Ақшасы жоқ болса да тілектесі көп адам

30.05.2018
Қаралды: 213

Таңертең ерте түскен қоңырау шошытып тастады. «Құрбанәлі көке қайтыс болыпты» дейді.

 

 

Құрбанәлі деген Әлме­ректегі ауылдасым еді. Жасы шамамен 63-ке келген. Танығаныма он жылдың жобасы болыпты. Екі күннің бірінде телефон шалып: «Үйге қай уақытта қайтсаң да маған соғып кет. Жеңгең екеуіміз шай қойып, күтеміз», – дейтін. Үлкен-кішіге бірдей ізетті, бір жайсаң жан еді. Мені ерекше жақын тартты. Жұртқа «туған жиенім» дейтін кө­рінеді. Анаммен руластығы бар, жерлестігі бар.

 

Сүмектеп тұрған жауын­ға қарамастан бірталай жер­дегі Құрбанәлі көкенің үйіне келдім. Білуімше, бірінші әйелі өзбек ұлтынан болыпты. Одан бір ұл, бір қызы бар екен. Ұлы ер­жеткесін әкесінің қолына келіп тұрып жат­қан. Үйленіп, екі балалы болғанда жүйке ауруына шалдығып, ауруханаға түсті. Ал екінші әйелі шешен қызы еді. Одан бала жоқ.

 

Үйге келсем, жеңгей мен көкенің күйеу баласы мәйітті әкелуге кетіп қалыпты. Үр­пиісіп отырған балалар ғана бар. Біреуі – көкенің өзбек әйелінен туған қызы. Екін­шісі – құда бала. Үшіншісі жиені екен. Дереу қақпаны ашқызып, үйдің ішін рет­тестірте бастадым. Енді мәйітті аттандырудың қамын ұйымдастыру керек.

 

«Өлім жоқтың артын ашады» дейді қазақ. Ша­уып жүрген кісі өлемін деп ойлай ма? Ешқандай да­йындық жоқ. Дайындалатын бір тиын ақшасы да жоқ екен. Мешітке барып, жерді қамдау туралы сөй­лестім. Сөйтсем, өлгенде көметін екі метр жердің өзі 55 мың теңге тұрады екен! Бейіттер түгел жеке­меншік компанияның иелігіне өтіп кеткен.

 

Не керек, айналадағы танитын жандардың бәріне хабар бердім. Көпшілік болып, Құрбанәлі көкенің артында қалған туыстарына салмақ салмай көму керектігін түсіндірдім. Халықтан айналасың ғой! Әше­йінде Әлмеректегі түріктерді «жаман түрік» деп жиренуші едік. Бірде-бір адам қалыс қалған жоқ. Бір тобы ақша жинап, асын беру үшін азық-түлікке аттанды. Бір тобы соңғы жуындырып, ке­бін­дейтін дүниелерін түгендеп жатты. Енді бір тобы қабірді да­йындап қойыпты. Жаназа мешітте оқылып, бүкіл Әл­меректің еркеккіндіктісі түгел жиналды. Бұл Құр­банәлі көкенің тірі күнінде жинаған абыройы еді!

 

Жаназада имам: «Бұл кісі қандай адам еді?» – деп сұрады. Жиналған ел бір ауыздан: «Жақсы адам еді», – деді. Бұл жаттанды жауап емес еді.

 

...Қайсыбір жылы Әлме­ректің мешітін бір ақсақал біраз уақыт паналап тұрды. Бірде сол кісі Құрбанәлі көкенің үйінен бір-ақ шықты. Сөйтсем, ақсақалды кемпірі қайтыс болғасын ұлы мен қызы бір жанжалмен үйден қуып шығыпты. Барар жер, басар тауы қалмаған қария амалсыздан мешіттің бір бөлмесіне жайғасқан. Қыста не асқа жарымай, не басқаға жарымай жүрген сол кісіге жаны ашып, Құрбанәлі көке үйіне әкепті. Алты ай уақыттан соң балалары қарияны үйіне ертіп әкетті.

 

Тағы бірде үйінде бір орыс еркек жүр. Бұрын екеуі бірге жұмыс істепті. Кейін араққа салынған еркекті әйелі мен балалары көшеге қуып шыққан екен. Содан «Көк базардың» тұсын мекендеген қаңғыбастың біріне айналған. Құрбан көке базарға барғанда әлгіні танып қалып, үйіне ертіп әкепті. Жуындырып, киіндіріп, қарнын тойғызды. Ол еркек те бір жылдан соң арағын қойып, жұмысқа тұрып, тап-таза азаматқа айналып, өз күнін өзі көріп кете барды.

 

Ең соңғы рет Әлмерек мектебіне келген жас жігітті пәтерден-пәтерге көшіп жүр­ген жерінен үйіне ертіп әкепті. Бір жылға жуық тегін тұрғыз­ған. Баласындай көрген. Мұндай мысалды мыңдап айтып тауысу мүмкін емес. 

 

Артында бір тиын қалдырмады дедік әу баста. Бірақ Құрбанәлі көке қалдырған мейірімділік пен жақсылық – әлемнің байлығына тең дүние еді.

 

Бұл өмірде артыңда тек адамдар арасындағы сыйластығың ғана қалады. О дүниеге сол сыйластық ар­қылы жинаған иманың кетеді. Өмір осындай жақсылықтарымен мәнді.

 

Тоқтар ЖАҚАШ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ