ҰБТ-да мұрын сүртуге мұрша болмаған еді

22.05.2018
Қаралды: 309

Биылғы жылы  мектеп түлектерін ұлттық бірыңғай тест сынақтарынан өткізу  20-маусымнан 10-шілдеге дейін жалғасады. Сынақта өткен жылдармен салыстырғанда аса бір айырмашылық, ерекшеліктер жоқ деуге болады. Дегенмен оның жас түлектер мен ата-аналарды, ұстаздар қауымын едәуір қобалжытатыны бар.

 

Біз – алғашқы тест тапсырғандармыз

 

ҰБТ-ны, осы тест түріндегі емтиханды алғашқы рет тапсырған біздер едік. Бұл 2004-жыл болатын.

 

Қатты қиналып, әбіржігеніміз есте қалыпты. Шындығында алғашында ештеңені түсінбеген едік. Тіпті мұғалімдеріміз бен директордың өзі қалай, неден бастау керектігін білмейтіндей көрінді. Өйткені ата-аналарымыз бен біздің басымызды қосып, жиналыстан жиналыс жасай беретін. Мұндайдан шаршайтын халге де жеттік. Әр жиналыстан ата-аналарымыздың түрі өрт сөндіргендей болып шығады. Оларды көрген бізде жүрек қалсын ба? Зәре-құтымыз қашып, әр мұғалімге жалтақтап, солар не десе, соны істедік қой. Мінезі сотқарлау талай бала осы ҰБТ-ның арқасында «жындылығын» да қойып кетті.

 

«Мынадай тест сұрақтарының кітапшалары шығыпты, дискеттері де сатыла бастапты», «Алматыдан, Шымкенттен осы сынаққа дайындайтын адамдар келе жатыр», «Анау анадай, мынау мынадай айтып жүр» деген сияқты «хабарлар» желдей есті. Оларды естігеннен әке-шешеміз ақшасын дайындай бастайды.

 

Есімде, тест сұрақтары жазыл­ған дискетті бітіруші 60 оқушы бірігіп, 35 мың теңгеге сатып алдық. Дұрысы, оны бізге сатып әперді. Сол дискетті көзіміздің қарашығындай ұстадық. Алпыс оқушыға 60 компьютер ауылдағы мектепте қайдан болсын? Бар-жоғы сегіз дана компьютерге сабақтан кейін, түс қайта кезектесіп отырамыз. Фамилия бойынша шақырып, процессордағы дисководты сынып жетекшіміз сәби ұстағандай аялай ұстап, қосып, дискетті де өзі салып береді. Өзіміз де тағдырымыз осы дискетке байланып тұрғандай, оны бүлдіріп қоймайық деп қалтырап-дірілдеумен болдық.

 

Әр оқушыға 20 минуттан беріледі. Бұл уақытта сұрақтарды жаттап алмақ түгілі, жазып та үлгермейтінбіз. Жан-жағына қарауға мұршасы жоқ, әйтеуір әбіржіп жүрген біреу. Бірде әр пән бойынша берілген сауалдарды жазып отырып жанымдағы Әлібекке көзім түсіп кетті. Мониторға бір, дәптеріне екі үңіліп, әлемді ұмытып кеткен. Асығып жазғаны сонша, су терге түсіп, пора-порасы шыққан. Мұрны ағып, партаға сәл жетпей, Әлібек қорс еткізгенде келген ізімен кері кетіп жатыр. Ол болса мұның бірін де сезер емес.

 

Небір қызықтар өтті ғой. Осылай салпақтап кешкі тоғызға дейін мектепте жүретінбіз. Апайларымыздың отағасы, бала-шағасы қараусыз қалып, бар күндері мектепте өтетін. Компьютердің босағанын күту бір азап еді. Жеттім бе деген кезіңде жарық жалп етіп сөніп қалса, ақырет деген сол еді. Сыныптағы ер балалар үстелді тоқпақтай талай жылады-ау. Сол кезде  «свет» жанып қалады деп үміттеніп, директор қайтыңдар дегенше тапжылмайтын едік. Әйтпесе ауылда жарық бір өшсе, ертеңіне дейін, тіпті екі-үш күндеп жанбайтынын білеміз. Ал демалыс, вечер, дискотека, маевка дегенді түсімізде де көрмейтінбіз.

 

Балалар зияратқа барады екен

 

ҰБТ-ға екі күн қалғанда Түркіс­танға, сосын «Домалақ анаға» зиярат етуге бардық. «Әулиелі мекендегі дұға-тілектеріміз қабыл болып, тест­тен өтіп кететін шығармыз» деп сенеміз ғой. Садақа ретінде беретін ақшадан бөлек, тамағымыз бен жол­ақыға ата-анамыз төлеп қойған. Ұл балалардың қолында – тақия, қыздарда – орамал. Діттеген жерге жеткенше дыбыс шығармай, сүре-дұғаларды қайталау­мен болдық. Сынып жетекшіміз, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі бас­тап алып жүрді. Қай есікке кірсек те іштей күбірлеп, Аллаға арман-тілегімізді айтып, қабыл етуін сұрандық.

 

Сонымен көптен күткен ҰБТ тапсырар күн де келіп жетті. Жүрек тарсылдап, аузымыздан шығып кеткелі тұрғандай. Арнайы тексерістен өтіп, калькуляторсыз, бір түйір қағазсыз, тек қана қара сиялы қаламсаппен кірдік.

 

Қысқасы, не керек, тестті тапсырып шықтық. Сосын бұйырған балымыз жазылған тақташаны барып көрдік. Ол жерде иінтірескен адам, у-шу. Қуанып, ата-анасымен құшақтасып тұрған, жылаған күйі көшеге жүгірген, тіпті есінен танып қалғандарды, сынақтан өте алмай құлаған қыздардың: «Өмірім осымен бітті, ата-анамның сенімін ақтамадым...» деп зар еңірегенін де естідік.

 

Сол кезде қатты күйзеліп, солай деген құрбы-құрдастардың кейбірі бүгінде үлкен қызметкер болып жүр. Онжылдық кездесуде осының барлығы айтылды, қызықтарға көзден жас шыққанша күлістік. Өмір бір ҰБТ-мен бітпейді екен ғой.

 

Жақында аудандық білім бөлімінде істейтін апайды жолықтырдым. Әңгіме кезіндегі: «Түлектердің зиярат етуі әлі бар ма, әлде оған тыйым салынды ма?» – деген сауалыма ол кісі: «Баруға болмайды деп қанша ескертсек те: «Осыдан оқуға түсе алмай қалсақ, обалымыз сізге!» – деп шулап кетеді. Амал жоқ, сақтық шараларын жасап, көліктерін бірнеше рет тексеріп, зияратқа жіберуге мәжбүрміз», – деп жауап берді.

 

...Енді, міне, кезекті ұлттық бірыңғай тест сынақтары да бастал­ғалы отыр. Айтайын дегенім, грант­қа қол жеткізе алмасақ та, бүгінгідей психолог маманмен сынаққа дейін сөйлеспесек те, бас-басымызда компьютер болмаса да, «шпаргалка», ғаламторды білмесек те, ақылы курстарға бармасақ та сол ҰБТ-дан аман-есен өткен едік. Бүгінде адал асымызды бұйырған кәсібімізден тауып жеп, ұрпақ тәрбиелеп отырған жайымыз бар.

 

Осы орайда биылғы мектеп түлектеріне деген өзімнің тілегімді «Замана» газеті арқылы жеткізгім келеді. Тест сынақтарында жолың болсын, жас түлек, ойыңдағы орындалсын! Грант иегері бол! Грантқа қол жеткізе алмасаң, тіпті сынақтан сүрінсең де мойыма. Өйткені өмірің алдыңда, ол ҰБТ-мен бітіп қалмайды. Мықты бол!

 

Айдана МЕДЕУБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ