Фонограмма қолданатын алаяқтарды сахнадан қуатын кез жетті

30.05.2018
Қаралды: 102

Аузы бардың бәрі әнші. Дауыстың керегі жоқ. Неше түрлі конкурстар ұйымдастырыл­ғанымен бірен-сараны болмаса, бәйгеге қатысушылар дайын фонограммамен барады. Ел ішінде дайын фонограмманы қоса салып,  аузын жыбырлатып ақша тауып жүргендер өте көп. Тіпті атағы дардай әншілердің өзі ел ішіндегі концерттерде әндерінің көбін фонограммамен орындайды.

 

Табынушылары бас ұрып жүрген кей әншінің табиғи дауысын естігенде жылағың келеді. Алаяқтық деген осы емес пе? Ең сорақысы, өсіп келе жатқан жас өркен «өнер деген осындай халтура екен ғой» деп қабылдайтын болды, соған ұмтылушылар қатары артты. Қысқасы, заңмен тосқауыл қоймаса, фонограммамен халықты алдайтын алаяқтар саны жыл санап арта түскелі тұр. 

 

Осының алдын алу мақсатымен Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов мынадай мәтіндегі депутаттық сауалын жария етті:

 

«Адамның бойында биік парасаттылықты, жоғары талғамды, елі мен жеріне деген ыстық ықыласын қалыптастырып, оның эстетикалық қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған мәдени құндылықтардың ішіндегі ең кең тарағаны – ән. Ғасырлар қойнауынан бастау алатын халықтық әнмен бірге заманауи әндер де қатар дамып, қанат жайды. Талапты әрі талантты жас буын әншілер қалыптасты. Халықтың құрметіне бөленген, шет елдерге Қазақстанның атын шығарған хас шеберлер де бар.

 

Дегенмен қоғамда осы салаға, әсіресе эстрада жанрындағы әншілердің өнеріне, әннің мәтініне орынды сындар айтылуда.  Тұрғындармен кездесулерде олар ән өнерінің болашағына алаңдаушылық білдіріп, бұл саланың жекелеген тұстарын заңнамалық тұрғыдан реттеу туралы ойларын айтады. Соның ішінде әншінің шынайылығы, табиғилығы, өзінің дауысымен ән орындауы өзекті мәселе болып тұр.

 

Фонограмманы қолдану көрерменнің тұтынушы ретіндегі құқығына нұқсан келтіреді. Ән өнеріне оның ақысын төлеп келген әрбір адам әншінің жанды дауыстағы сапалы қызметін алғысы келеді. Бұл – әділ және заңды талап.

 

Фонограмманы жаппай қолдану техника мүмкіндігін пайдалану арқылы өнерден алыс кей адамдардың сахна төріне шығуына жағдай туғызады. Бұл – осы уақыттың ақиқаты, көпшіліктің ойында ғана емес, аузында жүрген әңгіме. Сырт елдерге танымал аға буын әншілердің де пікірі осындай.

 

Әлемнің дамыған елдерінде фонограмманы қолдану мәселесі заңдылық тұрғыдан шешілген. Мысалға, АҚШ-та фонограмманы заңсыз қолдану, концерттік іс-шараларды рұқсатсыз өткізу алаяқтық болып есептеледі және заңмен қудаланады. Ұлыбритания, Малайзия, Индонезия мемлекеттерінде бұл сұрақ лицензиялау арқылы реттеледі. Сол сияқты, Қытай, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Түркіменстан және Беларусь елдерінде де фонограммаға шектеу қойылған.

 

Ән өнеріндегі тағы бір өзекті мәселе  – әннің мәтіні. Ән сөзіне қойылар талап жоғары болуы тиіс.  Әннің жүректі жаулар әуені оның мағыналы мәтінімен астасып жатса, ол – рухани байлық. Өкінішке орай, мағынасыз мәтіндерге шығарылған әуенсіз әндер көбеюде. Мәтіні тұрпайы, кей жерлерінде анайылыққа дейін жететін әндер құлаққа түрпідей тисе де жастардың арасында кеңінен таралуда. Сырлы саз бен әсем әуенге негізделген әнге сусындамаған жастар болашақта қандай құндылықтарға ден қояды?

 

Әннің мәтінінің сапасына талдау жасайтын кәсіби алқалы орган жұмысын ұйымдастырудың уақыты келген сияқты. Бізбен көршілес кейбір елдерде осындай тәжірибе бар».

 

Сенатор осылай деп қалыптасқан жағдай заңнамалық тұрғыдан реттеуді қажет ететініне назар аудартты. Шет елдерде концерттік қызметті негізінен қоғамдық ұйымдар арқылы лицензиялау жолымен шешіп отырғанын айтқан депутат С.Еңсегенов Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтан тиіс­ті мемлекеттік органдарға тапсырма беріп, аталған мәселелерді заңнамалық тұрғыдан шешу жолдарын қарастыруды талап етті.

 

...Сол талғамсыз тыңдармандардың арасына сіз бен біз де бармыз. Егер концертке барсақ, маңдай терімізбен тап­қан адал ақшамызға шынайы дауысымен көркем өнер көрсете алатын талантты әншілердің лайықты қыз­метін сатып алуға тиіспіз. Ал аузын жыбырлатып, сах­нада ары-бері секірген түрін көріп, әні фонограмма екенін біле тұра алаяқтыққа көну ұлтты талғамсыздық­қа ұрындырады. Сахнада тек таланттарды қалдырып, алаяқтарды қасиетті өнерден ығыстыратын уақыт жетті.

 

Әділбек ҚАБА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ