Боралдайдың бизнесмендері озып тұр

14.05.2018
Қаралды: 100

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданындағы Боралдай елді мекенінде тұрмысы төмен екі отбасыға зекет қорының және демеушілердің қолдауымен баспана берілмек. Бұл туралы біз Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Бадыр Ашрафиден естідік.

 

Боралдай ауылдық округінде 11 ауыл бар. Тұрғындарының басым бөлігі егін егумен, мал шаруашылығымен айналысады. Ондағы шаруалар біраз уақыттан бері мұқтаж отбасыларға қамқорлық көрсетіп, қолдау білдіріп келеді. Боралдай ауылдық округі әкімдігінің, сондай-ақ Зекет қорының ұйымдастыруымен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға азық-түлік, киім-кешек алып беріп келсе, өткен жылдан бері  баспанаға зәру жандарға үй салып беруді қолға алыпты.

 

Боралдай ауылының үш кәсіпкері бірігіп, 2017-жылы мешітке 3 миллион 300 мың теңге қаржы табыс етіпті. Осы күнге дейін біреудің ескі үйінде тұрып келген, асыраушысынан айырылған көпбалалы ана А.Қалдыбековаға 1 миллион 500 мың теңгеге сатып алынған баспана табыс етілген. Жәрдемақыға күні қараған анаға 136 мың теңгеге бұзаулы сиыр әперген.  Одан кейін жалғызбасты А.Ақментиеваның қолына 1 миллион 650 мың теңге беріліп, бұл отбасы да көп өтпей өз баспанасына қол жеткізген.

 

«Кәсіпкер А.Жайнақов 17 отбасыға 37 тонна көмір  түсіріп берді. Зекет қоры есебінен екі үйлік жер телімі алынып, тиісті жұмыстар басталып та кетті. Көпбалалы С.Досжанова, Ғ.Көлбаевалар жаңа үйге биылғы жыл соңына дейін кіреді деп айтуға толық негіз бар. Баспаналарға жұмсалатын ақшадан басқа қорда 800 мың теңге артылып тұр. Бұл қаражатты демеушілер Боралдай ауылдық округіндегі мұқтаждарға таратып беретінін айтады», – дейді Б.Ашрафи.

 

...Биыл Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылында демеушілерден жинал­ған қаражатқа 6 тұрмысы төмен отбасыға үй берілетін болған еді. Осыған байланысты Ақбастау ауылдық округі әкімінің орынбасары  А.Мұратоваға хабарласқанымызда ол кейбір себептерге байланысты құрылыс жұмыстарының  тоқтап тұрғанын, тек М.Маралбаева есімді тұрғын­ға үй салу үшін тас, топырақ және цементтің түсіріліп қойғанын жеткізді.

 

Жалпы, игі бастама баяу болса да іске асып жатыр екен. Осындай жұмыстар әрбір ауылда атқарылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ