«Қадір түнін» қарсы алуға дайынсыз ба?

30.05.2018
Қаралды: 212

Маусымның 11-інен 12-сіне қараған түн – Қадір түні. Одан соң көп өтпей Ораза айты келеді. Ендеше, мың айдан да қайырлы саналатын Қадір түні мен айт мерекесін қалай өткізген дұрыс?

 

Алла-тағала адам баласын тек қана Өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Сондықтан мұсылмандар күнделікті өмірлерін құлшылықпен өткізуге тырысады. Олай болса, бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздарын өтеп, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі:  «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, Жаратушы Иеден сауап үміт етіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген (Бұхари, «Қадір», 1).

 

Айша анамыз пайғамбарымыздан: «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын?» – деп сұрағанда  Расулулла: «Аллаһуммә иннәкә афуун, тухиббул афуа, фағфу анни  (Алла-тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр!)»  деп дұға етуге кеңес берді.

 

Әрине, амалдардың ең абзалы – намаз оқу. Сондай-ақ бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, сауатымызды арттыруға бағытталатын діни бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізуге де болады. Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес. Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады.

 

Рамазан айы – жалғалмалы ғибадат айы. Өйткені Қадір түнінен кейін мүмін үшін қастерлі болып табылатын Ораза айт мерекесі де келіп қалады.

 

Рамазан айты – мұсылман қауымының ең ұлық екі мерекесінің бірі. Ораза айт күні барлық мешітте айт намазы оқылады. Әдетте намазға таза киініп, хош иісті жұпар сеуіп, жаяу жете алатын жерден жаяу келген абзал. Айт күні көпші­лікпен жарқын жүзбен сәлем­десіп, бір-біріне дұғалар жасап, мешітке келіп, намаздан соң егер мүмкін болса басқа көшемен қайтады. Мұндағы мақсат – адамдармен көбірек жүздесіп, көбірек сәлемдесіп, жақсы тілектер айтуды көбейту­.

 

Айт күні дәстүрге айналған жақсы салттарымызды жал­ғастыра түсіп, ағайын-тумаларды мерекемен құттықтап, отбасына кіріп, айт дастарханынан дәм татып, еліміздің тыныштығы, бас амандығы үшін және о дүниеліктер рухына дұға жасаймыз.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ