Шөл қандырудың да өз «құпиясы» бар

30.05.2018
Қаралды: 392

Жаздың аптап ыстығында қанша су ішкенімен шөл қанбайтын кездер болады. Әсіресе күн астында, көшеде жүрген кезде суды көп керек етеміз. Ал шөлді дұрыс қандыру үшін қандай сусын алған жөн? Және оны қалай ішу керек?

 

Суды асықпай, аздап, жұтып ішу керек. Қағып салып көп ішу арқылы тер бөлінуін күшейтуіңіз мүмкін. Одан кейін тез шөлдейтін боласыз.

 

Салқын сусын ішпеңіз. Ол, біріншіден, тұмауға ұшыратса, екіншіден, ағзаға жай сіңеді.

 

Күніне 2,5 – 3 литрден артық су ішпеңіз. Ағзада судың көп болуы жүрек соғысын жиілетіп, қан қысымын көтереді. Сондай-ақ ентікпе мен ісіктерге жол беруі мүмкін.  

 

Жаздыгүні шөл қандырудың ең жақсы амалы – газсыз су ішу. Ол ағзадағы жоғалған сұйықтықтың орнын толтырады және құрамында ешқандай калория болмайды.

 

Газдалмаған суды сатып алғанда оның категориясына мән беріңіз. Ол сусынның этикетінде көрсетіледі. Жоғары категориялы су алған жақсы. Оның құрамында адамға аса қажетті микро­элементтердің бәрі бар және санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормативтерге сай болады.

 

Ыстық күнде көк шай да шөлді жақсы қандырады. Сондай-ақ ол қызуды  жақсы реттейді. Көк шайдың құрамындағы таниндер ағзаны суытады, шөлді қандырады және ағзадан термен бірге шыққан микроэлементтердің орнын толтырады. Сондай-ақ көк шай күннің ыстығында қиындықпен жұмыс істейтін тамырларды нығайтады. Бірақ оны кәдімгі судан үш есе аз ішу керек.

 

Жаңа піскен немесе кептірілген жемістерден әзірленген морс пен компот та шөлді жақсы қандырады. Бірақ оның құрамында қанттың өте аз болғаны жақсы. Сонда ол жоғалған су мен минералды заттардың орнын толтырады. Ал тәтті компот қатты шөлдетіп жіберуі мүмкін.

 

Табиғи жолмен ашытылған квас та шөлді жақсы қандырады, асты жақсы сіңіреді және құрамында пайдалы амин қышқылдары бар. Оның ашытқысының құрамында дән, қант пен су ғана болады. Ал құрамында консервант­тар, ароматизаторлар, тәттілендіргіштер, бояғыштар, сүт қышқылы, лимон және сірке қышқылдары бар квас сусынын алмай-ақ қоюыңызға болады. Ол дисбактериозға ұшыратуы мүмкін.

 

Емдік минералды суды күн ыстықта тек дәрігердің тағайындауымен ғана ішу керек. Олай болмағанда минералды су бүйректе тас түзілуіне соқтыруы, буындарға кері әсерін тигізуі мүмкін.

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ