Ақын апа – Мәрияш

30.05.2018
Қаралды: 57

Ел ішінде түрлі адамдар бар, әңгімелесе қалсаң, өмірі өз алдына бір тарих секілді баурап алады, ойға салады. Бізге таяуда Сарыағаш қаласында тұратын осындай жандардың бірі – Мәрияш Абдуллаева апамен сұхбаттас болудың сәті түсіп еді. Бүгінде жасы 80-ге таяп отыр­ған Мәрияш апаның өмірде көргені көп екен, ол кісі көңілге түйгендерінің бәрін өлеңге түсіре беріпті.

 

«Өмір – өзен» деп аталатын екі өлеңдер жинағын шығардым. Ал өлеңге деген құмарлығым мен бейімім бала кезден бар. Өзімді толғандырған жайларды жазатынмын, солардың ішінде іріктелгендерін кітапқа бастырдым. Кейінгіге үлгі-өнеге, естелік болсын деген ниет қой», – дейді Мәрияш апа.

 

Біз ол кісінің «Өмір – өзен» жинағына енген өлеңдерін оқып көрдік. Адам мінездері мен қарым-қатынасын сипаттайтын, тіршілік кезеңдерін, жақын-жуық адамдар тағдырын қамтитын, құрбы-дос, ұрпақтарға арналған өлең, балладаларының жазылу мәнері, мазмұны, ұйқастары жұп-жұмыр екен, өмірден алынған туындыларын оқи отырып, апаның өзі туралы біраз мағлұматтар алдық.

 

Мәрияш апа – Ұлы Отан соғысынан оралмаған жауынгердің соңында қалған жалғызы екен. Әкесі Ғаппар 1941-жылы майданға аттанып, содан хабар-ошарсыз кетіпті. Жастай жесір қалған анасы кейін екінші мәрте тұрмыс құрған, ал Мәрияш «Красный Восток» колхозында (қазіргі Кеңес Одағының Батыры Жолдас Сүлейменов атындағы ауыл), әжесінің қолында тәрбиеленіп өсіпті. Мек­тепті, Шымкент педагогика институтының физика-математика факультетін үздік бітірген. Сосын «Күйік» совхозындағы Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиев атындағы мектепте 39 жыл ұстаздық еткен. Дәуіт Жүсіпов деген азаматпен шаңырақ құрып, өмірге 3 ұл, 3 қыз әкелген. Балаларының бәрі жоғары білімді, түрлі қызметтерде істейді, апаның олардан көрген немере-шөберелері бар.

 

...Ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған ұстаз Мәрияш Ғаппарқызының қысқаша өмір жолы осындай екен. Біз кейінгіге айтары көп мұндай жандардың көзден таса қалмай, жастарды патриоттық рухқа тәрбиелейтін іс-шаралардың ортасынан әрқашанда көрініп жүргенін қалаймыз. Ал жасы 80-ді алқымдап тұр демесеңіз, Мәрияш апа әлі де тың, ол кісімен болған әңгіменің өзі бізді бір серпілтіп тастады. Сондықтан Мәрияш апаның қоғамға берері алдағы уақытта да аз болмайды деген ойдамыз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ