Хафиза ХАСЕНҚЫЗЫ: «Әбекең маған әке де, аға да, іні де бола білді»

30.05.2018
Қаралды: 406

Ардагер-ұстаз, әдебиеттанушы ғалым, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты, ХҚТУ профессоры, тыл ардагері, «Құрмет» орденінің иегері  Әмір Мұсақұлов 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды.  Саналы ғұмырын елге қызмет етуге, өскелең ұрпаққа тағлымды тәрбие, сапалы білім беруге арнаған ұлағатты ұстаздың шаңырағында болып, 65 жыл отандасқан өмірлік жары, 83 жасқа аяқ басып отырған Хафиза Хасенқызымен әңгіме өрбіткен едік.

 

Университетте бірге оқыған

 

Сұхбатымыз Әмір ағаның жұмыс бөлмесінде өтті. Онда Әмір Мұсақұлұлының өз шығармашылығынан басқа қазақтың танымал барлық ақын-жазушыларының жыр жинақтары мен роман-повестері тіз­бектеле орналасқан. Көзімізге ерекше түскені – Әбділда Тәжібаев, Зәки Ахметов, Сімет Кеңесбаев,  Асқар Сүлейменов, тағы басқа жазушылармен естелік суреттері олардың кітаптары тұрған сө­реге қоса қойылғандығы. Осын­дай суреттердің арасында жұ­байы Хафиза апамен және отбасылық фотосуреттері де жарқырай көрінеді.

 

– Хафиза апа, Әмір атамен алғаш қайда, қалай танысқан едіңіздер?

 

– Әбекеңмен 1955-жылы Қазақ Мемлекеттік универ­ситетінде оқып жүргенде таныстық. Жаңа жылды қарсы алуға дайындық жүріп жат­қан. Барлығымыз концерттік бағдарлама, безендіру, дастархан мәсе­лесімен абыр-сабырда жүрген кезде Әбекең мені сырттай көріпті. Дос қызымның да кім екенін білген, құрбыма өтініш қылып, таныс­тыруын сұранған ғой. Дос қызым ақыры: «Танысшы, салмақты, сабырлы жігіт сияқты», – деп ескертті. Алғашында басымды алып қашқанмын. Бірақ кейін сырттай көріп, білген соң танысудан бас тартпадым. Осылай қыз-жігіт болып жылдан аса қол ұстасып жүр­дік, сосын үйлендік. 

 

Апалы-сіңлілі үш қыз жастайымыздан әкеден қалған соң аға-іні, әкенің мейірімін тек ойша елестетумен өстік қой. Ал Әбекең маған аға да, іні де, әке де бола білді.

 

Мен Семейдің қызымын. Анам жарықтық 27 жасында үш қызбен жесір қалған. Ауыр еңбекке жегіліп, біздерді жетіл­дірді. Қырманнан, егістіктен белі бүгіліп, шаршап келсе де біздің әкеміз Хасен жайлы білгіміз келіп қойған сұрақтарымызға жауап беруден шаршаған емес. Ол кісі бірінен кейін бірі туылған қыздарына барынша мейіріммен қарап, не істесе де қыздарым үшін деген қамқор әке болыпты. Ағайын-туыс, жақын мен көрші-қолаңға да жайдары, кішіпейіл, қолынан келгенше көмек беруге тырысып жүретін қамқор адам болған екен. Әттең,  «Халық жауы» деген жаламен атылып кете барған. 

 

Анам үнемі: «Сендерге жақ­сы да парасатты, қамқор, иман­ды жар жолықса екен», – деп айтып отырушы еді. Сол тілегі қабыл болды. Үшеу­міздің де өмірлік серігіміз анамызға ұлындай бола білді. 

 

– Әмір аға ғалым адам болды ғой, дегенмен де ол кісі қонаққа қандай еді?

 

– Біздің үйден қонақ арылмайтын десем артық емес шығар. Қонақтардың басым көпшілігі де Әбекеңнің жора-жолдас, үзеңгілес достары болатын. Мына үйді 1959-жылы бізге Шымкент педагогикалық институты салып берген. Содан бері 60 жылға жуық уақыт өтіпті. Бұл үй – киелі, береке дарыған шаңырақ. Шаңырағымызға академиктерден бастап, жазушы, белгілі қоғам қайрат­керлері келіп, дәм тат­қан. Мәселен, Әбділда Тәжібаев, Зәки Ахметов, Сімет Кеңесбаев, Сейіт Қасқабасов, Рахманқұл Бердібаев, Кеңес Нұрпейісов, Өмірзақ Айтбаев, Мұрат Әуезов, Ас­қар Сү­лейменовтер Әбекең­нің соншалықты қонақжайлығы мен ақыл-парасатына тәнті болып, Шымкентке келген са­йын біздің Әбекеңмен сәлемдеспей кет­пейтін.

 

Әбекең ылғи: «Отағасы тек қана өз отбасының айналасында қалмай, өскен, қоршаған ортасына да көбірек көңіл бөлуі тиіс. Отағасы мен от­анасының мәдениеті, бүкіл болмысы, жан-дүниесі, бетінен көрініп тұрған иман-ұяты, бала­ларына берген тәрбиесі, тіптен жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, киген киіміне дейін көрген сәтте бойыңа лып етіп жылу дарытатын ерекше қасиеті болуы тиіс», – дейтін еді. Осы асыл сөздерін айтып қана қоймай, іспен де дәлелдеп өтті ғой.

 

Әбекең өте әділ адам болған

 

– Ағамыз үлкен қыз­меттердің тізгінін ұстады. Саналы ғұмырын ұрпақ тәр­биелеуге арнаған ұлағатты ұстаздың туыстарымен байланысы қандай еді?

 

– Атамыз Мұсақұл Бейім­бетов өте сауатты, қызмет істеген кісі болған. Екі әйел алып, олардан жиырмадан аса ұрпақ сүйген. Бәйбіше-ападан 6 ұл, 2 қыз туылып, мен келін болып келгенде Әбекең, Әбекеңнің ағасы және інісі бар еді. Басқа бауырлары жас күнінде көз тиіп, шетінеген көрінеді. Ал екінші апамыздан 13 ұл-қыз дүние­ге келіп, оның 10-ы бүгінде аман-есен өмір сүріп жатыр. Екі әйелдің балалары деп бөлектеніп, бір-бірімен араласпай отырғанын көрмеппін.

 

Үлкен енеміз – Әбекеңнің анасы жаны жайсаң, өте сұлу жан еді. Балакөңілді енеміздің біреуге ренжіп, ұрсысып тұрғанын ол кісі жарық дүниемен қоштасқанша білмеппін. Екінші апамызға туған сіңлісіндей қарайтын. Отбасында ақшаны үлкен енеміз ұстады. Қажет­тінің барлығын өзі әкеліп, ұқсатып жаратты. Оның санау білмейтінін бүкіл ауыл тұрғындары жақсы білсе де бір ти­ын ақшасын артық алған емес. Ал, екінші апамыз өте ба­лажан, артық іспен шаруасы жоқ қарапайым кісі болды.  

 

Міне, екі анадан тараған бауырлар бір-бірімен қоян-қолтық араласып, басы қосылса бір қауым ел боламыз.

 

Әбекең барлық бауырларына қолынан келгенше көмек берді. Оқуға ынта білдіргендері Әбекеңнің үйдегі сынағынан өтпей оқу орнына жіберіл­мейтін. Жазуға, үйренуге қабі­леті бар ма, соны тексеріп, дұрыс болса, оқуына өзі ертіп баратын. Оқуға қабылдан­ған күннен жоғары білімді маман атанғанша барлығы да біздің үйде жатып оқыды. Олардың аяқтанып, үй болуына да отағасы көп жәрдемдесті. Сондықтан болар, бауырлары Әбекең десе ішкен асын жерге қоюға даяр тұратын.

 

Сіздерге бір жағдайды ай­тайын. Әбекеңнің төртінші атадан туыс болып келетін ағасы бар еді. Ілгеріде дүние салған. Ол кісінің төрт қыз, бір ұлы болатын. Сол жал­ғыз ұл үйленді деген тойға шақыру келді. Әбекең көп ойланбастан: «Бұл тойға баруымыз қажет. Бір марқайып, әкесін көргендей болсын. Дайындал!» – деді.

 

Білген екен, тойға кіріп келгенімізді көрген абысыным ұлымен бірге көзіне жас алып, біразға дейін құшақтары жазылмай тұрды. Қайтатын уақытта да: «Қонақ болыңыздар. Өзіміз апарып саламыз. Арала­сып тұрайық», – деп сыйлап шығарып салған еді. Туыстық қан «туысқан» деп тартады да тұрады екен ғой, шіркін! Әмірдің бауырмалдығы, жомарттығы мен мәрттігі шексіз еді.

 

Бауырымыздан өрбіген 4 ұл, 2 қыздан қазір немере-шөбереміз бар. Оларға үнемі: «Арам ақшамен келген асты дастарханыңа қойма! Ауқатыңды адал табыспен іш. Әйтпесе бойыңды сайтан билеп, үйіңнен береке қашады», – дейтін де отыратын.

 

Әбекең ақшадан қатты қор­қатын. Кафедрада оқытушы кездің өзінде тамыр-таныстар ұл-қыздарын жетектеп келіп, 5-10 теңгесін оқуға түсіру үшін ұсынатын болған. Ондайда Әмірдің жауабы біреу ғана: «Балаңның сауаты мен оқуға ынтасы болса қолдан келгенше оқытуға даярмын. Ал ақ­шаңды қалтаңа салып қой. Мені ақша алыпты дегенді кімнен естідің? Бұдан кейін мұндайыңды көрмейтін бола­йын!» – деп қысқа қайыратын. Еш уақытта дүниеге қы­зығып, нәпсінің жетегіне ерген емес. Дінді де берік ұстанатын. Намазы мен оразасын қаза қылмаушы еді. Кейінгі жылдары «Хафиза, Алла-тағала маған тағы өмір берген болса, дәл осылай оқытушы болып, бірақ шәкірттеріме ауыз әдебиеті сабағын дінді оқытудан бастайтын едім», – дегенді көп айтып жүрді.

 

«Өсиет» кітабын бастаған

 

– Әмір ағаны намазын қаза қылмай, өмірінің соңы­на дейін ораза ұстаумен өтті дедіңіз. Ендеше, Әбе­кең­нің денсаулығында ешқан­дай кінарат болмаған шығар?

 

– Сіздерге өтірік, маған шын, Әбекең біз отандасқан 65 жылдың 50 жылын ауырумен өткізді. Алғаш рет 1964-жылы қатты жөтел мазалап, бір күні қан түкірді. Қызуы көтеріліп, тамаққа тәбеті де жоғалды. «Жедел жәрдем» шақырайын», – десем көнбей, ақыры тұруға дәрмені қалмай, көп көлемде қан түкірді. Мұны көріп, тіпті есім кетіп: «Неге дәрігер шақырмай отыра бердім, дерті асқынып туберкулезге ұласып кетсе не болмақ? Мұншалық ақымақ болғаным-ай!» – деп өзімді сөктім.

 

Тексеруден тексеру жасалып, ақ халаттылар көңіл көн­шітерлік ештеңе айтпады. Тек үш күн бойы бақылау жүретінін, осы үш күнде беті бері қарамаса, дайындала беріңіздер дегенді ғана ескертті. Әбекең не су, не тамақ ішпейді. Есін әлсін-әлсін ғана біледі. Ағзасы аурумен күресіп, үшінші күн дегенде жеңді-ау.

 

«Бұл ауруға қалай тап кел­дің?» – деп бірде сұрағанымда айтып берді. Замандас досы Мыңбай Ілесовті  ұлты өзбек жолдасы үйіне қонаққа шақырған екен. Сонымен іле­сіп, әлгі жолдасының үйіне барады. Қыс мезгілі. Қонақ шақырса да үйіне от жақпаған өзбек ағайын суық бөлмеге дастархан жайып, үлкен ас деп палау ұсынған. Әбекең мұздай көрпешеге жайғасқан сәттен бастап өзін жайсыз сезініп, қайтар уақытта орны­нан тұра алмай қалыпты. Сол суықты елемей жүріп, ақыры бір өлімнен қалып отыр ғой.

 

Біршама уақыт емделіп, жағдайы жақсарған соң қайта жұмысқа шығып кетті. Кейіннен қан қысымы, қалқанша безінің ұлғаюы (зоб), кіші инсульт ауруларынан қиналып жүрді. Алланың берген ғұмыры шығар, оның үстіне таза жүріп, таза тұратын, бес парызын түгелдей орындаған пейілінен болар, 85 жылға жуық өмір сүрді.

 

– Атаның соңғы арманы қандай еді?

 

– Арманы – ата-бабалардың шежіресін жазып, өсиет қалдырғысы келді. Әулетіміздің, отбасымыздың кім болғанын осы «Өсиет» арқылы келер ұрпағымызға таныстыруды көз­деп, біраз дүниелерді бірлесіп жазған едік. Соны ғана үлгере алмай кетті. Енді, Алла жаз­са, бұл істі мен соңына де­йін жеткізсем деп отырмын.

 

«Өсиетті» жазуға түрткі бол­ған бір жағдай бар еді. Осыдан бір жыл бұрын Әбекең екеуміз үйде шай ішіп отырғанбыз. Балалар сыртта болатын. Осы сәтті пайдаланып: «Хафиза, мені сенімен қосқан Аллаға ризамын. Екеуміз тату-тәтті, бақытты ғұмыр кештік. Әр сөзім мен ойымды қас-қабағымнан ұғып отырдың. Ал­тын­дай ұл-қыз сүйдірдің. Саналы етіп тәрбиеледің. Сол үшін де саған алғысым шексіз. Бұл сөздерімнен қорықпа! Жер бетінде ешкім мәңгі емес. Саған соңғы өтініш болсын, екеуміз өсиет жазайық», – деп менімен қайырласқан еді. 

 

Әбекең қайтыс болардан бір күн бұрын анам түсіме кірді. Жарық сәуле төгіліп, арғы жақтан: «Хафиза, мен есікті ашып қойдым. Кіре берсін», – деді. Менде үн жоқ. Ояна сала жақсылыққа балағаныммен, төсекте жат­қан жұбайыма қарағанымда «бүгін үзіледі» деген дауыс құ­лағыма келді де тұрды. Алланың өлшеп берген ғұмыры қасиетті Рамазан айының екінші жұмасында таусылды. Мен көндіктім.

 

– Хафиза апа, жарыңызды Алла алдынан жарыл­қасын, жанын жәннаттық етсін дейміз.

 

Сұхбаттасқан – Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ