Эстондар қоғамдық көлікте тегін жүретін болды

30.05.2018
Қаралды: 200

Эстонияда алдағы 1-шілдеден бастап  қоғамдық көліктер жұртшылыққа тегін қызмет көрсететін болды. Бұл шаруа арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша қолға алынды. Дегенмен мәселені елдің әр аумағының өз қарауымен шешуге құқы бар.

 

Жалпы, мұндай бағдарлама осыдан 5 жыл бұрын бастау алған еді. Ел астанасы – Таллинде бұған қатысты сауалнама жүргізілген, сонда тұрғындардың басым бөлігі оған қуана қолдау білдірген екен. Сосын ол біраз жерлерде сынақ ретінде қолданысқа ендіріліпті.

 

Бір қызығы, қоғамдық көліктердің жұртшылыққа тегін қызмет көрсетуі экономикаға ешқандай да шығын әкелмейді екен. Яғни оның орны салық саласындағы кейбір өзге­рістер есебінен жабылып отырады. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, кіріс жағы шығыннан екі есеге көбейген көрінеді. Адамдардың мейрамхана, дүкен, дәмханаларға баруы көбейе түскен. Тіпті кейбір бай адамдар мен жеке көлік иелері де жұмысына қоғамдық көлікпен қатынауға көшкен. Осының арқасында көшелердегі көлік нөпірі азайып, ауа тазара бастапты. Міне, сондықтан да эстон билігі алдағы шілде айынан бастап тұтас ел көлемінде қоғамдық көліктер қызметін тегін етуге шешім шығарыпты.

 

...Эстония – Еуроодақ мүшесі, онда 1 миллион 500 мыңға жетер-жетпес адам тұрады. Осы шағын ел тың жаңалығымен бүкіл Еуропаға үлгі көрсетіп отыр. Қоғамдық көлік қызметін тегін ету бүгінде Франция, Германия сияқты елдердің жоспарында да бар. Ал Ұлыбританияның құрамындағы Уэльсте қоғамдық көліктер демалыс күндерінде тегін қызмет көрсетеді екен.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ