Көзді құрттан тіл салып тазартыпты

30.05.2018
Қаралды: 345

Ермек деген танысымыз бар. Ол бұдан бес жыл бұрын Алматы облысының Талғар ауданына досының шақыруымен барғанда тауда серуендеп жүріп құлап, аяғын екі жерінен сындырып алған еді.

 

 

Таяуда Ермектің ата-анасының 60 жылдық мерейтойлары аталып өтті. Сонда тойға деп жыл­қы сойылып, екі жілік сиыр еті алыныпты да, ол жетпей қалар деген туыстары тағы да бір қой соймақ болыпты. Бұл шаруа Ермекке тапсырылады. Содан ол өзіне көмекке інісі Берікті шақыртады.

 

Қысқасы, ағайынды екі жігіт қойды сойып, етін жайғастырып жатқанда оқыс бір оқиға орын алыпты. Ермек көзіне кенеттен бірдеңенің кіріп кеткенін сезінеді. Содан уқалай-уқалай көзі қатты қызарып кетіпті. Үйіне барып, жағдайын келіншегіне айтқанда ол күйеуінің көзін ас содасының ерітіндісімен шайдыртқан. Бірақ одан нәтиже болмаған. Сосын Берік оны ауруханаға апарған екен, дәрігер түрлі дәрілер жазып беріпті. Бірақ оларды қолдан­ғаннан да ештеңе шықпаған.

 

Содан тойдың кезінде Жанар деген акушерка құдашасы Ермектің жайын көріп, оны дәрігерге көрінуге көндіріпті. Сол кездегі тексеру барысында көздің ішінде ұсақ құрттар бары анықталыпты. Ермекті шалқасынан жатқызып, арнайы құрылғымен шұқылап, тазалаған дәрігер: «Ары қарай тазалау қауіпті. Жақын жерде көзге тіл салып емдейтін Сәлима деген апа бар. Жылдам соны алдырайық», – деп кеңес беріпті. Сосын ол кісі адам жіберіп, Сәлима апаны ауруханаға алдырады. 

 

Қысқасы, Ермек осылайша ойда-жоқта көзінен айырыла жаздаған екен. «Сәлима апа болмағанда соқыр болып қалар едім. Ол кісі көзімді құрттардан өзінің тілін салып тазартты», – дейді Ермек.

 

...Міне, өмірде осындай да оқиғалар болады екен. Мұны Ермектен естігенімде сенер-сен­бесімді білмей қалдым. Кейін апама естігендерімді айтып беріп едім: «Көк шыбынның ісі ғой. Сондай шыбын болады. Ұрығын ұшып ке­ле жатып та шашып кетеді. Мұн­дай оқиғалардың талайын есті­генбіз. Досыңды Құдай сақтап қалған екен», – деді анам.

 

Мұны әсіресе қазіргідей тамылжыған жаздың кезінде табиғат аясында демалуға шығатын адамдар біліп жүрсе екен дейміз. Өйткені төңіректе шыбыннан бас­қа да қауіп төндіретін жәндіктер бар ғой. Сондайлардан сақ болыңыздар демекпіз.

 

М. ДАНА. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ