«Жедел жәрдемнің» жұмысы қауырт

29.05.2018
Қаралды: 412

Әне-міне дегенше аптап ыстығы мол қырық күн шілде  басталып та кетті. Ал бұл кездің ағзаға жайсыздау тиетіні, әсіресе денсаулығында кінәраты барларды әбіржітетіні белгілі. Осыған орай «Жедел жәрдем» қызметінің жұмысы да қауырт сипат алады. Біз кешегі аптада осы сала қызметкерлерінің қасында бірге жүріп, жанкешті еңбектерінің куәсі болдық.

 

Оған жол бермейтіндер де бар

 

«Алло, «жедел-жәрдем» қыз­меті тыңдап тұр. Айта беріңіз, қандай шағымыңыз бар? Соңғы бір жыл көлемінде ит қауып, кене шаққан жағдай болған жоқ па? Мекен-жайыңызды толық айтыңыз».

 

Міне, біз естіген қоңырауларға жауап осы болды. Тұтқаның арғы жағында бейтаныс адам жағдайының төмендігі жөнінде шағымын айтып жатты. Осы кезде кезекшілік қызметтегі шұғыл көмек бригадасы да даяр тұрды.

 

Жалпы, арнайы орталық «103» нөміріне келіп түскен қоңырауларды қабылдап, қала аумағындағы 9 «жедел жәрдем» бекеттеріне үлестіріп отырады. Диспетчерлер қабылдан­ған қоңырауларды шұғыл саралап, одан кейін дереу «GPS» бағыттаушысының көмегімен жақын маңдағы жедел жәрдем көлігіне хабар береді екен. Ондағылар тез арада іске кіріседі.

 

...Біз сол күні №13 реанимациялық бригадасымен кезекті шұғыл шақыру бойынша жол­ға шықтық. Топ құрамында дәрігер мен бір фельдшер бар. Дәрігерлерге арнайы бе­рілген планшетке кезекші дис­петчерден «Тельман» бөлім­шесіндегі «Меруерт» деп аталатын шаштаразда қан қысымынан қиналып жатқан әйел жайлы ақпар келіп түсті.

 

Біздер нақты көрсетілген мекен-жайға жол ұзақтығына, кептелістерге байланысты 20 минутта әзер жеттік. Осы ретте айта кетерлігі, жедел жәрдем көлігіне кейбір көлік иелерінің жол бермеуі көмек көрсетуге асыққан құрамды едәуір қобалжытты. Үшінші мегаполис атан­ған қалада жеңіл көлік­тердің бұдан кейін де кө­бейетіні рас. Өмір мен өлімнің арасында арпалысқан жандар мен ажалға араша болмақ әрекеттегі медицина қызмет­керлеріне «те­мір тұлпар» тізгіндеген адамдар кедергі келтіргеніне іштей қынжылдық.

 

Оқиға орнына жеткесін дә­рігер М.Яров пен фельдшер Ш.Сұлтанов қызметіне жедел кірісіп, науқасты қарай бастады. Тексеру барысында осы шаштаразда жұмыс істейтін 50 жастағы М.Юлдашованың аяқасты қан қысымы көтерілгені  белгілі болды, оған тиісті көмек көрсетілді. Ол кісі бәрібір де өзін жақсы сезінбей тұрғанын, ауруханаға барғысы келе­тінін айтты. Денсаулығына бай­ланысты есепте тұратын нау­қастың қан қысымы екпеден кейін біршама төмендеген соң оны жұрт «Фосфор» ауруханасы» деп атап кеткен мекемеге жеткізіп, бақылауды сондағы мамандар­ға тапсырды.

 

Осы салада 13 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан дәрігер Михаил Яров, 10 жылға жуық кезекші дәрігердің ойын қабағынан оқуды үйреніп, қас пен көздің арасында қимылдай білетін фельдшер Шәкір Сұлтанов, алты жылдан бері осы құрамды аман-есен діттеген жерге жеткізуге асығатын жүр­гізуші Сергей Гриценко өз ісінің майталман мамандары екеніне көз жеткіздік.

 

Арада көп өтпей біз №14 кардиореанимация құрамымен «Азат» шағынауданы, «Ақбастау» көшесі №164 үйге жол тарттық. Мұнда 60 жастағы Ф.Камалдинова жүрек тұсының қысып ауыратынын, аяқ-қолы мұздап, қан қысымының көте­ріліп тұрғанын әзер айтты. Апа он жылға жуық уақыттан бері жүрек дертімен күресіп, соңғы бес жылда екі рет инсульт алған екен. Көзі өте нашар көреді, сол жағы ақырын ғана қозғалады. Жүріп-тұруы қиын апаға жасы егде тартса да ата қарап отыр. Дәрігер Гүлнұр Нұрмағанбетова ем-шара көрсетіп, көңілін аулап отырды. Келе сала апаның қан қысымын өлшегенде 190-ды көрсетіп тұрған еді, жылы сөздер мен екпеден кейін 140-қа түсті. Атаның айтуына қарағанда, инстульттің кесірінен жарының мінезінде өзгерістер пайда болыпты. Тез ашуланып, жылап қала береді екен. Содан жүрегі мазалап, қан қысымы да жедел көтеріледі. Фаузия апаға анасындай қарап, денсаулығын күтуді өтініп айт­қан мамандар басқа науқастарға асығуы керектігін айтып, қайтуға жиналды.

 

24 сағат бойы қалтқысыз, шапшаң, сапалы медициналық көмек көрсетуді парыз деп білетін дәрігер Г.Нұрмағанбетова мен фельдшер Фар­хат Абдуллаевтың да осы салада жүргеніне 10 жылдан асыпты. Бригада мамандарымен бірге жүріп, олардан жаз айларында ішек инфекциясы, қан қысымы, жүрек ауруларынан және қазір елді дүрбелеңге салған менингит ауруы мен кене шағу жағдайлары бойынша көптеп шағым түсе­тінін, сондай-ақ күз бен қысқы мезгілде суыққа шалдығу бо­йынша жиі шақыртулар болатынын білдік. Олар жергілікті учаскелік дәрігерлер науқастармен тығыз жұмыс жасауы керек екенін, бұрынғыдай екі фельдшер, бір дәрігер құрамда жұмыс істегені тиімді еді дегенді тілге тиек етті. Өйткені кейде жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен ауыр жағдайларда бір фельдшер науқасты қозғауы қажет болып не­месе ауыр заттың астынан шығарып алуы керек болады. Сондайда қосымша қол күші жетпей жататын көрінеді. Мә­селен, фельдшер Фархат сол күні таңертең қаладағы саябақтардың бірінде жас қызды ағаш басып қалып, жедел жеткен. Ұзақ уақытқа дейін не бойжеткенді, не ағашты жүргізуші екеуі қимылдата алмай, әуреге түсіпті. Сонда жүрген бір жігіт қол ұшын беріп, әупірімдеп ағашты ары құлатып, қызды құтқарған.

 

Шақыртушының өзі қиындық тудыратын кездер көп

 

Халық арасында жедел жәрдем қызметіне көптеген наразылықтар айтылып жатады. Әсіресе шақырған уақыттан кешігіп келуі, дұрыс қарамауы, салғырттық таныту, ке­ректі дәрі-дәрмектері жоқ деген секілді реніштерін білдіреді. Әрине, кемшілік барлық жерде болады. Осы орайда жедел жәрдем диспетчерінің же­дел қызмет көрсетуі 4 категорияға бөлінетінін түсіндіре кетуді жөн санадық.

 

Яғни 1-категория бойынша жедел қоңырау – науқас адамның өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда тез арада медициналық көмекке мұқтаждық; 2-категория бойынша же­дел қоңырау – науқас адамның өміріне қауіп төніп тұрған, бірақ медициналық көмекке мұқтаж емес жағдайда; 3-категория бойынша жедел қо­ңырау – науқас адамның денсаулығына қауіп төніп тұр­ған, бірақ медициналық көмек­ке мұқтаж емес жағдайда; 4-категория бойынша жедел қо­ңырау – науқас адам дертінің асқынған немесе тұқым қуалайтын ауруына байланысты, өміріне және денсаулығына аса қауіпті зақым келмейтін жағдайда.

 

Жедел жәрдем станциясына алғашқы 1,2,3 категориядағы қоңыраулар келген жағдайда автоматтандырылған тәр­тіппен қызмет жасалып, диспетчер арнайы жасақтал­ған жедел жәрдем тобын жіберуге міндетті. Диспетчер қоңырауды қабылдағаннан кейін жедел жәрдемнің келу уақыты:  1-категория бойынша – 10 минут ішінде келуі керек, 2-категория бойынша – 15 минутқа, 3-категория бойынша – 30 минутқа, 4-категория бойынша 60 минутқа дейінгі уақыт ішінде жетуі керек.

 

Негізінен азаматтарға 6 деңгей  бойынша  мынадай көмектер жасалады: І, ІІ, ІІІ  деңгейдегілерге жол бойында орын алған апаттар, жаяу жүргіншілер зақымданғанда, денеге түскен жарақаттар, күйік шалу, ішкі ағзалар күйіп, яғни сірке суын ішіп, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінде, құрысу, қан қысымының көтерілуі, аяғы ауыр азаматшаларға, жүрек ауруларына, ғимараттардан құ­лап сынық жарақаттарын алғандарға, жануарлар тарапынан шабуылдарға ұшырағандарға, дене қызуы көтеріліп естен танып қалған жағдайда, соқыр ішек болғанда 10 минуттық уақыт шеңберінде жетеді. Бұлар аса ауыр халдегі немесе күрделі науқастар қа­тарына кіргізіледі. Ортаңғы ІV, V деңгейлерге  ішек инфекциясы, тағамдардан улану, несеп жолдары ауруларында, аллергиялық белгілер анықтал­ғанда, бөртпе пайда болғанда 20 минут уақыт аралығында науқасқа барады. Соңғы VІ деңгейге жарты сағат көлемінде мұрыннан қан кету секілді жеңіл жарақат алған азаматтарға дер кезінде тиісті шаралар жүргізіледі.

 

Осы орайда сала мамандарының да айтары бар.  Тұрғындар арасында ұзақ уақыт ауырып жатқан азаматтар кездеседі, бірақ олар аймақтық дәрігер бақылауында бол­маған, мүлдем қаралмағандар, ауруы асқынса да ауруханаға ат ізін салмағандар. Жедел жәрдем бара қалса, құлантаза айықтыруды қалайды. Олар­дың міндеті – сол мезетте науқастың жағдайын қадағалап, кеңес беріп, алғаш­қы медициналық әрекеттерді жүзеге асырады.  Сондықтан бөлімше мамандары жан саулығын қа­лайтын жұртшылыққа тек же­дел жәрдемге жүгініп қана қоймай, емханаға барып, дәрі­герлердің нұсқаулықтарын тың­дап, уақытында емделуге кеңес береді.

 

Талай жылдар бойы халық арасында мамандығын шыңдап келе жатқан жандар кейбір кезде итке таланып, тұрғындардан ауыр сөздер  де естиді екен. ЖСН нөмірлерін сұрата қалса, бермей қояды.  Қысты күндері автокөлік кіре алмайтын жерлерге жаяу барады.

 

Қазіргі таңда көшелердегі тұрғын үй нөмірлерінің ауы­суына орай да айтарлықтай қиындықтар туындаған. Тұрғындар хабарласқан кезде бұрын­ғы үй нөмірлерін айтып жаңылысады. Мекен-жайлар нақты болмағандықтан көп уақыт жоғалтуға тура келеді. Тағы айта кететін жайт, жоғарыда көрсе­тілген деңгейлерге жатқызылатын науқастарды іріктеп, шұғыл көмек қажет ететін ауыр халдегі науқастарға тезірек жетуге тырысады. Кейінгі сыр­қаты орташа саналатын нау­қастарға да  кезек күттірмей  аттанады.

 

2000-ға жуық шақырту қабылдайды

 

Жедел жәрдем стациясына берілген 95 автокөліктің іші ауыр халдегі науқастарға арналған медициналық құрал-жабдықтармен жасақталған.  Десе де дамылсыз қызмет ететін «темір тұлпарлар» жаңартылуды талап етіп тұрғандай.

 

Жедел жәрдем станциясының бір күндік тіршілігімен таныс болуымызды ұйымдастырып берген Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету станциясының бас дәрігері Гүлнәр Мамытқызының айтуынша, алдағы уақытта барлық бригада соңғы үлгідегі автокөлікпен қамтылатын болады. Одан кейін қызметкер­лердің біркелкі киімі де жаңартылмақ.  Қазіргі таңда аймақтағы 9 бекеттегі қызметкер­лерді қосқанда станцияда 1457 маман жұмыс істейді екен. 301 дәрігер, 593 фельдшер, 370 жүргізуші және кіші буын қызметкерлері еңбек етіп келеді.

 

...Күніне 2000-ға жуық шақырту қабылдайтын Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету станциясының жедел-жәрдем құрамының мазасыз күндері осылайша жал­ғаса береді. Түнгі ауысымдағы жағдай бұдан да жауаптырақ екені айтпаса да түсінікті шығар. Біздер бөлімшеден шығып бара жатқанда да «Call» орталығына  дамылсыз қоңы­рау­лар түсіп жатты.

 

Д. МЕДЕУОВА.

Суреттерді түсірген – автор.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ