Шымкентке ұзақ жасайтын мүйізді қарға келе жатыр

29.05.2018
Қаралды: 575

Жуырда Алматы хайуанаттар бағы шымкенттік әріптестеріне абисси­ния­лық мүйізді қарғаны сыйға тартыпты. Бұл жаңалықты Шымкент зообағының «Фейсбуктегі» парақшасынан білгесін ұзақ жыл өмір сүретін ерекше қарғаны көргіміз келіп сонда бар­ған едік. Біз онда мекеменің нұсқаушы қызметкері Бақыт Оразбаевамен жолықтық.

 

«Мүйізді қарғаны сыйға тартқаны рас, бірақ ол бізге әлі әкелінген жоқ, – дейді Б.Оразбаева. – Құс немесе басқа  экзотикалық жануардың қай-қайсысы болса да алдымен арнайы тексеруден өтіп, біздің климатқа үйретілуі керек. Хайуанаттар бағы қызметкерлерінің міндеті жануарларды аман-есен өсіріп, санын көбейту болып табылатындықтан осындағы тіршілік иелерін баламыздай әлпештеп қараймыз.

 

Жалпы, біздің зообаққа демеушілер есебінен аң-құстар жиі тарту етіледі. Бүгінгі таңда 249 түрлі 2478 бас жан-жануар мекендейтін меке­мемізде төлдеу науқаны аяқталды деуге болады. Сонымен қатар, бағымыздың қақ ортасынан түрлі жыртқыштар мен жан-жануарлардың ескерткіші қойылған субұрқақ ашылды. Алда қала тұрғындарын тосын сый күтіп тұрғандығын да айтқым келеді.

 

Келуші балалардың ең көп тамашалайтыны – сусиыр, тауыс және дала қыраны, балықтар мен жыртқыш аңдар. Сонан соң қояндар мен олардың көжектері.

 

Биылғы жылдың сәуір айынан бастап зообаққа кіру құны қымбаттағанымен бұл келушілердің көңілін түсірмеді. Қайта, керісінше, мұнда келушілердің саны көбеюде. Мысалы, биылғы жылдың 5 айында  60 мыңнан астам адам келді.  Бұл төмен көрсеткіш емес».

 

Бізге Бақыт апай осындай әңгімелер айтып берді. Біз  жануарлар бағын аралап, басқа да жаңалықтармен таныстық.

 

...Ал кешегі аптада Астана қаласының 20 жылдығына тарту ретінде қайта құрудан соң пайдалануға берілген Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағының ашылу рәсімі өтті. Заман талабына сай, ашық табиғи ортаға бейімделген «Африка» аталатын павильон саябақтың көркін ашып тұр. Енді осы аумақты жан-жануармен толықтыру мақсатында басқа әріптес зообақтардан аңдарға сұраныс беріліпті. Одан бөлек, «Mafunyane», «Amazonіa Zoo», «Anіmals azіa», «Іnternatіonal Zoo» секілді әлемнің басқа да құрлықтарынан жануар алып келетін фирмалармен келіссөздер жүргізілу үстінде екен.

 

Жалпы, Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы деп бекітілуіне орай, мұнда 2020-жылы жануарлар түрін 1000-ға және келушілер санын 1 миллонға жеткізу жоспарлануда.

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ