Жұрт пікірі біркелкі емес

25.05.2018
Қаралды: 514

Сонымен Шымкент республикалық маңызға ие қалаға, Түркістан облыс орталығына айналып шыға келді, өлкеміз «Түркістан облысы» деген атауға ие болды. Бүгінде бұл тарихи оқиғаға керемет болды деп қуанып жатқандар да, оған сыни көзбен қарап, өзіндік пікірін білдірушілер де аз емес. Солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

Құрал: Шымкенттің – мегаполис, Түркістанның Түркістан облысының орталығы болғаны Қазақ мемлекетін дамытуда, қауіпсіздігін нығайтып, бекемдеуде үлкен қадам болды. Ол өз кезегінде түркілердің бірлігін арттырса, Орта Азия мемлекеттері үшін үлкен экономикалық қақпа болғалы тұр. Халқымыздың саны артып, қорғанысы нығайып, өз жеріміздегі төл қалаларымыздың қазақша атауларын тезірек алуы жөнінде де қызықты хабарлар көбейсін деп тілейік.

 

Ермұрат Бапи: Негізі Түркістан облысының құрылуы құптарлық жағдай. Бірақ, менің ойымша, оның атауын «Оңтүстік Қазақстан облысы» (орталығы – Түркістан) етіп қалдыру керек еді.

 

Логика?

 

Логика сол – Қазақстанның қазіргі геосаяси жағдайында елдің шет елдермен шектесетін аймақтарында жер иесінің атауы айқайлап тұруы керек: Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары болып. Халықаралық территориялық құқықтық құжаттарда осындай атаулар сақталып қалуы тиіс. Мәселен, Украинаның Донецк облысы «Шығыс Украина облысы» деп аталғанда ресейлік агрессияның табиғаты талассыз танылар еді. Ал Дон өзеніне қатысты атау Украина (Донецк) мен Ресейде (Ростов на Дону) қатар қабаттасып жатыр. 

 

Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, «түркі», «түрік», «Түркістан» деген атауларға (атаулар ғана ма?) гипотетикалық болашақта талас тудыратын көршілер табылып қалуы ғажап па? Оның үстіне Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Йассауиді «біздің шалдар» дейтін көрші іргені іреп жүргені және аян (соңғы факт – Бағыс және Түркістан ауылдарын еске алыңыз).

 

1932-жылы Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары құрыл­ғанда сол кездегі Алаш арыстары осындай болашақ жағдаятты қаперге алмады деп айта аласыз ба? Сол алыптардың өзі батыстағы облысты Батыс Қазақстан облысы деп атауды ВЦИК пен КСРО Жоғарғы Кеңесіне өткізе алмады: Москваға жақын жатқан жергілікті Яик (Жайық) казактары бұл облысқа «Орал» деген атау бергізіп, ел картасында орысқа да оңтайлы «Орал облысы» пайда болды.

 

Бұл орыстық әпербақандық пен өркөкіректікке 1996-жылы ғана түзету енгізіліп, оның атауы «Батыс Қазақстан облысы» болып өзгертілген еді. Бұл түзетуді талап еткен кімдер екенін білесіздер ме? Олар Парламенттің 12-ші шақырылымындағы депутаттар Сауық Тәкежанов пен Шерхан Мұртаза еді.

 

Думан Кеңшілік:  Әйтеуір бірдеңеге қарсы пікір айтамыз деп бүлдіріп алатынымыз бар ғой. «Түркістан облысы» деген атау дұрыс. «Түркі» деген сөз аталып, өр рух беріп тұратындай. Ал шынымен әріп арқылы имидж қалыптастырғымыз келсе басқа дүниелер де толып жатыр. Мәселен, мекемелердің атауын қазақша қысқартқан ыңғайсыз, соны бір ізге келтіруге болады ғой.

 

Бейбіт Нәлібаев: Болашақта Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт қосылып, бір облыс болатын шығар. Сол облысты Оңтүстік Қазақстан облысы деген дұрыс. Түркістан әкімшілік орталығы ретінде ол жақтың тұрғындарына тым алыс.

 

Дәурен Мақсұтханұлы:  Мені де осы ой мазалай берген еді. Оның үстіне облыс орталығы шекарадан алшақтап кетті, арғы жақта өзағамыз жылдан-жылға көбейіп жатыр. Меніңше, Оңтүстік Қазақстан облысын жеке, 18-аумақ ретінде қарап, орталығын Сарыағаш қылу керек сияқты.

 

Айтқожа Фазыл: Оңтүстік Қазақстан облысы болып қалуы керек меніңше. Себеп – Оңтүстік Қазақстан облысы деген атау – бұл Қазақстанның оңтүстігі деп шегелеу. Шынын айту керек, Түркістанның өз басында, айналасындағы мекендерде басқа ұлт өкілдері аз емес. Кейде Иқан мен Ескі Иқанда болғанда қазақ жоқ па деп қаламын. Кейде көрші бауырлардың Түркістан біздің жер дегенімен қоймай, Ахмет Йассауиды да иемдене кететіндері бар. Йассауи кесенесін біздің хакім Тимур салған деп те мақтанады.

 

Дайындаған – Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ