Балалар сауапты іске атсалысып жүр екен

22.05.2018
Қаралды: 483

Кешегі аптада Шымкенттегі бірқатар сауда орындары мен сая­бақтарды аралап көрген едік. Сонда қолдарына садақа жәшігін ұстап, жұрттан науқас балаға жәрдем беруін сұранып жүрген жас жеткіншектерді көзіміз шалды. Сосын олардың екі-үшеуін сөзге тарттық.

 

Балалар бізге өздерін ДЦП дертіне шалдыққан сәбиге қаржы жинап жүрген еріктілерміз деп таныстырды. Кеуделеріне «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының азаматтық белсендісі» деп жазылған «бейджик» тағып алыпты. Онда қоғамдық қордың есеп-шоты көрсетілген мөрі басылған. Өзін 14 жастамын деген Максим есімді біреуінің қолындағы садақа жәшігінде «Алтыханов Аланға көмек. Сырқаты: ДЦП – двойная гимеллия. Сәбидің анасы – Панченко Алена Олеговна» деп жазылыпты. Реквизиттер және анасының байланыс нөмірі көрсе­тілген.

 

«Достарымнан Алан жайында естіге­німде оған жаным ашыды. Оның еміне 3 миллион 800 мың теңге ақша керек екенін білгенімде халықтан көмек сұрауға бел будым. Бұл ойымды ата-анама айтып, олардың рұқсатын алдым.

 

Шымкенттің Орынбаев көшесіндегі №42 үйде орналасқан қайырымдылық қорында қазір 16 ерікті тіркеліп, қала көшелерінде тұрғындардан көмек сұрауда. Біздер екі апта көлемінде 1 миллион теңгеге жуық ақша тауып қойдық. Енді тағы бір айдың ішінде қажетті қаражат толық жиналып бітсе, Алан ота жасату үшін шетелге ұшады», – дейді Максим.

 

Ал екінші баланың аты – Тимофей, ол қаламыздағы №30 мектептің оқушысы екен.

 

«Қаладағы Қырғы базарда, «ЦУМ», «МЕГА» сауда-ойын-сауық орындарында серігім екеуміз ақша жинаймыз. Күніне 10 – 15 мың теңге тауып, жетекшіміз Шолпан Абаеваға кешкісін өткізіп кетеміз. Ол кісі біздің қайырымдылық жасап жүргенімізді айтып, түскі тамағымызды, сусын, балмұздақ әпереді.

 

Бізге көп кісілер сенбей, құжаттарымызды сұрайды. Ондайда үнемі қолымыздан тастамайтын тиісті құжаттарды көрсете қоямыз. Білесіздер ме, науқас сәбиге қол ұшын беруге аналар көбірек атсалысады. Ондай аналарға көп алғыс айтамыз», – дейді Тимофей.

 

...Міне, бүгінде Шымкент көшелерінен осындай балаларды да кезіктіруге болады. Олардың мұқтаж жандарға қол ұшын созуға өз еркімен шығып жүргеніне іштей сүйсіндік. Дегенмен осындай балалардың еңбек етіп тапқаны расында да тиісті шаруаға бағытталып отыр ма екен деген ойдың да қылаң бергені рас. Әйтеуір сауапты іс өз мақсатына қарай жүргізіліп жатса болыпты да.

 

М. ДАНА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ