Ұлттық домбыра күнін тойлайтын болдық

30.05.2018
Қаралды: 372

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың шілде айының алғашқы аптасында  Ұлттық домбыра күнін мерекелеу жөніндегі Жарлығы шығып,  күшіне енді. Жарлықтың орындалуы Президент Әкімшілігіне тапсырылды.

 

Бұл шешімді бүкіл халықтың шын жүрегімен қуана қолдары анық. Өйткені домбыра – қазақтың ұлттық саз аспабы ғана емес, ол – ұлт тарихының шежіресі, өлмес куәсі, ұлт рухының символы. Кейбір деректерге қарағанда, оның пайда болғанына 5 мың жылдан асқан екен. Яғни домбыра халқымызға бағзы заманнан серік болып, оның тұрмыс-тіршілігін, ерлігін, өр рухын жырлап келеді. Оның пернесінен төгілген күйлерден ұлтымыздың бастан өткерген қилы тағдырын,  үміт-сенімін сезінесің, дүбірлеткен төкпе күйдің, сыр ұқтырған шерпе күйдің үнінен бойың шымырлап, қаның ойнайды, жан-дүниең серпіліп, рухың асқақтайды.

 

Домбыраны қазақ қашанда қастерлеп, үкілеп, үйінің төріне ілген. Бір кездері қадірін төмендетіңкіреп алсақ та оған деген құрмет ешқашан жойылған емес. Соның айғағы – осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде «Домбыра-пати» деген атаумен ұйымдастырылған қозғалыс. Елордамыз – Астанадан бастау алған оны халық қолдап, еліміздің әр қаласында дерлік өткізіліп тұрғаны белгілі. Бұл шара жұрттың домбыраға деген сүйіспеншілік-ықыласын қайта жаңғыртты. Өнерпаздарымыз домбыра құдіретін шет елдерде де танытып жүр.

 

Енді, міне, елімізде Ұлттық домбыра күні мерекесі ендірілді. Ол дәстүрге айналып, жыл сайын шілде айының алғашқы аптасында аталып өтетін болады.

 

Ендеше, алдағы келе жатқан мереке құтты болсын, ағайын! Домбыра мәңгі жасасын!

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ