Уругвай, Перу, Нигериядай да бола алмадық...

30.05.2018
Қаралды: 236

Алдағы бейсенбі, 14-мау­сым күні Ресейде футболдан ХХІ Әлем біріншілігі бас­талады. Ол солтүс­тік­тегі көрші­міздің 11 қаласындағы 12 стадионда өтеді. Жанкүйерлер футбол матчтарын 15-шілдеге дейін тамашалайды. Қазақстандықтарға футбол трансляцияларын «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы ұсынатын болады.

 

Бұл спорт додасының басты ерекшелігі – ол Еуразия конти­нентінде тұңғыш рет өткізілгелі отыр. Яғни Ресейдің чемпионат кездесулері өтетін Мәскеу, Нижний Новгород, Санкт-Петербург, Калининград, Волгоград, Самара, Екатеринбург, Дондағы Ростов, Сочи, Саранск, Қазан қалалары Еуропа мен Азия құрлықтарында жатыр. Бұл қалалардағы арнайы дайындалған стадиондардың ең үлкендері – Мәскеудегі «Лужники» мен Санкт-Петербургтегі «Стадион Санкт-Петербург» алаңдары, оларға тиісінше 81 мың және 67 мың 500 адам сыяды. Басқалары да осал емес, олар да 35 мыңнан 45 мыңға дейін жанкүйер сыйғыза алады. Мордва республикасындағы Саранск қаласында алғаш рет сыйымдылығы 44 мың адамға шақталған стадион салынды.

 

Бұл футбол додасына іріктеу сындарынан өткен 32 команда қатысады. Олар мыналар:  Ресей, Германия, Франция, Англия, Швейцария, Бельгия, Швеция, Дания, Испания, Португалия, Сербия, Хорватия, Исландия, Польша, Австралия, Сауд Арабиясы, Мысыр, Иран, Марокко, Тунис, Оңтүстік Корея, Жапония, Аргентина, Бразилия, Уругвай, Перу, Коста-Рика, Колумбия, Панама, Мексика, Нигерия, Сенегал.

 

Ал іріктеу сындарында әлемнің 209 құрама командасы бақ сынаған болатын. Солардың ішінен, мысалы, барлығы 340 мыңдай ғана халқы бар Исландияның ең үздіктер қатарынан орын алғанына таңданбасқа шараңыз қалмайды. (Негізі бұл команда жұртты 2016-жылы Францияда өткен Еуропа бірінші­лігінде-ақ таңқалдырған болатын, ол талай азулы командаларды шаң қаптырып, турнирдің ширек финалына дейін жеткен еді). Сондай-ақ халқы 4 миллион адамға жетпейтін Панама елінің футболшылары да биылғы Әлем біріншілігінде тұңғыш рет өнер көрсетпек. Ал тұрғындар саны 3-4 миллион төңірегіндегі Уругвай,  Коста-Рика, Хорватия командалары әлем жұртшылығына бұрыннан-ақ танымал екені белгілі.

 

Футболдан Әлем чемпионатына Еуропа мен Азияның, Американың және Африканың іріктелген 35 судьясы төрелік етеді. Олардың қа­тарында өзбекстандық Равшан Ирматов та бар.

 

...Бүгінге дейін матчтарға 3 миллионға жуық билет сатылып қо­йыпты. Билет құны үлкен-кішіге бірдей, тек санатында ғана айырмашылық бар. Жанкүйерлерге билетпен қоса арнайы паспорт бе­ріледі, онымен қала ішіндегі қоғамдық көлікте тегін жүруге болады екен.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ