Анасына, сіңлісіне кредитке телефон әперіпті

28.05.2018
Қаралды: 325

Өзіңіз өтей алмайтын ақшаны қарызға алмаңыз. Нәпсіні қанағаттандыратын дүние үшін қарызға ақша алмаңыз. Сізге қарыз берген адам сол қаражатты алдын ала белгілі бір нәрсеге жұмсаймын деген мақсат қойды. Демек, сізге берілген ақшаның өз миссиясы бар. Ол бәрібір соған жұмсалуы тиіс. Өйткені сондай ой кеңістікке жіберіліп қойды. Сіз қарызды қайтармаған жағдайда сізге қол ұшын берген адам­ға бұдан да көп нәсіп бұйырады.  Ал сіздікі керісінше, азая береді. Қарызданған үстіне қарыздана бересіз. Сондықтан қанша сома болмасын: «Мен бұл қарызды өтеуге ниет еттім», – деңіз де, ақшаны жинай беріңіз.

 

Бірақ күнде таңертең тұрып алып: «Құдайым-ай, қарызды қалай қайтарамын?» – деп тағдырыңызға босқа налымай: «Бұл маған сөз емес, бәрі реттеледі. Аллам өзі реттейді. Құдай қуат береді, мен бұл мәселені шешемін», – деп қайталай беріңіз. (Бұл сөзді барлық проблемаға қатысты айтуға болады). Сонда ми басқаша жұмыс істей бастайды. Құрбандық, өзіңді аяушылық ролінен өз өміріңе жауапкершілік алу деңгейіне ауысасың.

 

Қазаққа төнген тағы бір кесапат – кредит. Қазір тойға да, қойға да кредит ала беретін адамдар көбейген. Сосын оны сағызша созып, бала-шағасының, өзінің аузынан жырып төлей алмай жүреді. Тіпті қызын ұзатарда жасауына, көрпе-төсегіне кредит алып қиналып жүрген қазақтар бар. Біреуден асып түсейін деп той жасау үшін кредит алған талай кісіні білемін. Кредит үстіне кредит алып, жанұшырып жүрген қазақтар бар. Үйдегі жиһазды да кредитке алып, тұншығып жүрген қазақтар. Ең сорақысы, қымбат телефонды кредитке алып, елдің көзіне керемет боп көрінгісі келетін қазақтар көп.

 

Өткенде маған бір хат келді. Өзі үйде отыратын келіншек екен. Анасына, сіңлісіне кредитке телефон әперіпті. Қиналып кеттім деп отыр. Бұлай қиналып алған дүниенің қандай қайыры болуы мүмкін?

 

Тағы бір бойжеткен жазды, жүретін жігітіне кредит әперіпті. Ол еркек үш айын төлепті де, қалғанын қыздың мойнына іліп, өзге біреумен әуейі болып кеткен.

 

Айналайын қыздар, жігіт үшін мұндай құрбандыққа барудың қажеті жоқ! Ол сенің күйеуің емес, бар болғаны – бөтен жігіт. Ол әлі сенің өмірің үшін жауапкершілік алған жоқ. Ендеше, неге оның алдына жайылып жастық, иіліп төсек болуың керек? Және осы бастан қыз баласын кредитке тығып қойған жігіттен не қайыр күтуге болады? Бұл азаматтыққа жата ма?

 

Өз өміріңе жауапкершілік алып үйрен! Жаңа үлгідегі телефон үшін кредит алуға болмайды. Айлығың жетпесе, оны көбейтудің қамын ойлаған дұрыс. Ал алда-жалда бір қажеттілік үшін кредит алдыңыз ба, онда қабақ шытпай, разылықпен төлеңіз. Мен бұл ақшаға өзіме қажетті дүниені алдым ғой деп миды жұбатыңыз. Таңдау өз еркіңізде, жаңа «Айфон» үшін жүйкенің жұқарғаны керек пе, әлде жүректің тыныштығы маңызды ма? Меніңше, жүректің тыныштығына тең келер дүние жоқ. Сондықтан кредит, қарыз аларда әбден ойланыңыз.

 

(Жанар БАЙСЕМІЗОВАНЫҢ парақшасынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ