«Спартак» стадионы сатыла ма?

30.05.2018
Қаралды: 68

Газетіміздің таяудағы нөмірлерінің бірінде «Қақпасы құлыптаулы стадион­ға жұрт тесіктен кіруге мәжбүр» деген тақырыпта мақала жарық көрген болатын. Онда Шымкенттегі «Спартак» стадионының жанындағы ОҚМУ-дің оқу корпусын және оның сыртқы жағындағы алаңдарды белгілі бизнесменнің сатып алатыны жайында сөз таралғаны айтылған еді. Жаттығумен, спортпен айналысқысы келетін жандардың сол алаңшаларға кіре алмайтыны, есігі үнемі жабық тұратындықтан қоршалған сым шарбақты тесіп кіретіні туралы сөз болған. Бұл негізінен шындық. Кешегі сәрсенбіде жұрттың оған осы «есіктермен» кіріп-шығып жүргенін тағы да көрдік.

 

Біз осындағы футбол, баскетбол алаңшаларында ойнап жүрген балалардан: «Мұның есігі қайда?» – деп сұрағанымызда олар үлкен қара құлып салынған есікті нұсқады. Бұл жағдайларды көзбен көріп, суретке түсіріп болған соң стадион басшылығымен сөй­лестік.

 

ЮнусТаиров, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік уни­верситеті жанындағы «Оқу-жаттығу орталығының» меңгерушісі: – 1993-жылы бұл спорттық база Шымкент педагогикалық институтына берілген екен. Қиын-қыстау заманда стадиондағы бассейн, спорт алаңшалары әбден тозығы жеткендіктен жұмыс істеуге жарамаған. Жарық, су мәселелерін шешудің өзі мұң болған уақытта оқу орнының әкімшілігі қарап отырмай, шетінен жөндеу жұмыстарын жасай береді. Осылай жүзу бассейні, жылыту қазандықтары, бірқатар секцияларды спортқа жаны құмар жастардың игілігіне бере бастайды. Бұл қиындықтарды өз көзімен көрген, сол қиындықтардан шығуға атсалысқандардың бірімін. 

 

Жасыратыны жоқ, орталық жөндеуді талап етеді. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарына арналған жоспар да бар. Тек университетке жақында тағайындалған басшымыздың осы тұрғыда шешім қабылдауын күтіп отырмыз. Жөндеуді бірінші кезекте қоршауға арналған темір сымдардан бастаймыз. Одан соң шым төсеуге көшеміз. Күрделі жөндеуді жаңа оқу жылына дейін аяқтамақ ойдамыз.

 

...Университетке қарасты оқу-жаттығу орталығының меңгерушісі осылай дейді. «Университеттің оқу корпусы мен ашық алаңды танымал кәсіпкер сатып алады екен» деген сөзге қатысты қойған сұрағымызға: «Жоқ, бұл жай қауесет, алыпқашпа әңгіме болар. Мұндайды өз басым естіген жоқпын», – деп жауап берді.

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ