«Ғажайып таң» жаттығуын жасаңыз

21.05.2018
Қаралды: 251

«Магия утра» кітабының авторы Хэл Элрод – кезінде көлік апатына түскен, өлім аузынан қалып, кейін қаржылай қиындықтар көрген кісі.  Оның өмірінің өзгеруіне себепші болған нәрсе – таң шапағы екен.

 

Арайлап атқан таңның бойымызға құятын энергиясын сөзбен жеткізе алмаймын. Кішкентай күнімде анам «Ерте тұрыңдар, Алла-тағала таңмен таласа ырыс-несібе үлестіріп береді, кім ұйықтап жатады, сол өлгендер қатарына еніп кетеді», – дейтін еді. Хэл мырзаның да айтып отырғаны осы. Мәселен, біз өміріміздің өзгергенін қалаймыз. Ал осыған байланысты нақты қандай қадамдар жасап отырмыз? «Алма, піс, аузыма түс!» – деп жата берсек, қайдан келіп түссін?

 

Егер сіз өз өміріңіздің бақытты бол­ғанын қаласаңыз, алдымен өзіңіз үшін күнделікті уақыт арнаңыз. Өзіңізді өзіңіз жетілдіріңіз. Хэл ұйқыдан тұрған соң міндетті түрде «Ғажайып таң» деп аталатын алты теxниканы орындауды ұсынады.

 

Сонымен, таңертен сағат алтыда тұрғаннан кейін мен не істеймін: Медитация. (5-10 минут аралығында). Аффирмация («Мен бақыттымын», «Менің денім сау» деген секілді сөздер) немесе Алламен тілдесу (керегіңді сұрау, Аллаға мадақ айту) (5-10 минут). Визуализация (Көз алдыңа бақытты күндерді елестету) (5-10 минут). Күнделік жазу. Жоспар құру, алғыс жазу. (10 минут). Кітап оқу (20 минут). Жаттығу жасау (20 минут).

 

Осы алты тәсілді Хэл Элрод алдымен бір ай жасап көруді ұсынады. Үзбей, ұмытпай жасау арқылы сізге бақытты әлемнің есігі өздігінен айқара ашылады. «Ғажайып таңның» кереметін көп ұзамай көресіз.

 

Ал енді медитацияны қалай жасаймыз? Мысалы, мен көбіне аяғымды алдыға созып жіберіп, арқамды сүйеп отырамын. Көзіңізді жұмыңыз. Аяғыңыздың ұшынан бастап, басыңыздың құйқасына дейін сезініп шығыңыз. Бақайыңыз, тобығыңыз, тізеңіз, кіндік тұсыңыз, саусағыңыз, шынтағыңыз, білегіңіз, кеудеңіз, екі иығыңыз, мойныңыз, иегіңіз, ерніңіз, мұрныңыздың ұшы, екі бетіңіз, маңдайыңыздағы екі қасыңыздың түйіскен жері, көздеріңіз, құлағыңыз, желке тұсыңыз, төбеңіз, яғни әрқайсына жеке тоқталып, денеңізді толықтай сезініңіз. Көзіңізді жұмып, көк майса шөптің үстінде отырғаныңызды елестетіңіз. Қоңырсалқын самал есіп тұр. Ақырын уілдеген желдің дауысы бар. Денеңіз раxаттанып, балбырауда. Тіршіліктегі қым-қуыт бітпейтін шаруаны артқа тастаңыз. Осы кезде әдеттегі үйреншікті ойлар қайта-қайта келіп, мазаны ала бастайды. Тек мазасыз ойлармен алысып кетпеңіз, барынша миды таза ұстауға тырысыңыз.

 

Медитация – ойды тоқтату, жанды тыныштандыру. Күнделікті медитация жасау арқылы, бастапқыда миды таза ұстау ұзақтығы секундтарды құраса, кейін минуттарға, сағаттарға ұласады.

 

Жалпы, адамның ішкі гармонияға жетуіне бірден-бір ықпал етуші – медитация. Медитация кезінде жан мен тән бір сәтке бөлініп, адам өз өміріне жоғарыдан қарай бастайды. Денеңіздің барлық мүшесіне зер сала отырып, терең дем алуды ұмытып кетпеңіз. Және дем алғанда ауаны кеудеңізге жібермей, барынша ішке терең жіберген абзал.  Жалпы, медитация жасаған жан депрессияға түспейтін болады, жүйке жүйесі қалпына келеді, ағзасы сауыға түседі.

 

(М. ҚАРАТАЙДЫҢ жазбасынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ