Даудың дәуі – жер дауы

30.05.2018
Қаралды: 522

Кешегі аптада Вьетнамда халық толқуы болып өтті. Ол ел астанасы – Ханойды, ең ірі қала – Хошиминді, оған қоса бірнеше провинцияларды, Фукуок аралын қамтыды. Үкіметтің кейбір шешімдеріне наразылық білдірген бейбіт шерулердің соңы қантөгіске ұласып кете жаздады. Осыған байланысты Үкімет шерулер қамтыған аумақтарда төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.

 

Қытай қаптайды деп қорқады

 

Вьетнам Үкіметі өткен жылы жерді 99 жылға жалға беруге байланысты сөз қозғап, бұған қатысты заң жобасы жасалған еді. Содан бері ел іші тыныш емес, халық алаңдаулы болатын.

 

Таяуда Вьетнам билігі ірі 3 еркін экономикалық аймақ құру жөніндегі жоспарын жария етті. Жұрт осыған наразы, халық ондай жағдай орын алса, қытайлардың жерді жалға иеленуіне, сондай-ақ активтерге, жылжымайтын мүлікке ие болуына қолайлы жағдай туады, олар бәрін сатып алып қояды деп үрейленеді. Өйткені Вьетнам солтүстігінде Қытаймен шектеседі, осы жақтан келушілер нөпірін тоқтату қиын болады деп уайымдаушылар көп.

 

Вьетнамдықтар сондай-ақ кибер­қауіпсіздікке қатысты заң жобасына да қарсы шығуда. Мұны жұрт сөз бостандығына қысым көрсету, азаматтардың ой еркіндігіне тұсау салу, оларды жаппай бақылауға алу үшін жасалып отыр деп ұғады.

 

Наразылық шерулерінде ұсталып, қамауға алынғандар бар. Ал ел Үкіметі жерді шетелдік инвесторларға жалға беру тәртібіне өзгертулер енгізіліп, жалға бері мерзімі қысқартылатынын мәлімдеді. Ақырында заң жобасын қарау кейінге қалдырылды.

 

Ежелден дұшпандығы бар екен

 

Жалпы, кейінгі оншақты жылда экономикалық мүдделерге орай жақындаса бастағаны болмаса Вьетнам мен Қытайдың арасы бұрыннан жақсы емес. Шығыс Қытай теңізіндегі бірқатар аралдар тізбегі бойынша араларында жер дауы әлі де бар, оларды екі жақ та өзіне тиесілі санайды.

 

Вьетнам кезінде мың жылға жуық Қытайдың отары болған, яғни оны Қытай бірнеше мәрте басып алған. ХІХ ғасырда оны – Франция, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Жапония жаулап алды. Бұл кездері ондағы Ұлт-азаттық қозғалыстары бір сәт те толастаған емес. Кейін Вьетнамда Азамат соғысы болды, ол АҚШ пен оның одақтас­тарының агрессиясын да басынан өткерді. Ол 1975-жылдардан кейін ғана еңсесін жия бастады, дамудың социалистік жолын таңдады.

 

1979-жылы тарихта екі социалистік елдің арасында соғыс болғаны белгілі. Яғни Қытай Вьетнамға басып кірген болатын. 1 ай жүрген соғыс қимылдарының нәтижесінде Қытай жағы жеңіліп, өз әскерін Вьетнамнан алып кетуге мәжбүр болды. Дегенмен ол бірқатар аралдарды өзіне қаратып алған еді. Сол кезде екі жақтан 400 мыңға жуық солдат пен бейбіт тұрғындар қаза тапқан болатын.

 

Вьетнам мен Қытай арасында 1984 және 1988-жылдары да әскери қақтығыстар орын алған. Олар 1990-жылдардан кейін ғана экономикалық жағынан қатынаса бастады. Соның өзінде де ара-тұра кикілжіңдер орын алап қалады.

 

Мысалы, 2014-жылы Қытай теңіздің Вьетнамға қарасты бөлігінде мұнай іздеу жұмыстарын жүргізбек болды. Осы кезде екі жақтың адамдары арасында қақтығыс орын алды, бұдан хабардар болған халық ел ішіндегі өздері қытайлық деп білетін болат қорытушы зауытқа шабуыл жасады, сол кезде бірнеше адам өліп, жарақат алғандар болды. (Бұл зауыт тайваньдық инвесторларға тиесілі екен, ол кейіннен белгілі болды).

 

Қысқасы, экономикалық мүддеге қатысты жақындасулар болғанның өзінде вьетнамдықтардың Қытайға көзқарасын жақсы деуге келмейтін сияқты. Олар да ежелден сыралғы болып қалған Қытайдың «тыныш экспансиясынан» қорқады.

 

Вьетнамның солтүстігі мен оңтүс­тігінде ежелгі заманда қоныс аударған қытайлықтардың ұрпақтары да бар. Қытаймен арасы нашарлап тұрған 1978-жылы Вьетнамдағы  300 мыңдай қытай диаспорасының өкілдері елден көшірілген екен. 1979-жылғы соғыс кезінде шекара аумағындағы кейбір этникалық қытайлардың бас­қыншыларға қызмет көрсеткендері де болыпты. Сондықтан Вьетнамда олар­ға сенім аз. Ал, жалпы, бүгінгі Вьетнамда 1 миллионнан аса қытай ұлтының өкілдері тұрады деседі.

 

Бұл өзі қандай ел?

 

Осы орайда Вьетнам елі туралы танымдық деректер айта кеткен де артықтық етпес.

 

Вьетнам – социалистік ел. Дегенмен ол – бұрынғы Кеңес Одағындай емес, нарықтық экономикаға бейімделген мемлекет. Өндіріс орындары жеке меншікке берілген, шетелден көптеп инвестиция тартады, онда жергілікті ғана емес, шетелдік бизнеске де жағдай кеңінен жасалған. Онда байлар да, кедейлер де бар, олардың табыс көлемі жағынан айырмасы жыл өткен сайын алшақтай түсуде. Дегенмен бұл елде жұмыссыздық деңгейі Азияның көп мемлекеттеріндегіден әлдеқайда төмен, адамдарына әйтеуір бір шаруамен айналысуға мүмкіндіктер жасалған. Халқының үштен бірінен астамы – қала тұрғындары, 94 пайызы сауатты.

 

Вьетнамда бүгінде 95 миллионнан аса адам тұрады, оның 86 пайызға жуығы – жергілікті ұлт өкілдері. Олардың діні де қызық, жер бетінде таралған ешбір дінге ұқсамайды, негізінен олар ата-баба әруағын құрметтеп, оларды жиі еске алып тұрады. Елдегі өзге ұлт өкілдері арасында ғана Будда, протестант діндерін, тағы басқа дін мен діни ағымдарды ұстанатындар бар, алайда олардың жалпы шамасы 16 пайызға жетпейді.

 

Вьетнам күріш өсіруден әлемде Бирмадан кейін 2-ші орын алады, сондай-ақ ол осы дақылды экспорт­қа шығарудан да 2-орында тұр. Бұл елде кофе де көп өндіріледі, 2012-жылы Вьетнам бұл саладағы көшбасшы – Бразилияны басып озған. Онда жеңіл өнеркәсіп те дамыған, бұл сала бойынша ол әлемдегі алдыңғы қатарлы 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Елде ағаш өңдеу, машина жасау, түрлі-түсті және қара металлургия салалары, мұнай, көмір, темір  өндіру де өркендеген. 2011-жылы ол әлемдегі ең бақытты ел деп танылған, жалпы, халқы қонақжай, ашық-жарқын мінезімен ерекше­ленеді, сондықтан Вьетнамға туристер де көп барады.

 

Қысқасы, Вьетнам – Оңтүстік-шығыс Азиядағы жылдам дамып келе жатқан мемлекет.  Әскери қуаты жағынан да ол осал емес. Бүгінде Вьетнам Қарулы Күштер қатарындағы адамдар саны жөнінен әлемде 10-орын алады, онда 500 мыңға жуық адам бар. Сондай-ақ резервте 5 миллионнан аса адам тұр.

 

Вьетнам халықтық армиясы – ХХ ғасырда Францияға, Жапонияға, АҚШ-қа, Қытайға қарсы соғыстарда шыңдалған әскер, оның әскери дайындығы жоғары саналады.

 

...Міне, өз тарихында қиындықты, жау­лап алу мен соғыстарды көп көрген Вьет­нам – осындай ел. Бүгінгі Вьетнам­мен көршілері де, әлемнің жетекші мем­ле­кеттері де тең дәрежеде санасады.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ