Венера Назарбаева тұрмыс құрды

30.06.2018
Қаралды: 489

Сенат депутаты, Парламенттегі халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет төрайымы Дариға Назарбаеваның қызы Венера тұрмысқа шықты. Ол Дален Шайжү­нісовпен шаңырақ көтерді.

 

Киркоров келді

 

Әлеуметтік желіде жариялан­ған деректерге қарағанда, жас жұбайлардың тойы Алматыдағы 5 жұлдызды «Ритц-Карлтон» мейрамханасының залында өткен.

 

Бұл тойға Венераның нағашы атасы – Елбасы Н.Назарбаев пен нағашы әжесі Сара Алпысқызы, ағасы Айсұлтан Назарбаевтың қайын атасы, миллионер Қайрат Боранбаев, бокстың бірнеше тұжырымдамасы бойынша Әлем чемпионы Геннадий Головкин, елімізге гастрольдік сапармен келген Ресей эстрада жұлдызы Филип Киркоров, әйгілі әншіміз Қайрат Нұртас, ресейлік «Голос»  жобасының қатысушысы Илья Юдичев және тағы басқа да құрметті қонақтар қатысқан.

 

Жас жұбайлардың некелесу рәсімі ашық аспан астындағы табиғат аясында дайындалған алаңқайда өткізілген. Қалыңдық барлық іс-шараларға ұлттық дәстүріміз бойынша киініп шығыпты.

 

Жас жұбайлар Дубайда оқиды

 

Президент Н.Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның үш баланың анасы екені белгілі. Үлкені Нұрәли 1985-жылғы, бүгінде белгілі банкир. «Форбс» журналының жариялаған тізімінде оның есімі Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі ретінде аталады. Ол – қазіргі Орталық сайлау комиссия­сының төрағасы Берік Имашевтің күйеу баласы, оның қызы Аидаға үйленген.

 

Ал Д.Назарбаеваның ортаншысы – Айсұлтан 1990-жылғы, Австрияда, Америкада білім алған, Ұлыбританиядағы Сандхерст әскери академиясын бітірген. Ол белгілі миллионер Қайрат Боранбаевтың қызы Әлимамен отбасын құрған. Кей деректерге қарағанда, бүгінде Айсұлтан елі­міздің сыртқы барлау қызметінде істейді.

 

Венера – Д.Назарбаеваның кенжесі, 2000-жылы мамыр айында өмірге келген. Ол Дубай университетінде қоғамдық коммуникациялар және өнер саласы бойынша білім алуда, биыл 1-курсты бітірді. Венера анасы Дариғаның жиі өткізетін қайырымдылық іс-шараларына қатысып тұрады. Ретро-фестивальдерде түрлі әндер орындап көзге түскен, Қазақстан, Ресей және Германия бірігіп шығарған «Байқоңыр» фильмінде роль сомдаған.

 

Венераның өмірлік серігі бол­ған Дален Шайжүнісов те қазір Дубайда оқиды. Ол Алматыда туып-өскен, Қазақ Ұлттық универ­ситетін заңгер мамандығы бо­йынша сырттай оқып бітірген. Қазір жасы 22-де. Оның өзінен кіші үш қарындасы бар.

 

Атасы кім еді?

 

Назарбаевтар әулетінің жаңа құдаларының түбі Шығыс Қазақстаннан. Дален Шайжүнісовтің атасы Жақия КСРО-ның, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, Социалистік Еңбек Ері болған, ол кісіні жұртшылық аса құрметтеп, «Қазақтың Макаренкосы» деп атаған екен.

 

Ж.Шайжүнісовтің әйелі Александра орыс ұлтынан болған, олар отбасында 4 ұл, 4 қыз өсіріпті. Осы балалардың бірі – Сержан кезінде «Қазақ кабель» ЖШС-нің бас директоры, депутат, Семей қаласының әкімі болған, Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық табиғатты қорғау басқармасының бас­тығы қызметін атқарған. Оның ұлы Аллен кезінде «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында – басқарушы директор, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде – басқарма төрағасының орынбасары, «Дубай ЭКСПО-2020» халықаралық көрмесіндегі Қазақстан секторының бас комиссары болған.

 

Жалпы, Шайжүнісовтер әуле­тінен шыққан белгілі адамдар баршылық. Мысалы, Маркен және Тоқан Шайжүнісовтер де лауазымды қызметтер атқарған. Осы Маркен Шайжүнінсовтің бір ақпарат құралына берген сұхбатында аталған тойға 200-дей адам қатыс­қаны туралы айтылыпты.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ