Шіркін, Тоқтар атаның көжесі-ай!

30.05.2018
Қаралды: 235

Сарыағаш ауданына қарасты  Аманкелді елді мекенінде ерекше бір кісі тұрады. Аты-жөні – Тоқтар Уатбаев. Ол 1940-жылы 18-қыркүйекте Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов (бұрынғы Ванновка) ауылында туған. Бұрынғы Киров, Қызылқұм аудандарындағы шаруашылықтарда мал дәрігері қызметін атқарған. 1970-жылдары Келес өңіріне көшіп келіп, елу жылға жуық уақыттан бері осында тұрып жатыр. Мен ол кісіні ширек ғасырдан бері білемін.

 

Тоқтар қарияның жүгері көже мен бидай көжені сатып отырғанын жолаушылап өткен сайын көруші едім. Анда-санда салқын көжесінен дәм татып, сусын қандыратынбыз. Бұл көкемізбен жақынырақ әңгімелессем деген ой мені көп жылдардан бері толғандыратын. Жақында со­ның сәті түсіп, «Те­ріс­арық» (жұрт «Көжеқұлақ» деп те атап кеткен) бекетінде жолығып, сұхбат құр­дық.

 

«Әкеміз Бимаш белсенді қызметкерлердің бірі болған екен. 1931-жылдан бері Компартия мүшесі еді. Ол соғысқа аттанғанда мен бір жасар нәресте екенмін. Анам болса, таңсәріден кешке дейін колхоздың жұмысында. Біз­дерді тапқан-таянғанын беріп, быламық-ботқамен өсірді ғой. Біздің бағымызға әкеміз соғыстан аман-есен оралды. Сарыағаш аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істеп, кейін мал шаруа­шылығы өнімдерін дайындайтын бөлімнің бастығы қызметін осы ауданда, сосын Қызылқұм ауданында атқарды. Зейнеткерлікке шыққанда өкіметтің арнайы зейнетақысын алатын.

 

Әкеміз бізді оқытты, тоқытты. Ешкімнен кем болғанымыз жоқ. Құдайға мың шүкіршілік айтып, бес рәкат намазымды оқып отырамын. Бәйбішем Қызбала бүгінде Астана қаласындағы қызым Гүлжанның үйіне қыдырып кеткен.

 

Бәйбішем екеуміз 6 ұл, 4 қыз өсіріп, жетілдірдік. Үрім-бұтағымыздан 20 неме­ре, 2 шөбере бар. Бәрі өзді-өзімен жетіліп, өсіп келеді. Ал енді мына кәсіппен айналысқаныма елу жылға таяп қалды. Алғашқыда өзімізге деп аздап дайындап жүрдік. Кейін үйге сусын сұрап келу­шілер көбейе бастады. Содан ұл-қыздарым: «Әке, біздің қолымыз бос. Апам болса, бидай, жүгері көжені дайындаудың хас шебері. Біз де көмек береміз. Жолаушылар­ға жазда көже сатайық. Халықтың сауабын аламыз әрі өзімізге де азын-аулақ қаражат түседі», – деді.

 

Содан өзім істейтін шаруашылықтан 5-6 қап бидайдың, жүгерінің дәнін сатып алдым. Сөйтіп, бала-шағамызбен көже дайындауға кірісіп кеттік. Мынау көже құйып беріп отырған – төр­тінші ұлымның қызы, немерем Айнұр. Қолымдағы келі­нім Назым бүгінде енесінің жұмысын қолына алып, сал­қын көжені күн сайын өзі бидай мен жүгері түйіп, пісіп, дайындап береді. Ұл-қыздары мектептен келгенде, қолдары босағанда кезектесіп салқын көжені осында отырып сатысады. Түскен қаражатты үйдің қажетіне жұмсайды», – деді Тоқтар аға.

 

Бұл кезде жолдан тынымсыз өтіп жатқан көліктер «Терісарыққа» келіп тоқтап,  жолаушылар Тоқтар ақсақал­ға сәлем беріп, салқын сусыннан құмарлана ішіп жатты. Сол қонақтардың бір-екеуінен көженің сапасы туралы сұраған едік.

 

«Бұл кісінің көжесін ішпей кете алмаймыз», – деді Жәнібек деген азамат. Оны Рысбек те қоштап: «Мен көкемнің көжесін 15-16 жылдан бері ішіп, сусынымды қандырып келемін», – деп ризашылығын білдірді. Сол арада «Джип» келіп тоқтап, одан түскендер аталарымен амандасып, салқын сусыннан шөлін басуға кірісті. Солардың бірі – Мұрат деген азамат: «Мен атаның керемет көжесін 1992-жылдан бері ішіп келемін. Үйдегі келін­деріңіз де атаның көжесін әрқашанда тамсана мақтап отырады», – деді.

 

Тоқтар көкеміз бір кезде  жанында тұрған бізге ой сала қарап: «Е-е, шырақтарым, бұл өмірде қу тіршілік ешқашанда бітпейді екен. Біреуді – екеу, екеуді – төртеу етсем деп әйтеуір еш тынбайды екенсің. Міне, бүгінде 78 жасқа да келіп қалыппыз. Аллаға мың да бір шүкір! Ел қатарлы өмір сүріп келемін. Ұл-қыздарымның алды ішкі істер органында қызмет атқарып, подполковник, майор дәрежесін алып, бүгінде зейнеткерлер қатарында. Бәйбішем екеуміз бір баладан бір балаға, бір немереден екіншісіне барып-келумен, осы Құдай берген ұрпақтарымның қызығын мо­лы­нан көрсек екен деп жүрміз. Замандас, үзеңгілес достарым да бүгінде сиреп қалды. Орманов Сәмет, Әбуов Демес деген достарыммен сәті түскенде кез­десіп, өткен-кеткенді еске алып, әпек-шәпек болып тұрамыз. Замандас достарға кім жетер дейсің, шіркін!» – деді толғана.

 

Біз Тоқтар көкеміз бен Қызбала анамызға жақсылық тілеп, ұрпақ қызығына той­мастан, аман жүре бері­ңіздер деген ыстық ықыласпен қоштастық.

 

Айып НҰР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ