Саясаттанушылар не дейді?

25.05.2018
Қаралды: 183

Оңтүстік Қазақстан облысындағы әкімшілік-аумақтық өзгерістерге қатыс­ты саясаттанушылар не дейді? Біз олардың пікіріне де көз жүгіртіп көрдік.

 

«Өзбекстанда­ғы реформалар жалғасын тапса Ташкенттің қазіргі 3 миллионға жуық халқы 5-6 миллионға дейін өсе­ді. Сондықтан Шым­кенттің мәр­те­­бесін көтеру маңызды. Өйткені ол Өзбекстанға жақын орналасқан. Ал облыс орталығының Түркістанға көшірілуі облыстың солтүстік-батыс аумақтарының дамуына тың серпін береді», – дейді Азиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтан Ахымбеков.

 

Оның тұжырымынша, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынаста Шымкент пен Түркістан облысының ролі зор болмақ. «Осы орайда Шымкентке республикалық маңызға ие қала мәртебесінің берілуі – имидждік фактор», – дейді ол.

 

Бұл тарихи оқиғаға қатысты саясаттанушы Досым Сәтпаев та өз көзқарасын білдірді. «Шымкент – Қазақстан үшін ерекше қала.  Мұнда еңбекке қабілетті адамдар, әсіресе жастар көп. Қала экономикалық жағынан ғана емес, мәдени жағынан да өсіп жатыр. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынастардың дамуы, екі елдің оңтүстік облыстарында еркін экономикалық аймақтар құру жөніндегі келісімдер жағдайында Шымкенттің қуатты экономикалық, транспорттық хаб болу мүмкіндігі жоғары. Түркістан облысы да аты өзгеріп қана қоймай, дамытылатын болса, әсіресе туристік хабқа айналса, одан ұтарымыз мол», – деді Д.Сәтпаев.

 

Ал саясаттанушы Данияр Әшімбаев қай аумақта болса да мемлекеттік мекемелер саны тұрғын халықтың өсіміне сай болуы керектігін айтады. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, құқықтық қызмет көрсету, тағы басқа да салалар демографиялық ахуалға сай болуы тиіс. «Осы жағынан алып қарағанда бұл өзгерістерден Шымкенттің де, Түркіс­танның да ұтары аз болмайды, олардың өсіп-өркендеуі тың серпін алады, инвестиция тарту қарқынды жүреді. Облыстық құрылымдардың көбі Түркіс­танға көшеді.  Онда мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік тапсырыстар жүреді, қаланы облыс орталығы деңгейіне жеткізу үшін ірі инвестиция­лар тартылады, онда инфрақұрылым жаңарады, жолдар салынады, жергілікті туризм дамиды, ол бірте-бірте бизнесмен­дерді, саяси элитаны тартады. Шымкентте де түрлі ведомстволардың дербес құрылымдары пайда болады. Оның дамуында да тың серпін орын алады», – дейді саясаттанушы.

 

Саясаттанушы Айдос Сарым да  облыс орталығының Түркістанға көшірілуі онда жаңа жұмыс орындарының пайда болып, өңірдегі адамдарды, әсіресе жастарды жұмыспен қамтудағы проблемаларды шешуге өзіндік үлесін қосатынына сенімді. «Жаңа әлеуметтік жобалар туындайды. Түркістанда жоғары өсім орын алады, өз кезегінде ол аумақтағы әлеуметтік ширығудың төмендеуіне қызмет етеді. Түркістан ірі аграрлық, өнеркәсіптік, туристік орталыққа айналады», – дейді ол.

 

...Саясаттанушылар осылай деп жатыр. Айтылған жақсы сөздер іс жүзінде көрініс тауып жатса, кәнеки!

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ