Жарамазан айтқан балалар

30.05.2018
Қаралды: 192

Қасиетті Рамазан айында ниет еткен жамағат ораза ұстап, ауыз бекітетіні белгілі. Сондай-ақ халқымызда ауыз ашқаннан кейін жарамазан айту дәстүрі де бар. Дегенмен бүгінде оны үлкендер жағы сирек айтады, бұл мәселеде балалар жағы белсенділеу.

 

Кешегі дүйсенбіде біз осындай екі-үш  балаға кезіктік. Олардан жарамазанды қанша уақыттан бері айтып жүргенін, ата-анасы рұқсат бере ме, тәртіп сақшылары тыйым салмай ма, қанша көлемде табыс табатынын  білгіміз келді. Олар  көліктен түскесін тоқтатып, жол бойында сөйлестік.

 

Азамат (суретте), 11 жаста: – Жарамазан айтумен айналысып жүргеніме екінші жыл болды. Ата-анам алғашқыда қарсы болғанымен  қасымда көрші үйдің балалары бар екенін білген соң үндемеді. Өзіміз тұратын үйлерге және кей күндері қоғамдық көлік­терде жарамазан айтып, күніне әрқайсымыз кемі 300 – 400-ден 1000 теңгеге дейін табыс табамыз. Әрине, мұнымызды жұрттың көпшілігі жақтыра бермейді. Бірақ тілімізді қызық көре ме, әсіресе ұлты орыс кісілер теңгесін ұстатып жатқанда батаны тағы да қайталауымызды сұранады. Өтінішін орындап, ра­­хмет айтып жөнелеміз.

 

Осы күнге дейін ешқандай полиция бізді тоқтатып, тәртіпке салған емес. Тек кейбір апайлар: «Көше кезіп жүргендерің не? Жарамазанды кешке қарай өздерің тұратын үйлерде-ақ айтсаңдар болмай ма? Қорықпайтын заман емес қой, байқаңдар!» – деп жатады.  

 

Нұрбек, 10 жаста: – Қазығұрт ауылындағы атам мен апам кіш­кентай күнімнен мақал-мәтел, жұмбақтар мен шешендік сөздер және жарамазан жаттатып өсірді. Сол білгендерімді қазір достарыма үйретіп қойғанмын. Барлығымыз:

 

«Оразада айтылар жарамазан,

Мекке мен Мәдинадан шығар азан.

Мәуесі мәуесіне тиіп тұрған,

Ораза, намазыңды күтіп барсаң», – деп әндетеміз. Берген батамызға жұрт ризашылығын біл­діріп жатады.

 

...Балалар осылай дейді. Жалпы, олардың жарамазан халқымыздың тәрбиелік мәні бар ғұрпы екенін біле жүргені жөн-ау. Оны шатып-бұтпай, орнымен, тартымды етіп, тыңдаған адам риза болып қалардай бата беріп айтқандары дұрыс сияқты. Сонда жұрт оған жақтырмай қарамайтын болады.

 

Жалпы, бұл айтқандарымыздан әркім өзінше қорытынды шығарар деген ойдамыз.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ