Жасы 50-ден асқандардың жанын жадырататын жаңалық

29.05.2018
Қаралды: 115

Бізге әлеуметтік желі арқылы өзгеше бір жазба келді. Ол ресейлік «Бесінші өлшем» арнасынан алынған екен. Бұл жазбаны қызыға оқыдық. Сосын оны газетімізде ықшамдап жариялауды ұйғардық. Бұл жөнінде көпшіліктің, әсіресе бүгінде жасы 50-ден асқан адамдардың біле жүргені жөн-ау деп отырмыз. Ал онда мынадай жай жөнінде айтылады:

 

Қарттық кезең 20 – 25 жылға кешігіп басталады

 

Қазіргі жасы ұлғайған адамдарға қарап олардың өмірі ұзарған деп ұғатынымыз бар. Бірақ тіпті де олай емес, шындығында қазір қарттық кезең бұрынғы замандардағыдан әлдеқайда кешігіп басталуда.

 

Бүгінгі 40, 50, 55 жастағылар үшін қарттық кезең бұрынғы, ата-аналарының кезіндегідей емес, 75 – 80 жасында, яғни 20 – 25 жыл кешігіп басталады.

 

Осыған дейін адамзат өмірінде тек негізгі үш кезең – жастық, есейіп-жетілу және қартаю кезеңдері белгілі болып келді. Ал енді бұдан былай есейіп-жетілу кезеңі 50 жаста орын алады және ол бұрынғыдан өзгеше сипатта болады. Ол 30 жылға дейін ұзарады және 75 жасқа дейін созылады. Адамдардың физикалық және ақыл-ой мүмкіндіктері, егер дұрыс пайдалана білсе, бұрынғы кездердегідей біртіндеп төмендемейді, керісінше, сол деңгейде қалады, тіпті  кей жағдайда ол жас кездегіден де жақсырақ, арты­ғырақ болады.

 

Бұл – адам өмірінің ең керемет, ең сапалы кезеңі. Өйткені онда денсаулық, күш-қуат және өмірлік тәжірибе бар.

 

Кейінгі жылдардағы барлық статис­тикалық деректерге қарағанда, адам өміріндегі ең бақытты кезең, оның шыңы енді 65 жаста басталады. Қазіргі 55 – 65 жас аралығындағылар бұл кезеңді адамзат тарихында тұңғыш рет бастан өткеретін болады. Бұрын адамдар ертерек қартайғандықтан бұндай жағдай қазірге дейін тіпті де болмаған. Таяудағы бірнеше онжылдықтарда жер бетіндегі адамдардың ең көбі 55 – 75 жас аралығындағылар болмақ.

 

Өкінбестей пайдаланып қалыңыз

 

50 жастан кейінгі өмір бұрынғы осы кезеңдегі өмірден несімен ерек­шеленеді?

 

Ерекшелігі сол, 50 жастан кейін қалай өмір сүруді бізге ешкім үйреткен жоқ. Сәби кезде бізді балалық кезеңге, балалықтан – бозбала-бойжеткен шаққа, одан жастық шаққа дайындайды. Ал жастық шақта біз ондаған сағаттар бойы өзімізді сынағы көп есею кезеңіне дайындаймыз. Сосын ары қарай қалай, немен, не үшін өмір сүретініміз туралы нақты елестете алмаған күйі 50 жастан өтеміз.

 

Бұған таңқалатын ештеңе де жоқ. Себебі біздің ата-аналарымыз үшін 50 жас ресми түрде қарттықтың басы есептеліп, одан әрі өмір аяқталуға бет алады деп қабылданған болса, бізге ондай мағлұматты кім береді?

 

Біз ғұмырымыздағы өзіміз бұл­жытпай орындайтын өмірлік бағдарламаның шын мәнінде өзімізге алдыңғы ұрпақтан беріліп-сіңіріл­гендігін сирек сезінеміз. Біздің сана-сезімімізді балалық шақта, жас кезімізде нақ солар түсірген фильмдер, солар жазған кітаптар, солар жасаған білім жүйесі қалыптастырды. Алайда оларда түптеп келгенде 50 жастан кейін өмір болған жоқ, сол себепті 50 жас­тан кейінгі өмір туралы қиял-елестері де болмады. Сондықтан да олардан бізге бұған қатысты мирасқа қалған нақты бағдарлама жоқ.

 

Қысқасы, қазіргі 50 – 55 жас шамасындағылар үшін қарттық кезең 80 жастың төңірегінде басталады. Бұл өте жағымды, әрине. Бізге белсенді, оқиғаға толы, қызықты 25 жылды алды да, сыйлыққа тарту ете салды! Бірақ қиыны – бұл «сыйлықты»  қалай пайдалану керектігін бізге ешкім де үйреткен жоқ, сондықтан 50 жастан асқасын қарттықты іштей мойындау арқылы біз өміріміздегі осы кереметтей 25 – 30 жылдан айырылып қалу қаупіне ұрынамыз. Ал шындығында 50 жастан кейін еркін уақыт, денсау­лық, күш-қуат, әлеуметтік міндетте­мелерден азаттық, тәжірибе бар, кереметтей кезең келеді. Қазіргі өлшем-түсініктегі қарттық кезеңге дейін әлі ширек ғасыр бар. Кейін өкініп қалмас үшін осы кезеңді жоғалтып алмауыңыз керек.

 

Егер қазір жасыңыз 50-ден асқан болса, сіз үшін әлі де мүмкіндіктер көп: жаңа әуестенушіліктер, жаңа қуаныштар, жаңа әсерлер, жаңа мансап, жаңа махаббат, жаңа сапарлар. Ал олардан алатын әсер қолдан көп нәрсе келе бермейтін балғын кезең­дегіден, міндеттемелерден көз ашпайтын есейген кезеңдегіден әлдеқайда жоғары, күшті болмақ.

 

...Міне, осындай да пікір бар. Анығын бір Құдай білер. Дегенмен бұл жасы 50-дің төңірегіндегілерді бір серпілтіп тастар деген ойдамыз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ