Тоқал алуға тыйым салынды

26.05.2018
Қаралды: 125

Түркіменстанда екі және одан да көп әйел алуға заң жүзінде тыйым салынды. Бұл елдің Отбасы кодексіндегі 7-бапқа «Түркіменстанда көп әйел алуға рұқсат етілмейді» деген толықтыру енгізілді. Онда: «Көп әйел алу дегеніміз –  екі немесе одан көп әйелмен бірге тұрып, ортақ шаруашылықты бірге жүргізу болып табылады» деген сөз бар.

 

Айыппұл салады, еріксіз жұмысқа жегеді

 

Түркіменстан Президенті Құрбан­ғұлы Бердімұхамедов қол қойған заң алдағы 1-қыркүйектен бастап күшіне енетін болды. Яғни Түркіменстанда ресми-бейресми түрде екі немесе бірнеше әйелі барларға олардың біреуін ғана өзінде қалдыруға екі айдан сәл-ақ асатын мерзімге мұрсат беріліп отыр. Кінәлі одан кешіксе, қомақты айыппұл төлейді немесе оны қылмыс­тық жазаға тартылып, екі жылға мәжбүрлі жұмысқа жегілу қаупі күтіп тұр.

 

Егемендік еркіндік берген екен

 

Негізі, Түркіменстанда көп әйел алуға кеңестік кезеңнен бері тыйым салынған. Дегенмен ел тәуелсіздікке ие болғалы бері онда көп әйел алушылар қатары артқан екен. Ондайлар «жаңа» әйелімен некеге ресми түрде тұрмайды, бұл мәселе өзара келісіледі немесе неке шариғат тәртібімен мешітте қиылады.

 

Жалпы, Түркіменстанда әлеуметтік ахуалға қатысты сауалнама, есеп жүргізуге екінің бірінің тәуекелі жете бермейді. Өйткені ол ел мүддесіне қайшы шпиондық әрекет ретінде бағаланады, сондықтан да онда көп нәрсе сырт көз үшін құпия. Дегенмен адам құқын қорғаушылардың, кейбір тәуелсіз сарапшылар мен әлеуметтанушылардың бейресми түрде жариялаған деректері бар. Онда Түр­кіменстанда адамдардың арасында әлеуметтік теңсіздік тереңдеп, қоғам бай мен кедейге бөлінгелі бері ел ішінде көп әйел алушылық жиілегені туралы айтылады. Яғни материалдық жағдайы барлар, жоғары лауазымдағы, мемлекеттік қызметтегі адамдар, бизнеспен айналысатындар сияқты қолында қандай да бір мүмкіндігі барлар арасында екінші, үшінші әйелге үйлену белең алған. Бақуат тұрмысты қалаған қыздар арасында, «отырып» қалғандар арасында күйеуге екінші, үшінші әйел болып тию жиілеген. Бұлардың басым бөлігі былайғы жұрттан жасырын түрде іске асып отырған. Яғни аталған жарияланымдарда Түр­кіменстанда «сананы тұрмыс билейдінің» заманы орнағаны жайлы айтылады.

 

Тағы бір деректерде Түркіменстанда  «шаршауды басу үшін», «емдік мақсат үшін» апиын қолдану әдеті бары туралы, есірткіні шамадан тыс қолданудан еркектер ертерек өлетін бол­ған, сосын табиғи тепе-теңдік бұзылып, әйелдер саны көбейген, көп әйел алушылық содан туындаған деп те айтылады.

 

«Екі және одан да көп әйелді тұрмыс жағдайы жақсы, мүмкіндігі бар адам алады, өйткені оларды балаларымен қоса асырап-бағуы керек. Сондықтан да мұндай еркектердің ақшаны жеткілікті табуы үшін, екінші, үшінші әйелдерінің жағдайын жасауы үшін қазына мүлкіне қол сұғуы көбейеді, елді жемқорлық, парақорлық жайла­уына осы көп әйел алушылар себеп болады, бұл ақырында мемлекетке қауіп төндіреді», – деп дабыл көтергендер де болыпты.

 

Ел ішінде кезінде біреуге екінші, үшінші әйел болғандардың кейбірінің мұны мақтаныш тұтатын дәрежеге де­йін жеткені туралы да сөз таралған. Яғни құрбыларына өзінің осындай «жетістігін», күйеуінің қымбат зат, көлік әпергенін, шетелге, шипажайлар­ға қыдыртқанын айтып, сыр бөліс­кендер де болыпты. Енді біреулері көрген күніне шүкір деп, қарны тоқ, көйлегі көк болып, баласы жыламағанын олжа көріп дымын ішінде сақтаған.

 

Әрине, мұның бәрі де бейресми түрде таралған деректер. Ал шындығында Түркіменстанда көп әйел алушылыққа тыйым бұған дейін де бол­ған. Енді билік тарапынан әрекет жасалып, бұған байланысты арнайы заң қабылдануына қарағанда, жағдай тереңдеп кеткен сияқты.

 

...Түркіменстанда бүгінде 5 миллион 600 мыңдай адам тұрады. Соңғы жарияланған деректерде ондағы еркектер саны – 2 миллион 746 мың 390 адам, ал әйел жыныстылар қатары 2 миллион 833 мың 316 адамды құрайды деп көрсетілген.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ