Ағаштан көзілдірік жасайтын жігіт

30.05.2018
Қаралды: 315

Бабалардан аманат болып жет­кен қол­өнердің бағасы қашанда кемі­ген емес. Сол себептен өнердің осы бір түрін жаңғыртып, кәсіп етіп жүрген азаматтарды көр­генде көңілге қуа­ныш ұялайды.

 

Қолынан іс келетін шебер жандардың бірі – жаңаөзендік Қуаныш Қынабай. Жасы 30-ға әлі толмаған жігіт бүгінде «Домалақ» деп аталатын шағын шеберхана ашып алған. Былғарыдан әртүрлі бұйым жасайды. Ал ең бастысы, өте сапалы ағаштан көзілдірік істеп, талайды таңдай қақтырып жүр.

 

«Жаңаөзендегі мектепті тәмамдаған соң Алматыға келдім. Орал Таңсықбаев атындағы сәндік қолданбалы өнер колледжіне оқуға түсіп, сол жерде біраз нәрсе үйрендім, – дейді Қуаныш. – Оны бітіргесін Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық универ­ситетінде дизайнер-архи­тектор мамандығы бойынша жоғары білім алдым.

 

Негізі өз атам мен оның ағасы заманында қолөнер шебері, теріден бұйым жасайтын кәнігі маман болған екен. Атамыз өзіне, айналасындағы адамдарға мәсі тігіп беретін, қайыстан белдік жасап тарту ететін жомарт жан еді. Бәлкім сол кісілердің бойындағы қасиет маған дарыған шығар. Кішкентайымнан сурет салуға құштар болдым. Алматыда оқып жүргенде түрлі өнер көрме­лерін аралап, тамашалағанды ұнататынмын. Әлі есімде, 2011-жылы Алматы қаласыда үлкен көрме болды. Сонда барып, теріден жасалған түрлі бұйымдарды қызықтап, осы саладан өз орнымды табамын, кәсіпкер боламын деп шешім қабылдадым».

 

Қуаныштың жас та болса бір істі соңына дейін жеткізе алатын қасиеті 2011-жылы өз шеберхана­сын ашуға мүмкіндік жасапты. Небәрі 300 мың теңгемен бастал­ған кәсіп бүгінде өркендеп, күннен-күнге қанат жайып келеді. Олар теріні Қордайдағы, Шымкенттегі тері өңдейтін арнайы кәсіпорын­дардан сатып алады. Сосын оны әртүрлі пішінге салып тігеді, әр береді. Кейіп­керіміз енді бірнеше қаладан авторлық бұйымдар сататын дүкен ашуды жоспарлап отыр.

 

Жалпы, бізге теріден жасалған әмиян мен басқа да заттардың таңсық еместігі анық. Ал ағаштан көзілдірік жасауды екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше өнер десек болады. Қуаныш шебер мұны жақсы түсінеді. Сондықтан сонау АҚШ-тан – ағаш, Қытайдан көзілдіріктің әйнектерін алды­рып, білек сыбана кірісіп кеткен.

 

«Көзілдірік – өте нәзік бұйым. Әрі ол екінің біріне шақ келе бер­мей­ді, бетінің пішініне, талғамы­на қарай жасамасаң өтуі қиын. Бірақ біз мұның қыр-сырын әбден зерт­тедік. Өзіміздің емен, қарағай секілді ағаштар қатты, сапалы бол­ға­нымен морт сынатыны бар екен. Сондықтан Еуропадан алдыруды жөн көрдік. Ол жақтың ағаштары иілгіш келеді екен. Яғни күтіп ұстай білсе көзілдіріктің ғұмыры ұзаққа жетеді. Біздің шеберханада ағаш көзілдіріктің «оправасына» серіппелі бұранда (шуруп) қойы­лады. Яғни ол ағашты кез кел­ген өлшемге керіп тұрады. Бет піші­ніне оңай «отырады». Бағасы да сапасына сай, 20 – 25 мың тең­генің көлемінде. Алғаш естігенде ба­ғасы қымбат сияқты көрінеді, бі­рақ шетелдік бренд көзіл­діріктерге де осы сомадан артық шығындай­тыныңыз белгілі ғой», – дейді Қуаныш.

 

«Домалақ» шеберханасында жа­сал­ған кез келген бұйымға талғамыңызға сай естелік сөздер, адамның атын жаздырып алуға да болады. Сосын әр затты өз өлше­міңізге, ұнататын түсіңізге, пішініңізге сәйкестендіріп тапсырыс беруге мүмкіндік бар.

 

Біздің кейіпкер өзі секілді жас жігіттерді жігері мұқалмай, батыл қадам жасап, кәсіпкерлікпен айналы­суға шақырады. «Алдымен неге қызығатыныңды анықтап ал, өз жолыңды тап. Сосын аздан бастап үйрен, кәсіп бастаудың реті осы екен деп несие алуға болмайды», – дейді ол.

 

Жалпы, Қуаныш Қынабайдың бо­йында ұлттық намыс, рух атойлап тұр. Қазағын жанындай жақсы көреді. Ұлтымның мерейі әр уақытта үстем болсын дейтін азамат. Сол себепті осы кәсіпті таңдап, ата жолын қуып отыр. Әйт­песе өзге жігіттер секілді кеңседе отырып істейтін жұмысты таңдаса да оған ешкім қой демес еді. Ендеше, ұлтжанды азаматтың ісі берекелі болсын деп тілек білдірейік. Кәсібі өркендей берсін!

 

Ал «Домалақ» шеберханасынан шыққан бұйымдарды «Инстаграм» желісіндегі «@domalaq» парақшасынан тамашалауға болады.

 

Қуаныш Қынабайдың байланыс телефоны: 8-701-418-30-38.

А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ