Мазаратты пайда көзіне айналдырып алыпты

28.05.2018
Қаралды: 305

Бішкектегі мазаратты біреулер пайда көзіне айналдырып алған көрінеді. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосында айтылды.

 

 

Бішкектегі ең үлкен мазаратқа барып, бейнежазба түсірген журналистер ондағы жұмысшылармен, мекеме директорымен және тағы бірнеше адаммен тілдесіпті. Сол кезде мазарат ішінде алдын-ала сатылып, қоршалып қойылған бос орындар бар екеніне көз жеткізген. Яғни қабір ақысын ертерек төлеп, тіпті бірнеше орынды иемденіп қоятындар да болатын көрінеді. Оған орнатылған құлпытасқа адамның туған жылы мен айы, күні алдын-ала жазылып қояды екен.

 

«Тауға жақын аумақтан алса, ақысы 20 мың сом (290 доллар), жолға жақын болса, 100 мың сомға дейін (730 – 1400 доллар) төленеді», – дейді ондағы тірліктен хабары бар бір азамат.

 

Бұл зиратқа марқұм жерленетін аумақ бағасы ресми түрде 7500 сом (110 доллар) деп көрсетілген екен. Осында мазараттың күтіміне жауапты мекеменің бұрынғы директорына да сөз берілген. «Мұсылманға – 15 мыңнан 40 мың сомға (200 – 600 доллар) дейін, христианға 30 мың сомнан 60 мың сомға (400 – 800 доллар) дейін алады. Ал кәрістер мен сығандар­ға 3 мыңнан 5 мың долларға дейін дегенді естігенде есімнен танып қала жаздадым», – дейді ол.

 

...Жалпы, бұл мәселеден жұрт құлағдар болып, ол елдің Парла­ментінде де қаралған көрінеді, қазір арнайы тексеру жұмыстары жүріп жатыр екен.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ