Менингит науқас адам сөйлесе де жұғады

30.05.2018
Қаралды: 283

Соңғы уақытта елімізде менингитке шалдығу оқиғасы жиілеп кетті. Індеттің алғышқы ошағы Алматыда басталып, оны жұқтырғандар мен құрбан болғандардың өзге өңірлерде тіркеле бастауы бүгінде қоғамды кәдімгідей алаңдатып, үрейлендіріп отыр.

 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстанда менингит инфекциясын жұқтырған 59 науқас тіркеліпті. Олардың 18-і – 14 жасқа дейінгі балалар.

 

Жалпы, республикамызда ме­нин­гитке шалдығудың ең жо­ғары көрсеткіші 2015-жылы тіркелген: 424 адам. 2016-жылы 120 адам, 2017-жылы 62 адам аталған ауруға шалдыққан. Соның салдарынан 2015-жылы – 21, 2016-жылы – 7, 2017-жылы 11 адамның өмірі қиылған. Ал биыл менингиттен 12 адам көз жұмды, соның ішінде 5-еуі – 14 жасқа дейінгі жеткіншектер. Марқұм болғандардың екеуі Алматы облысының, екеуі Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Қоғамдық денсаулық сақтау ко­митетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, аурудың өліммен аяқта­лу­ы­на науқастардың менин­гит әбден меңде­генше елемей, дәрігерлерге қарал­май жүріп алуы себеп бол­ған.

 

Кешегі аптада өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев менингитке қарсы жұмысты күшейтуді талап етті. Сондай-ақ әрбір облыстарда атқарылып жатқан жұмыстарды жария түрде ашып айтып, халыққа жеткізіп отыру мақсатында, сосын тұрғындар кез келген уақытта тұрғылықты жері бойынша көмекке жүгінуі үшін республикалық және облыстық call-орталықтар ашуды тапсырды. Ал кешегі сәрсенбіден бастап call-орталықтар тәулік бойы халыққа қызмет көрсетуге кірісіп кетті.

 

Соңғы болған жағдайдан кейін әлеу­меттік желілер арқылы аурудың алдын алу үшін түрлі ақпараттар таралуда. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары таратылған ақпараттардың бәріне бірдей сене бермеуге шақырады. Осы себепті біз білікті маманның кеңесін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Алматылық дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Дәуренбек Нысанов былай дейді:

 

«Естеріңізде болсын, менингококты жұқтырғандардың бәрі бірдей ауырмайды. Себебі  менингококк көп жағдайда адамның мұрын қуысы мен жұтқыншағында айлап, тіпті жылдап өмір сүреді. Ең қауіптісі, осы жұтқыншақтағы вирус қанға өткен жағдайда менингит ауруына ұшыратып, бір тәулікке жетпей өлімге соқтыруы мүмкін. Рейтингісі жоғары шетелдік клиникалардың ақпараттары бойынша, дер кезінде ауруханаға түсіп, сапалы ем алғанына қарамастан менингитпен ауырғандардың өлім көрсет­кіштері 9 – 11 пайызды құрайды. Ал жедел менингит сепсисіне ұшырағандардың арасындағы өлім саны  18 – 23 пайызды құрайды.

 

Менингит қоздырғыштарының бір түріне қарсы (менингококтың грамтерістік диплококк түрлеріне) вакцина жасағанмен оның басқа да түрлеріне (гонококтарға, басқа да нейссерияларға, бранха­меллаларға, гемофилдерге) қарсы вакцина жасау мүмкін емес. Себебі менингит қоздырғыштарының бәріне қарсы вакцина жоқ. Сондықтан вакцина жасатып әуре болғанша, менингиттің алдын алу шараларын ойластырған жөн.

 

Ең бастысы – профилактика. Балаларыңызды адам көп жүретін орындарға апармаңыздар. Кішкентай сәбилеріңізді, балаларыңызды, немерелеріңізді сауда орталықтарына, дүкендерге, театрларға, кинотеатрларға, бассейндерге, саябақтарға, балалар лагерьлеріне жіберме­ңіздер.

 

Естеріңізде болсын, үй-жайды, бөлме­лерді таза ұстап, жиі желдетіп отырған жөн. Ауру адамның жанында ұзақ жүрсеңіз немесе жақын отырсаңыз, оңай жұқтырып аласыз. Менингококк инфекциясы ауру адамның сөйлеген кезінде түкірігімен бірге қол созым жерге  тарайды. Кинозалдарда, театрларда және тағы басқа жабық бөлмелерде менингококк жұқтыру қаупі жоғары болады. Кез келген жиындар мен концерттік бағдарламаларды балабақшалардың, мектептердің ішінде емес, ауласында немесе ашық жерде өткізуді ұйымдастырған жөн. Әсіресе балабақшада балалардың ұйықтайтын бөлмелерін жиі-жиі желдетіп отырыңыздар. Балалардың таза ауада 3-4 сағаттан көбірек жүргенін қадағалаңыздар. Балалар бірінің аузындағысын бірі пайдаланбағаны жөн, сонымен қатар ыдыстарының да ауыспауын қадағалаңыздар.

 

Мұрнынан су ағып, жөтеліп жүрген жандардан аулақ болу керек. Балабақша тәрбиешілері ауырып жүрген баланы балабақшаға қабылдамауы тиіс.

 

Егер тамағыңыз ауырса, дене қызуыңыз көтерілсе, әлсіздік сезінсеңіз, онда тез арада дәрігер шақыртыңыз және ешкіммен қарым-қатынас жасамаңыз.

 

Мұндай жағдайда салқын су ішуден, балмұздақ жеуден аулақ болу керек. Сосын толыққанды тамақтанып, арнайы режим сақтаған дұрыс. Салауатты өмір салтын ұстану керек».

 

...Медицина маманы осылай дейді. Бұл аурудың алғашқы белгілері байқал­ғанда-ақ дәрігерге қаралудың маңызы зор екенін ұмытпағайсыздар!

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ