Руымыздан гөрі ұлтымыздың жоғары тұратынын ұмытпасақ екен

30.05.2018
Қаралды: 133

Кейде қазыналы қарт деп жүрген егде жастағы ел ағалары сәл «қуып» кетеді.

 

Бір тойда отырмыз. Содан жасы алпыстан асқан ағаларымыз тарихтан сыр шерте бас­тады. Басында әңгіме тәп-тәуір еді. Артында «біздің ру бүйткенде сенің руың сөйткен», «ана батыр мына батырды ұрыс даласында тастап кеткен», «бізден мынанша батыр шыққан, сендерден шықпаған», «Біздің ру – ең батыр, супер-пупер ру» дегендей тақырып кетті. Өздері қып-қызыл боп, қызылкеңірдек болып жатыр. Жас­тар да сол тақырыпты қуып  отыр.

 

Сондай қарияларды түсінбеймін. Тарихтың өнбейтін дауын қуып, өспейтін дәнін теріп, өздерімен өздері мәз болып отырады. Оған қосылып жастар да бір-бірін жұлып жеуге дайын.

 

Ру сұрасып, шежіре тарқатып, тарих айтқан тамаша ғой. Сонымызбен қазақпыз. Бірақ тарих ұлтты бөлшектеуші емес, біріктіруші фактор болуға тиістігін үнемі жадымызда сақтауға тиіспіз! Мына ру мына руды ұрыс даласында тастап кеткенін емес, керісінше, рулар қосылғанда қазақтың жоңғардың сағын сындырғанын неге айтпайды? Сол мың есе қайырлы тарих емес пе?! Бөлінгенде жоқ болғанын, біріккенде жоқ қылғанын неге насихаттамайды?

 

Ұрпақтар арасына іріткі салатын тарихсымақты айтып, оның саяси әсерін ескермейтін қартсымақтардың барынан жоғы жақсы. Алдыңғы буынның жүрісіне қарап артқы буын жолға түспек. Үлгі алмақ. Оны ешқашан ұмытпау керек. Дәл қазір қазақтың бірлігі анталаған жаудың арасында отырған сәтте ауадай қажет. Тарихты ұлттың ұйытқысы болу үшін айту керек, іріткісі болу үшін емес. Әр қазақта ру бар, шежіре бар, өткен жолының жеңісі мен жеңілісі бар. Бірақ оның руынан да жоғары құндылығы бар. Ол – ұлты, қазақ деген халқы. Ру – сол құндылықты құраушы басты бөлшек. Ендеше, ол бөлшекті бөлшектемейік!

 

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ