1941-жылғы 22-маусымда өмірге келген азамат

15.06.2018
Қаралды: 216

«Уақыттан да құдіретті күш бар. Ол – адамдардың жасампаз еңбегі». Бұл – Дінмұхамед Қонаевтың қанатты сөздерінің бірі. Димекеңнің осы сөздері тура менің Бақыт Бексұлтанов ағама арналып айтылғандай. Үнемі халық үшін шыр-пыры шыға жанталасып, үлкенді-кішілі жиналыстарда ел мұңын батыл қозғап жүретін ол кісіні мен, әрине, онша жақсы тани бермейтінім де рас. Әйтсе де Бәкеңнен бұрын ол жайлы жақсы пікір, оңды лебіздер білдірген жандар аз болған жоқ.

 

Әкесі немістің де, «сәбеттің» де тұтқынында болған екен

 

Бақыт Әбубәкірұлы 1941-жылы Түлкібас ауданындағы Жиынбай ауылында (бұрынғы Дмитров) дүниеге келген. Осы ауылдағы жетіжылдық мектептен соң 1958-жылы Састөбедегі Макаренко атындағы орта мектепті үздік тәмамдаған. 1961-жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің химия-биология факультетіне оқуға түсіп, оны 1966-жылы аяқтаған.

 

Ол өзінің еңбек жолын 1966-жылы Келтемашат ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы №17 мектепте ұстаздық етуден бастаған. Осы мектепте отыз жыл талмай еңбек етті, өзіне берілген жұмыстарды тиянақты орындайтындығымен көзге түсті. Бос уақытта шығармашылықпен де айналыса білді, аудандық, облыстық басылымдарда оның проблемалық мақалалары, өлеңдері жарық көріп тұрды.

 

Ауыл ақсақалдары Бәкеңнің іскерлігіне сүйсініп, өнеріне таңырқап, өз перзенттеріне тәрбие беруде, ағайын-бауырға көмекке келгенде одан мейірбан жан жоқтығын мақтанышпен айтады. Осындай жеңістері нәтижесінде ағамыз «Еңбек ардагері» медалімен және бірнеше мәрте Мақтау қағаздарымен марапатталған. Қазіргі таңда ол кісі құрметті демалыста, зейнеткер, Құдай қосқан  қосағы Зәбира жеңгеймен бірге 3 ұл, 4 қыз өсіріп, 13 немере сүйіп отырған жағдайы бар.

 

Қашанда жақсы адамның аты өшпейді емес пе? Қайырымдылығымен, адамгершілігімен аты шыққан Әбубәкір ақсақалдың өнегелі өмір жолын көнекөз қариялардың әлі де тамсана айтуы, әрине, тегін емес. Жалпы, есімі бүкіл аудан, облысқа әйгілі әкесі туралы оның ұлы не айтар екен? Бақыт ағамыз асқар таудай әкесі жайлы қойған сауалымызға төмендегіше жауап қайтарды.

 

«Әкем Әбубәкір 1916-жылы 5-ші мамыр күні Жетіүңгір қыстағында дүниеге келген екен. Шешесінен жас­тай жетім қалып, өгей анасының қолында тәрбиеленіпті. Бабамыз Бексұлтан 40 жасында қайтыс болыпты, малы көп, тұрмысы бақуат әкемізді байдың ұлы деп сол кезде шолақ белсенділер қудалап, дүние-мүлкін тәркілеген.

 

Содан ол Әжібек атасының арқасында өзі қатарлы Шілдебай Момындықов деген баламен бірге «детдом­ға» орналасады. Сол жердегі мектептен сауатын ашады. Сабақты жақсы оқыған әкем Тараз қаласындағы пед­училищеге түседі. Оны бітірген соң Жуалы ауданы, Амансай елді мекеніндегі мектепке директор болып жұмысқа кіреді. Мұнда ол анамыз Несібелімен танысып, отау құрады.

 

1941-жылы әкеміз армия қатарына алынғанда мен анамның құрсағында қалған екенмін. Хат жазғанда әкем ұл ту­са атын – Бақыт, қыз туса –Бал­ғын қоямыз деп айтады екен. Сонымен, дәл соғыс басталған күні – 1941-жылы 22- маусымда мен дүние­ге келіппін.

 

Әкем майданда еріксіз тұтқынға түсіпті. Талай қиындықтарды бастан кешіреді. Еті тірілігінің, ширақтығының, ең бастысы – сауаттылығының арқасында тұтқында жүрсе де талай игі істерді атқарады. Өлім жазасына кесілген талай жандарды қорғап қалған екен.

 

Соғыстан кейін әкемізді неміс тұтқынында болғаны үшін опасыз деп кінәлап, 25 жылға  соттаған. Ол соттың қатал кесімін Ресейдің Кемер облысында өтейді. Одан Примор өлкесіндегі Артем қаласында жалғастырады. Өзі қатал режимде жүрсе де азын-аулақ ақшасын бізге, елге жіберіп тұрыпты.

 

Тағдыр тәлкегімен әке тәрбиесін көрмеген мен нағашыларымның қолында, нағашы апам Зиякүл мен Ұмсынды және өз анам Несібеліні еміп өстім. Тынықбай, Таубай дейтін нағашы аталарымның тәрбиесін көрдім. Әкеммен бірге туылған әпкем Пернекүл де кезінде көп қиыншылық көрген кісі. Інісінің жазықсыз сотталғанына жаны қатты ауырып жүрді.

 

Әкемнің нағашылары – Кеңес Одағының Батыры, қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы, Социалистік Еңбек Ері Мәнтай Жәрімбетов болғанын мақтан тұтамын. Асылдың сынығындай бұл кісілердің ұрпақтарымен әлі кездесіп тұрамын.

 

Әкеміз түрмеден шыққан соң әкесінің інісі Қожамберді атамыз қысыр бие сауып, жүдеп келген оны емдеген екен. Қантай шешеміз де әкемізге қолдан келген бар жақсылығын аямайды. Осылайша денсаулығын біршама түзеп, адам қатарына қосылған әкеміз өзінің ұстаздық жолын одан әрі жал­ғастырады. 55 жыл мұғалім болған әкем Оңтүстік өлкеге сыйлы, ұлағатты ұстаз бола білді. Кейінірек толық ақталып, мемлекет ақы төлемек бол­ғанда әкеміз оның бір тиынын да алмаған екен.

 

Адал еңбек еткен әкем Әбубәкір 1991-жылы өзі өмірге келген күні – 5-мамырда дүниеден өтті. Артында 9 ұл, 1 қыз бала қалды. Қанша қиыншылық көрсек те табиғат берген төзімділік пен сабырдың арқасында бәрін жеңіп келеміз.

 

Өзі де талай шәкірт тәрбиелепті

 

Өз басым өткен өміріме ризамын. Жоғары оқу орнында ашқұрсақ болып жүрсем де қазақтың біртуар ұлдары – академик Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ыдырыс Ноғайбаев, Мүлік Сүртібаев, Шәмші Қалдаяқовтармен кездесіп, дәм-тұз тат­қанымды әрқашан да мақтан тұтамын.

 

Бүгінде өткен өміріме қарасам, талай асуларды бағындырған екенмін. 30 жылдай еткен еңбегім нәтижесіз қалмапты. Көңіліме сондай жақын, қасиетті қара шаңырақ – Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептен талай шәкірттерім қанаттанып ұшып шығыпты. Олардың арасында Есенкелді Керімбеков, Спандияр Ақаев ғылым докторлары болса, Ғаппар Маймақов, Мұхтар Қазбеков – ғылым кандидаттары, Әнуар Маймақов – бас дәрігер, Дархан Мыңбай – облыс әкімінің орынбасары, Түлкібас ауданының әкімі, министр, Мәжіліс депутаты болса, Ахметжан Бердіқұлов – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Мәртөбе» газетінің редакторы. Бұлардың бәрі менің кешегі шә­кірттерім, бүгінгі заманның көшбасшылары.

 

Мамандығы мейірбике, 25 жыл Келтемашат ауруханасында қызмет еткен жұбайым Зәбирамен өмір арнасында бірге келеміз. Өзім көбінесе ел арасында, қарапайым адамдардың ортасында жүргенді ұнатамын. Бойдағы өнердің арқасында түрлі бай­қауларға да қатысып тұрамын. Атап айтар болсам, «Ауылдың алты ауызы» фестивалінің лауреаты, «Білім беру ісінің үздігі», «Төле би Әлібекұлына – 350 жыл» мерекелік медальдарының иегерімін. «Өмір өткелдері» және «Масат жырлары» кітаптарының авторымын. ҚР Білім беру ісінің үздігімін».

 

Міне, Бақыт Бексұлтанов ағамыз осылай дейді. Әбубәкір Бексұлтан­ұлындай ардақты азаматтың ізін жалғаған ол кісінің өмір жолы да көпке өнеге. Біз осындай жандармен мақтанамыз, олардан үлгі аламыз.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ