Біздің балалар қандай сурет салуға құмар?

30.05.2018
Қаралды: 202

Таяуда Шымкент қаласындағы орталық саябаққа жолымыз түсіп, «Оқушылар сарайы» ғимараты жанында оқушылардың сурет көрмесін тамашаладық. Мұнда қаламыздағы сурет салумен әуестенетін ұл-қыздардың қиялынан туған туындылар көп екен.

 

Балалардың қиялында шек жоқ қой. Бірақ  суреттердің көпшілігі шетелдік мультфильм кейіпкерлері екен. Яғни «Череп», «Маша мен аю», «Золушка», қару асынғандар мен шайқасқан көріністер, көліктер, аң-құстар бейнеленген.

 

Бұл жерден ұлттық киімдегі бойжеткендер мен «Әз-Наурыз» мерекесінен көріністі көрдік. Дегенмен қатысушылардың арасында қазақтың баласы саусақпен санарлық екені бізді біраз ойға жетеледі.

 

Балаларды сөзге тартқанымызда А.Пушкин атындағы №1 мектептің Юлия есімді 2-сынып оқушысы анасының бағдар беруімен сурет салу әлемімен танысқанын айтты. 4 жасынан-ақ бейнелерді қағаз бетіне түсіретін болыпты. Сондай бейнесінің бірі – «Бақыт кілті» біздің назарымызды аударды. Тұмсығына ақша қыстырып, музыкалық нотаның үстінен ұшып бара жатқан тауыс құсына қарап: «Сен бақыттың кілті ақшада деп түсінесің бе?» – деп Юлияға сұрақ қойдық. Тоғыз жасар қыз ақшаның бақытты болу үшін маңызды екенін айтты және оны табудың жолы музыка, яғни өнер саласында деген пікірін жеткізді.

 

Ал 16 жастағы Мадиярхан Шынтасов бізге былай деді:

 

«Сурет үйірмесіне інім екеуміз келеміз. Ата-анам айына 7 мың теңге төлейді. Бояулар мен қағаздарды өзіміз сатып аламыз. Үйірме біздің отбасымыз үшін қымбат болса да анам сурет салу ісімен шұғылданғанымызды қалайды.

 

Менің туындыларымда «Табиғат», «Киіз үй», «Астана» және адам басының қаңқасы да бейнеленген. Ойыма не келсе, көңілімнен шыққанша сала беремін. Биыл мен үйірмені бітірдім. Үйірмеден үйренгенім көп. Келешекте архитектор болғым келеді».

 

...Көрмені ұйымдастырушылар жас суретшілердің суреттері арқылы оларды ізденісін, эстетикалық талғамын қалыптастырсын дейтін шығар. Әйтсе де жылына екі рет өтетін мұндай байқауларда ұлттық салт-дәстүрімізді көрсететін үміткерлер некен-саяқ секілді. Осы жағын көрме ұйымдастырушылары ойластырса екен. Қазаққа тән пейіліміз, бауырмалдығымыз бен тазалығымыз суреттің өзінен де сезіліп тұрса, кәнеки!

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ