Марсельден Шәуілдірге велосипедпен жетіпті

30.06.2018
Қаралды: 289

Жуырда Шәуілдірдегі «Жібек жолы» даңғылы бойымен шайтан арбаға мінгесіп кетіп бара жат­қан туристерді көзім шалды. Кімдер екенін білмек болып сұрас­тырғанымда олар Марсель қаласынан келген ерлі-зайыпты франциялықтар екен.  Аздап орыс тілін білетін саяхатшылармен әңгіме­лесудің сәті түсті.

 

Өзін Леонард Малбекимін деп таныстырған ол өзінің жары Полина Думас екеуі бүкіл Еуропа мен Азияны шайтан арбамен аралап шықпақ ниетте екенін жеткізді. Олар Марсель қаласынан шығып, Германияның Берлин қаласына соғып, сол қаладағы  дүкендердің бірінен шайтан арба сатып алыпты. Берлиннен шығып, Швеция астанасы арқылы Ресейдің Санкт-Петербургіне саяхаттап, сонан соң  еліміздің бас қаласы Астананы аралап шығыпты.

 

Өздерінің жоспары бойынша Қарағанды, Балқаш, Шу, Тараз және Шымкент қалаларын артқа тастап, Шәуілдірге жеткен беті осы екен. Ендігі бағыттары – «Арыстанбабқа» соғып, ауданымыздағы тарихи орындарды аралап болған соң Түркістан арқылы  қайтадан Шымкентке бармақ. Сосын Өзбекстанның Самарқан, Ташкент,  одан әрі Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында сапарларын аяқтап, Бішкектен ұшақпен тікелей Марсель қаласына аттанбақ көрінеді.

 

Жақында ғана үйленген жас жұбайлар өздерінің «бал айын» осылайша әлемнің бірнеше мемлекеттеріне саяхаттау арқылы өткізбек ниетте. Леонард Марсель қаласындағы емханада дәрігер-терапевт,  ал Полина физиотерапевт болып қызмет атқарады екен.

 

Біз француздық туристермен аудан орталығындағы «Керемет» демалыс кешенінің жанындағы «Эйфель» мұнарасы мен «Шал­қыған Шәуілдір» монументтерінің жанында естелік суретке түстік. Жер шарын шарлап жүріп біздің ауданнан осындай көз тартар нысандарды көріп таңданысын жасыра алмаған француздар киелі өңіріміздің қарқынды дамуына тілектестік ниеттерін білдіріп жатты. Ал біз оларға қазақтың қонақжайлылығын көрсетіп, ақ дастархан жайып, сапарларына сәттілік тілеп шығарып салдық.

 

Төпен ӘМІРБЕК.

Отырар ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ