«Харекеттің» үлгілі әрекеті

30.05.2018
Қаралды: 300

Олар 8 айда 13 отбасыны шаттыққа бөледі

 

 

Елімізде «Харекет» деп аталатын қайырымдылық қоры жұмыс істейтінінен бүгінде көзіқарақты жұрт құлағдар. Оның «1000 теңгеге – баспана!» деген ұранмен  жұмыс бастағанын әлеуметтік желі арқылы бүкіл қазақстандықтар біледі десек болады. Біз таяуда осы қордың негізін қалау­шы әрі жетекшісі Гүлмира Мұқанқызымен сұхбаттасқан едік.

 

Желі оқырманының ұраны ой салды

 

«Мен Түркістан қаласында туып-өскенмін, – дейді ол. – Алланың пендесіне парыз еткен міндеттерін қалтқысыз орындайтын жанмын. 2003-жылы Астанаға отбасыммен көшіп бардым. Қысы қатал қалаға үйрену маған оңайға соқпады. Әсіресе астаналықтардың ұғымы, таным-түсінігі мені қатты таңқалдырды, қалалықтардың көпшілігінің тілінде кәлимасы жоқ екен. Осыдан қорықтым. Сондықтан 2013-жылы «Face­book» желісіне тіркеліп, «Иман­ашар» деген топты жүргізіп отырдым. Қазіргі таңда 25 мыңға жуық оқырмандарым уағыздарым мен кеңестерімді оқып тұрады.

 

Күндердің күнінде оқырмандарымның арасынан бір жігіттің: «1000 теңгеден «Черная касса» ойнайық!» – деген ұсынысын оқып қалдым. Оған талай адамдар түрлі пікірлер айтып, ұсыныс та жазып жатты. Осы кезде санама ой келді. Мың теңгені көпшілік «гәп» деп білетін бас қосуға жаратқанша, осы ақшаны халық болып жинап, неге үй-күйсіз жүрген жандарға баспана әпермеске? Осыны түні­мен ой елегінен еткіздім. Сөйтіп парақшама: «1000 теңгеге – баспана! Шиеттей бала-шағамен пәтерден-пәтерге көшіп, бір үйге зар болып жүрген жандарға қол ұшын берейік. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген қағиданы Алланың рақымы үшін ұстанайық!» – деп жазып қалдырдым.

 

Арада бірнеше сағат өткесін көптің пікірін білейін деген ниетпен телефонды қоссам, 2000-дай адам бұл бастамамды құптайтынын білдіріпті. «Гүл­мира апай, сауапты істі өзіңіз қолға алыңыз. Біз қолдаймыз, ай сайын ақша аударып, көмек көрсетуден қашпаймыз. Қазақтың қазаққа жа­ны ашуы керек!» – деген жазбаларды оқығанда Аллаға сансыз мадақ айттым.  

 

Әуелі Алла, одан соң қайырымды жандардың пейіл-тілегімен «Харекет» қайырымдылық қоры құрылды. «Харекет­тің» мүшелері де жасақталды. Олар: Алғадай Әбілғазы­ұлы, Ардақ Байғабыл, Азамат Елубайұлы, Қуат Қабдолда, Алмагүл Мұқанқызы және мен. Қордың заңды құжатын 2017-жылдың 6-қазанында қолымызға ұстадық. Сонда: «Мұсылман бауырлар! Әр айда 1000 теңгеден кемі 5 мың адам 5 миллион жинайды екенбіз. Осы қаржыға мұқтаж жанға бір үй салып беруге әбден болады. Ортамыз толып, қайырымды жандар қатары артып жатса, бір жылдың ішінде 5 – 10 мұқтаж отбасыға үй әперсек деген ниет бар. Әрине, сіздердің қолдауларыңызбен! Бауырлар, бұдан кейін жақсылық жасап жарысайық! Қажетті қаржы жиналса, баспанаға зәру жандар табылады. Осы күнге дейін 300-ден аса өтініштер тіркеліп қойды. Адал ниет, ақ пейілмен, Алла жолында бүкіл халықтың атынан қор өз жұмысын бастады», – деп жазғанымда талай адамның төбесі көкке жетті.

 

Үлкен бастаманы көпшілік қолдап, маған сенім артқаннан кейін оны қалайда жүзеге асыруға тиіспін дедім. Көмек береді-ау деген мекемелер мен елге белгілі азаматтардың да, өнердегі жұлдыздардың да ал­ды­нан өттім, жоспарларыммен таныстырдым. Қысқасы, бас­­паған тауым, ашпаған есігім қал­мады Алматы мен Астана қа­лаларында. Жаратқанның бер­­ген күші мен төзімінің арқа­сын­­да бұл игі бастама іске асты.

 

Мұқтаждарға баспана бере бастадық

 

Қор жұмысын бастаған ал­ғаш­қы екі айда 300 мың теңге жиналып, ақшаның басы баяу құралды. Бірнеше күннен кейін есеп-шотымызға бір кісі 900 мың теңге аударды. Кейін бұл жомарт жанмен сөйлесіп, са­уап­ты іске атсалысқанына алғысымды айттым. Әйтсе де ол кісі аты-жөнін жариялауымызды қаламады.

 

Осылай тағы екі айға жуық уақыт өтіп, қаржы көлемі 1,5 миллионға жеткенде баспанаға зәру жанды іздеуді бастадық. Бұл қаржыға жақсы үй табыла қоймады. Ақырында Қарағанды облысының Сәтпаев қаласында шағын баспана тез арада сатылады деген жарнаманы «OLX»-тен көріп, сол қалаға бардым. Үй мәселесі шешімін тапқан соң мұқтаж жан­дарды анықтау үшін жергі­лікті «Балмағанбет» мешітінің бас имамы Қондыбай Серік­бай­ұлына, Сәтпаев қаласының дін істері бойынша ақпарат және кеңес беру орталығының директоры Дулат Рашидұлына жолығып, келген жағдайымды айтып, түсіндірдім. Ол кісі өзі жақсы білетін екі отбасыны ұсынған соң олардың тұрмыс-тіршілігін бірге көруді өтіндім. Айтылған отбасылардың бірінде 4 баласы болса, екінші жанұяның жағдайы тіпті мүшкіл екен. Осындағы мекеменің бір бөлме­сін жалдап тұратын, жеті бала­сы бар, жастайынан жетім өскен көпбалалы ананың тағдыр тауқыметі тебірентпей қоймады. Қордың мүшелеріне бәрін тәптіштеп түсіндіріп, олар­дың келісімімен сол отбасыға үйдің кілтін табыстадық. Сонда көпбалалы ана: «Шиеттей бала-шағамен өмір бойы көшіп-қонып, баспанаға зар болған күйі өтемін бе деуші едім. Алланың рақымы түсіп, сіздер көмек бердіңіздер. Барша жомарт жандарға үлкен алғыс білдіремін!» – деген болатын. «Шын сұрасаң, Алла береді» деген осы.

 

Алғашқы баспананың беріл­ге­ні жөнінде әлеуметтік желі­лер­де суреттерімен жариялап, қуанышты жаңалықпен бөлістім. Құттықтаулар легі толассыз болды. 

 

Қордың жұмысы кеңінен таныла бастағанда біздің әлеу­меттік желідегі парақшаларымызға көмекке мұқтаж жандар­дан, олардың туыстарынан күн сайын хаттар мыңдап түсіп жатты. Хаттар әлі де келуде.

 

Алғашқы кезде келіп түскен хаттарды қалай екшейміз деген сауал тұрды көкейімізде. Әр хаттың артында үмітпен күткен жандардың тағдыры бар деп түсініп, қалалар мен мұқтаж­дар­ды іріктей бастадық. Әрбі­рінің жайын 1 ай көлемінде мұқият тексеріп отырдық. Қар­жы көлемі де осылай, есеп-шотқа түсіп жатқан әрбір тиын қатаң бақылауда болады. Өзіміз жаратқан ақша баспана табу үшін жүретін жол қаражатына ғана жұмсалды.

 

«Өнер қырандарымен» біріктік

 

Кейін «Харекет» қайырымдылық қоры «Өнер қырандары» театрымен бірігіп жұмыс бастады. Театрдың жетекшісі Мадияр бауырымыз ұсынысымызды қабыл алып, осы күнге дейін жарнама жасап, қордың игі бастамасын өзде­рінің әрбір кезекті концертінде насихаттап жүр. Оларға Алланың нұры жаусын!

 

Енді баспаналардың кімдер­ге, қай өңірлерден берілгені жөнінде айтып өтейін.

 

Бірінші үйді Қарағанды об­лысындағы Сәтпаев қаласының тұрғыны, 7 балалы  ана, екіншісін Ақтөбе облысындағы Қандығаш қаласының тұрғыны алды. Үшінші баспана Орал қаласы жанындағы «Озёрное» елді мекенінде тұратын бес балалы, жалғызілікті Толқын Исатайқызына берілді.

 

Үйлердің төртіншісін «Өнер қырандары» бастаған топпен бірге Аягөз қаласының тұрғынына тарту еттік. Аягөзді тасқын су басып жатқан кез еді. Үй осында пәтер жалдап тұрып жатқан үш балалы, жал­ғызбасты Гүлжайна Тұр­сын­­бекқызына берілді. Үйдің кілтін табыстау рәсіміне Аягөз қаласының әкімі Жұмағали Дүйсенбаев, қала имамы Думан Нәдірұлы, қалалық мәслихат депутаты Еркін Юсупов, Мамырсу ауылындағы мектептің директоры, ақын Ринат Зайытовтың әкесі Рифхат Зайытұлы, «Хабардың» жергілікті тілшісі Болат Көкенайұлы қатысты. Бұл атал­ған азаматтардың осы отбасын таңдауға көмектескенін де айта кету керек. Үйдің кілтін алып тұрып Гүлжайна: «Мен анамның мейірімін көрмей өскен едім. Осы мейірімді сіздерден көріп отырмын», – деп ағынан жарылды.

 

Бесінші баспана Павлодардан 20 шақырым жердегі «Красноармейка» ауылындағы төрт баланың анасы Венера Ерболатқызына табысталды. Алтыншы баспанаға екі қызы бар (кішісі туабітті мүгедек) көкшетаулық Гүлнәр Жұмабекқызы, жетінші үйге Шымкент қаласындағы Гүлдар апа Ботабекқызының жиен немересі Айшабибі ие болды.

 

Сегізінші үйді Семей қаласының тұрғыны, 6 баланың анасы Тоғжан Нұржанқызына, 9-ыншысын тараздық мү­гедек жігіт Мағжан Асылбекұлына тапсырдық. 10-шы үйді Қызылорда облысындағы Шиелі кентінің тұрғыны, 7 баланың анасы Индира Құдайбергенқызына, 11-ші үйді Қостанай облысының Әулиекөл ауылындағы 6 балалы Бақыт Өміртай­қызына табыс еттік.

 

12-ші үй атыраулық  Ал­тын­шаш Ғанибайқызына табысталды. Ол кісінің 4 қызы бар, қыздардың біреуі «ДЦП» дертінен тауқымет тартып келеді екен. Ал 13-ші үй 11-маусымда астаналық Мұха­медәлі Рысмаханға берілді.

 

Қысқасы, өткен жылдың соңғы айлары мен осы жылдың 11-маусым аралығында, яғни сегіз айдың ішінде 13 үй өз иелерін тапты, баспанаға зәру жандардың арманы орындалды. Үйсіз жүрген тағы сан мың адамның үміт оты оянды. Бақыттан бал-бұл жайнаған балалар мен аналардың шат күлкісі, ақ тілегі жазылған бейнежазбалар әлеу­меттік желілерде жарияланып жатыр. Алла қолдап, әлі де сүйінші хабар көп болады деген сенімдеміз.

 

Алдағы мақсат – Алматыдан көпқабатты үй салу

 

Бізден жәрдем сұрайтындар мен көмек қолын ұсын­ғандар жетерлік. Осы іске ықпал етіп, демеушілік жасаймыз дейтін кәсіпкерлер, өнер жұлдыздары мен спортты өміріне серік еткен азаматтар қаржы салайық деп хабарласуда. Жасыратыны жоқ, мұқтаждар арасында несие қарызын жабуға, көлік алуға, ұл-қызын оқуға түсіруге ақша сұрайтындар мен жұмысқа тұру үшін таныс тауып беруімізді өтінетіндер де бар. Оларға «Харекет» қайырымдылық қоры тек қана баспана алып беруге жәрдем етеді дегенді айтамыз. 

 

Бізбен бірге жұмыс істеуге ниет етіп жүргендер көп. Соның ішінде «Зың-Зың» шайын шығарушы мекеме қорымызбен келісім-шарт жасасып, әрбір сатылған шайдан түскен қаражаттың 5 теңгесін қорымызға аударып тұратын болды. «Димали» баспаханасы қайырымдылық қор ашылғалы бері барлық жарнамалық буклет­терімізді арзан бағада шығарып беруде. Оларға Алла жар болсын, кәсіптерінің берекесін көрсін дегіміз келеді.

 

Алдағы уақытта қолдауға ниет білдірген кәсіпкерлердің ықпалымен Алматы  облысынан 5 қабатты үй тұрғызып, баспана күткендерге пәтер сыйласақ деген жоспар бар. Осы орайда хабарласамын деушілер 8-708-341-13-95 нөміріне байланысса болады».

 

«Харекет» қайырымдылық қорының басшысы осылай дейді. Біз бұл қормен бірлесіп сауапты істерге атсалысамын, ақша аударамын деушілер үшін оның есеп-шоттарын жариялауды ұйғардық. Олар мынадай:

 

Жеке тұлғалар үшін:

(«Каспий терминалдан») 

«Каспий-депозит»:

ИИН 720208401907,

«Каспий-голд»: 5169493114170866,

«Каспий-әмиян»: 08.02.1972 87474749014.

«Киви-әмиян»: 8-747-474-90-14 (Осы шоттарда Гүлмира Мұқан­қызының аты шығады).

«Халық банкі»: 5354510004237615.

ИИН 720922403102

(Алмагүл Мұқанқызының аты шығады).

Заңды тұлғалар үшін: 

ОФ «Благотворительный Фонд «Харекет». 

БИН 170940025833 KZ91722S000001298489 – KZT

КБе – 17 АО «KASPІ BANK» БИК CASPKZKA.

 

Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ