыз, орысша айтқанда «неблагодарная» деу керек, болды.

 

– Енді емшілігіңізге қарай ойыссақ деймін. Баяғыда адамдар сіздің сеансыңызға қатысу үшін стадион­ға жиналушы еді? Қазір азайды ма, көбейді ме?

 

– Қазір емделушілердің саны бұрын­ғыдан көбеймесе, азайған емес. Жинар болсам бір стадионға сыймай қалуы мүмкін. Өйткені қазір аурудың түрі көбейді. Ішкі дерті мазалап жүрген жан көп. Соларға ем жүргіземін. Мен негізі өте күрделі дертпен ауыратын кісілерге жәрдемдесемін. Ол жағынан маған ешкім, дәрігер де, емші де бақталас бола алмайды. Өйткені кей науқасқа дәрігерлердің емі дарымай, емдеу қолдарынан келмей жатса, өздері-ақ: «Сары әулиені табыңыздар», – деп кеңес береді екен. Емшілер де солай, көп жағдайда адамдарды маған жібереді.

 

– Адамдар көбіне алдыңызға қандай мәселемен келеді?

 

– Букмекерлік кеңсе, казино дегендер ашылғалы бері адамдарда оларға деген тәуел­ділік пайда болды. Еркінен тыс қыруар қаржы салуды әдетке айналдырып, тіпті сол үшін барын беруге дайын тұратындар кездесуде. Әдетте мұндай жағдайға дәрігерлер көмектесе алмайды. Дәрменсіз. Ал біздер оны толық емдей аламыз. Сосын қанға сіңіп кеткен маскүнемдікке шипа дарытуға болады. Балалы бола алмай жүрген ерлі-зайыптылар келеді. Жолы ашылмай жүргендер де менің көмегіме жиі жүгінеді.

 

– Осы сіз неге Сары әулие атандыңыз?

 

– Атыраулықтар жақсы біледі, менің Сарымолда деген нағашы атам болған. Ол кісі әулие адам еді, Ислам діні жолында аянбай еңбек еткен. Алланың кереметімен адамдарды емдеген. Сол кісінің ұрпағы, жиені болғасын шығар, адамдардың өзі Сары әулие деп атап кетті. Былайша айт­қанда, «псевдоним» ғой. Ал бірақ мен өзімді елден ерекпін, әулиемін деп есептемеймін. Әлі күнге дейін бейтаныс біреулермен танысар болсам, «Марат қажы» деп атымды айтамын. Халықтың өзі танып, «Сары әулие» деп атап жүр. Яғни менің екінші атым қоғамда имиджім ретінде қалыптасып қалған. Қала, қалама, бәрібір айтылады. Тіпті өзге елдің адамдары да мені осы атпен таниды. Ал егер де  ғайыптан тайып Алла менен: «Кім болғың келеді? Еркіндік берейін, Пайғамбар боласың ба, әулие болғың келе ме?» – деп сұрар болса, ойланбастан: «Әлхамдулиллаһ, муслим – мұсылман болғым келеді» деп жауап берер едім.

 

– Әңгімеңізге рахмет, аман болыңыз, Марат мырза!

 

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ