Теріс ағымға еріп, отбасынан безді

30.05.2018
Қаралды: 362

Ауылдағы көршім Мөлдір Сұлтан деген жігітпен (аттары өзгертілді) тұрмыс құрған еді. Ол отбасында өскен үш қыздың ортаншысы болатын.

 

Мөлдірдің ата-анасы екі қыздары тұрмыс құрғанда ақшадан қысылып, қатты қиналды, несие алып, қарызға белшесінен батқан еді. Әйтеуір қыздарының тұрмысы жақсы жерге барғанын көңілдеріне медет тұтқан болатын. Енді олар Мөлдір мен оның балаларының болашағын ойлап, уайымдап жүр. Себебі жастар бір жыл бірге тұрғасын ажырасып кетті.

 

Мөлдірдің жары тарих пәнінің мұғалімі еді. Кейінгі кезде ол дін жолына түсіпті. Бір жаман жері – «өйтуге болмайды», «бүйтуге болмайды» деген сөздері көбейіпті. Ақырында намаз оқуға мүмкіндік бермейді деп жұмысынан да алаңсыз шығып кетіпті. Сөйтіп жүріп әйелімен де оп-оңай ажыраса салған.

 

Ол күнде ертемен тұрып, мешітке кеттім деп кеткеннен қараңғы түскенде бір-ақ оралады екен. Табыс табу, отбасын асырау ойына кіріп те шықпайтын болған. Мұнысына күйінген ата-анасы кейін жастарды бөлек шығарыпты. Алайда мұның соңы келіндерінің төркініне кетіп қалуымен аяқталған.

 

Барлық шындық  құда-құдағилар келіні мен немересін алып кетуге келгенде ашылды. Мөлдір бәрін де жасырмай айтты. Күйеуі айтқаны дер кезінде бола қоймаса оны әй-шай жоқ тепкінің астына алады екен. Сәбиі жыласа да, газдағы қайнаған шәйнектің қақпағы тарсылдаса да, есік шиқылдап, тұтқасы бұзылса да Мөлдір таяқ жейді.  Азық-түлік таусылып, үйде бір тиын ақша қалмағанын айтса: «Қайыр сұра да, тап!» – дейді екен.

 

Бірде жолығып қалып, жағдайын естіген соң енді не істемек ойы барын сұрағанымда: «Енді ол үйге аттап баспаймын. Әкесінің қандай екенін қызым мен іштегі бала білмей-ақ қойсын», – деген еді Мөлдір.

 

Таяуда Мөлдір ұлды болды. Ата-енесі келіп, немерелерін иіскеп кетті. Ал Сұлтан туралы ешқайсысы ауыз ашпады. Оның қайда, не істеп жүргенін ешкім де білмейтін көрінеді. Өзін көргендерге ол: «Дін жолында жүрмін», – дейді екен.

 

...Осындай оқиғаларды естігенде жаным күйзеледі. Дұрыс қой, дінді ұстанғанға ешкім де қарсы емес, бірақ осылай екен деп дінге түпсіз беріліп кетуге бола ма? Сұлтан сияқтылар бір үйдің мәпелеп өсірген қызының өміріне қиындық әкелгенін неге сезінбейді? Әйелін, балаларын неге аямайды? Олардың сөйтіп жүріп дін жолындамын дейтініне қайран қаламын. Обал-сауапты білмейтін ол қандай дін жолы?

 

Қасиетті Ислам дініміз адамды адамгершілікке тәрбиелейді емес пе? Ендеше кейінгі кезде Сұлтан сияқтылар неге көбейіп келеді? Осыған мән беріп, зерттейтіндер бар ма? Әлде әркім өзінің күнін көрсін деп мұндай келеңсіздіктерге де көз жұмып отыра береміз бе? Мұндайларға да бір тыйым болуы керек шығар?

 

Ж. БЕРДІМҰҚАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ