«Келін» фильміне түскен қыз

14.07.2016
Қаралды: 1283

Актриса Гүлшарат Жұбаеваны көпшілік «Келін» фильмі арқылы біледі. «Келінде» келін рөлін сомдағаннан кейін аздап көрерменге жақпай қалғаны бар. 

Бірақ Гүлшарат одан кейін де тарбие мен тағылымға толы «Қарашаңырақ», «Әке серті», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» секілді кинотуындыларға түскен. Соңғы кездері ол «Фейсбук» әлеуметтік парақшасында өзі тіккен киімдерін, қолөнер бұйымдарын жарнамалай бастады. Гүлшараттың қазақы ою-өрнекпен көмкерілген дүниелері бізді таңдай қақтырды. Сосын «осының бәрін шынымен өзі тіге ме?» деген сауал туындады. Не де болса, бәрін өзінен сұрайық деп шештік.

– Гүлшарат, әңгімемізді өзіңіздің туып-өскен жеріңізден бастасақ...

– Мен Өзбекстанда, Нүкіс қаласында 1985-жылы дүниеге келгенмін. Отбасында жеті ағайындымыз – төрт ұл, үш қыз. Тағдырдың жазуы болар, төрт бауырымнан да айырылып қалдық. Қазір үш қызбыз. Өзімнен кейін екі сіңлім бар. Әкем өмір бойы тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен, қазір зейнетте. Ал анам – агроном.

Біз 2001-жылы отбасымызбен Атырауға көшіп келгенбіз. Алдымен музыкалық училищеде би өнері бойынша білім алғанмын. Екінші мамандығым – заңгер. Ата-анам өнерге баруыма аздап қарсылығын білдіріп, салмақтырақ мамандықты таңда деген соң, заңгерлік сала бойынша жоғары білім алдым. Бірақ бала күнімнен өнерге жақын болғаннан кейін мен одан алыстап кете алмадым. Заңгерлік мамандықпен қанша жерге жұмысқа кіргізді, тіпті прокуратурада да жұмыс істеп көрдім. Бірақ көп ұзамай шығып кеттім. Қысқасы, ол сала менің жаныма жақын еместігін түсіндім. Атырауда театрда жұмыс жасап жүрген кезімде, режиссер Талғат Теменовтен Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрына шақырту алдым. Сөйтіп 2007-жылы Алматыға келіп, ары қарай әр түрлі кастингтерден өтіп, фильмдерге түсу жұмысы басталып кетті.

– Сіздің кино әлеміндегі тұсауы­ңызды «Келін» фильмі кесті ме?

– Солай. Негізі «Келінді» көрген әрбір көрерменде маған деген біртүрлі көзқарас қалыптасқан. Өйткені қазақта бұрын-соңды мұндай фильм болмаған ғой. Бәріне кінәлі – өнерге ғашықтығым. Кішкентайымнан би биледім, спортқа қатысып, таэквандодан қара белбеу иесі (бірінші дан) атандым, суретші де бола жаздадым. Бірақ киноға түсу менің басты арманым еді. Мендегі бір «шанс» «Келін» фильмі болды. Алғашында-ақ режиссер маған: «Кейіпкеріңнің жалаңаштанатын жерлері бар», – деді. Адамға анасынан артық жан жоқ қой, анаммен ақылдастым. «Қызым, өзің біл. Әкеңнің рұқсатын ал», – деді ол кісі. Ал әкем: «Қызым, егер жүрегің шын өнер деп соғып тұрса, бетіңнен қақпайын. Ішің жалаңаштанбаса болғаны да», – деді.

– Қазір бір үйдің түтінін түтетіп отырған келін, аяулы ана, адал жар екеніңізді білеміз. Одан бөлек, әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі қолөнер бұйымдарын, қазақы нақыштағы тұрмыстық заттарды тігетін өнеріңіз бар екен...

– Иә, менің анам – тігінші. Өзінің 40 тігіншісі бар кәсіпорны болатын, әлі де тігістен қол үзген жоқ. Іс тігу өнерін кішкентай күнімнен анамның қасында жүріп үйрендім. Қазір менің екінші жұмысым – тігіншілік. «Шабыт» деп аталатын шағын мекемеміз бар, оның құрамына тігін цехы, елу адамнан құралған би ансамблі кіреді. Яғни бишілеріміздің сахналық киімдерін, басқа да сырттан келетін тапсырыстарды тігумен айналысамыз. Былтырғы жылдың жетістігі десем де болады, өзіміз құрылыс жұмыстарын жүргізіп, би мектебін, үлкен тігін цехын аштық. Қазір сол би мектебімізге кішкентай балалар қабылдап, оларды тәрбиелеп жатырмыз.

– Осы ретте әртіс боламын дейтін іні-сіңлілеріңізге қандай кеңес берер едіңіз? Жалпы, балам әртіс болса деп жүрген ата-аналар алдымен қайда баруы керек?

– Расында да осы сұраққа жауап таба алмай жүрген жандар көп. Мен ондай кісілерге мынаны айтамын: Баланы ешуақытта шектемеңіз. Спортпен айналысқысы келді ме, бетінен қақпаңыз, үйірмеге қатыстырыңыз. Билегісі келді ме, бишілерден дәріс алсын. Ән де айтсын. Яғни балаға «Сен мына саланың ғана маманы боласың!» деп талап қоймаңыз. Уақыт өте келе бала қандай саланы қалайтынын өзі шешеді. Мәселен, мені ата-анам ештеңеден шектеген жоқ. Жаңа айтып өткенімдей, спортпен де айналыстым, ат спортынан да хабарым бар, биден дәріс алдым, заңгерлікті бітірдім, кино саласында еңбек етіп жатырмын, тігіншілігім тағы бар. Яғни баланың бойында бір емес, бірнеше өнер болғаны дұрыс.

– Осының бәріне қалай үлгересіз? Жасыратыны жоқ, жұмысы мен үй шаруасын қатар алып жүре алмайтын әйелдер бар арамызда. Солар­ға өз құпияңызбен бөлісесіз бе?

– Мен ата-енеммен бірге тұрамын. Сондықтан отбасымның береке-бірлігі, шаңырақтың тазалығы, жайлылығы – менің мойнымда. Кешке дейін жұмыстармен жүрсем де, үйге келген соң бар шаруаны өзім істеймін. Күйеуімнің, балаларымның ертеңгі күнге киетін киімдерін дайындап, үйдің ішін жинап, таңертеңгі дастарханға қоятын тәттілерді пісіріп барып ұйықтаймын. Жалпы, менің түсінігімде, әйел деген осындай болуы керек. Жұмыс істеймін деп шештіңіз бе, онда бәріне үлгеруге міндеттісіз.

Жап-жас болып ақыл айтты демессіздер, тағы бірер кеңес берсем деймін. Отбасы бақыты – әйелдің қолында. Барды ұқсатып жаратса, жоққа сабырлықпен қараса бәрі жақсы болады. Қандай жағдай болмасын, ашуланбаңыз. Бәріне түсіністікпен қараңыз. «Анау жоқ, мынау жоқ» деп күйеуіңіздің миын ашыта бермеңіз. Сізге деген сезімі суып кетуі мүмкін.

– Соңғы сұрақ болсын, түр-сымбатыңызға қандай да бір ерекше күтім жасайсыз ба?

– Диета ұстамаймын. Артық салмақ қоспауымның сыры – күнделікті бимен айналысып отырамын. Айтпақшы, әйелдерге де осындай кеңес беремін. Күн сайын билеңіздер, арықтаудың ең қарапайым тәсілі – осы. Сән салондарына да жиі барамын деп айта алмаймын. Бетіме, шашыма үйде, қолда бар заттарды пайдалана отырып күтім жасаймын.

– Әңгімеңізге рахмет. Өнеріңіз өрлей берсін!

Сұхбаттасқан – А. ҚАСЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ