Тек тозақпен қорқытатындардың уағызын тыңдағым да келмейді

30.05.2018
Қаралды: 384

Уағыз тыңдаңдар деп қолқалайтындар көп қой. Өз басым телефоннан тыңдаған бір уағыздан кейін, оны тіпті кім айтқаны да есімде жоқ, тыңдамайтын болғанмын.

 

 

Шынымды айтайын, мешітке барып уағыз тыңдап көрмедім. Бірақ көлікке мінгенде кейбір жүргізушілер қосып қояды, ара-тұра «Уатсаптан» жібереді таныстар. Сонда байқасам, көбі қылғына айқайлап, тозақпен қорқытып жатады ғой. Тіпті біреуін тыңдағанда тұла бойым түршігіп кетті. Сол уағызда мынадай сөздер бар:

 

«Қияметте анасы баласын, баласы анасын танымай қалады. Осыны жапондар тексеру үшін қазанға аналы-балалы екі маймылды салып, астына от жағады. Алғашында маймыл баласын қатты қысып құшақтайды, от қыза келе баласын лақтырып тастайды. Көрдіңіз бе, тозақ оты бұдан да ыстық», – дейді де, сөзін түйіндеместен әрі қарай: «Шырақшылар – ишактар!» – деп шырақшыларды жамандай жөнеледі.

 

Тозақ отының азабын дәлелдеу үшін жазықсыз маймылдарды отқа жағу керек пе еді міндетті түрде? Ислам діні шыбынға да зарар бермейтін таза дін емес пе? Мейлі оны мұсылмандар емес, жапондар істеген күннің өзінде біздің молдекеңдер оны неге рахаттанып тұрып айтады? Жүрегі кірден таза, Аллаға ғашық құл бұлай қатыгездікті насихаттамас болар?

 

Сол күні баласын құшақтай қиналған ана маймыл көз алдымнан кетпей, адамдардың қатыгездігіне жаным түршігумен болды.

 

Өз ары таза адам біреуді есекке теңеп, кемсітпес болар. Ал олар тойға барғанды да, билегенді де сынап-мінеп, әйтеуір адамның кемшілігін көзіне шұқып: «Намазға уақыт бөлмейміз, сериал көруге, телефонмен сөйлесуге уақыт табамыз, иә?!» – деп даусы жеткенше қылғынып айқайлайды.

 

Уағызды кісінің кемшілігін термей-ақ айтуға болмай ма? Шындап іздесек, солай деп тұрған молданың да мың-сан кемшілігін табар едік. Тал бойында бір міні жоқ адам болмайды. Періште көкте ғана. Адам – қателесіп, одан сабақ алып, біліп-білмей істеген күнәларына тәубе ететін жаратылыс. Егер олай етпесе ол адам емес, періште боп жаралар еді. 

 

Қысқасы, мен Құранды дұрыс тәпсірлей алмайтын, Алла-тағаланың мейірімі мен махаббатын айтпайтын, тек тозақпен қорқытатын молдалардың уағызын тыңдағым келмейді. Уағыз айтатындардың құлағына алтын сырға: Қылқынып айқайламай айтыңыздаршы уағыздарыңызды! Тозақты емес, жәннаттың жайын айтып, адамдардың кемшіліктеріне емес, артықшылықтарына басымдық берсеңіздер екен. Дауыстарыңыз жағымды, сөздеріңіз шырын болса, уағызды таңертеңнен кешке дейін тыңдауға бармыз.

 

Гүлмира ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ