80 жыл бойы туған жерін аңсаумен өткен қазақ

30.05.2018
Қаралды: 359

Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған жағы – біздің Созақ ауданымен көршілес жат­қан аудандар. Осыдан екі жыл бұрын жолым түсіп ауданымыздың қиян түкпіріндегі Ақсүмбе ауылына барғанымда жаңақорғандық Алшынбай Түртанов есімді ағамызбен дастархандас болып қалған едім. Сергек, сөзге шешен, көпті көрген кісі екен. Талай жылдар партия, кеңес органдарында, тәуелсіздік жылдары басшылық орындарда қызмет атқарыпты.

 

Алшынбай аға әңгіме үс­тінде жақында үшінші мәрте Түркияға барып қайтқанын, сонда Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың көзін көріп, қанатының астында болған жерле­сімізді кездестіргені туралы айтты.

 

«Мен біршама мемлекеттерге сапарлап барған адаммын, – деді ол кісі. – Соның ішінде ерекше есімде қалғаны – Түркия сапары. Түркияға баратынымды естіген ақтөбелік Роман Рақиев есімді танысым хабарласып, сол жақта сонау 1939-жылдан қалып кеткен туысы туралы ақпарат берді, сол кісінің амандығын біліп келуді аманаттады. Содан не керек, Қызылордадан ұшаққа отырып, бес сағатта Ыстамбұл қаласына табанымыз тиді. Түркияның көрікті жерлерін аралап, Мәрмәр теңізін көріп, беті-қолымызды жудық. Есте қаларлықтай се­руендер жасап демалдым. Бір-екі күн өткен соң Роман ба­уырымның аманатымен жер­лес ақсақалды тауып алдым. Үйінде екен. Қария өте ширақ. Қазақстанды 1939-жылдан  бері көрмегенін айтты. Қариямен әңгімені бейнетаспаға түсіріп алдым.

 

«Мен 1917-жылғымын. Қазір 99 жастамын», – деді ол кісі. Қария сонау бала кезінде әкесі жаттатқан жеті атасын ұмытпай жүріпті. «Кіші жүз Шөмекей, Шөмекейдің ішінде Аспанымыз. Әкем, ата-бабаларым – Әбсалам, Төрем­ұ­рат, Алмат, Тобаберген, Киікбай, Қалап, Бекет, –  деп мүдірмей айтып берді. – 1939-жылы Алматы қаласындағы консерваторияны бітірдім. Одан әскерге алындым. Польшаның Брест-Литовск қаласы маңындағы тұт­қындар лагеріне түстім», – деді.

 

Қысқасы, Отанға кері қайту мүмкіндігінен айырылған жас жауынгер тұтқындар лагерінде қалыпты. Бірде лагерь бастығы мұның құжаттарын қарап отырып, музыкант екенін, оның ішінде скрипка тартатынын біледі. Өзі рояльде ойнайтын музыкант екен.  Содан неміс офицері жоғарғы басшылыққа арнайы хат жолдайды. Тұтқындар ішінде керемет музыкант қазақ жігіті бар екенін, өнер адамының қолынан кісі өлтіру келмейтінін айтып, оны босатуды өтінеді, музыкалық білімін арттыруға рұқсат сұрайды. Кө­ретін жарығы, татар дәмі бар қазақ баласы осылай тұтқыннан босайды. Әлгі неміс офи­церімен бірлесе түрлі кештерде концерт қояды. Берлин консерваториясында жоғары білім алады. Татар қызы Еділмен отбасын құрады.  Осы Берлин консерваториясында әйгілі қазақ скрипкашысы Әйткешпен кездеседі.

 

1930-жылдары Алматыдағы музыкалық техникумда алғаш­қы ұстаздары И.Лесманның қабылдау емтихандарында жиырма шақты талапкердің ішінен іріктеліп екі бала қалған екен. Осы екі баланың бірі Ғалымжан Әбсаламов, екіншісі Әйткеш болған. Кейін Ғалымжан Париж консерваториясының түлегі Е.Анто­поль­скийдің класына ауысып кетеді. Соңғы рет олар бірін-бірі соғыс жылдары Вена қаласында көрген екен. Ғалымжан кейін аты жөнін Әлім Алмат деп өзгертеді. Алматыда да, Бер­линдегі консерваторияда да Әйткеш оқуды одан кейін бітірген екен.

 

Кеңес әскері Берлинді басып алғаннан кейін Ғалымжан Австрияның Вена қаласына көшеді. Кейін Францияға кетеді де, Париж қаласында көп жылдар тұрақтап қалады. Сол уақыттарда Мұстафа Шоқайдың үйінде тұрады, оның әйелі Марияның қамқорлығын көп көреді. Мария Яковлевна генерал Ермоловтың қызы екен. Олардың балалары болмапты.

 

«Бірі христиан, бірі мұсылман бола тұра бір-бірінің дінін, салт-дәстүрлерін қатты құрмет­тейтін, озық ойлы, парасатты жандар еді. Олар консерваториядағы оқу, жатын орын, ас-ауқат пен киім-кешек қажет­тіліктеріне ақшалай көмектесіп тұрды.

 

Менің  туған нағашым әйгілі Алаш ардақтысы Темірбек Жүргенов болатын. Ұзақбай Құлымбетов деген туысымыз болды, Қазақ өлкелік орталық атқару Комитетінің (КазЦИК) төрағасы  болған. Әліби Жангелдин менің әкемнің досы еді. Революция кезінде  әкем оған көп көмек берген екен. Мен 1939-жылы Алматы консерваториясын бітірген соң со­ғысқа алынып, кейін неміс­терге тұтқынға түсіп қалдым. Со­дан бір жарым жыл пленде отырдым», – деді Ғалымжан ақсақал көзіне жас алып», – деді Алшынбай аға.

 

Алшынбай ағамен болған әңгімесінде Ғалымжан ақсақал өзінің Төре есімді жал­ғыз ұлы, Фусун деген келіні және екі ұл немересі бар екенін айтыпты. Бірі Швейцариядағы, екіншісі Голландиядағы университеттерді бітірген, қазіргі таңда Австрияда қызмет атқарады екен.

 

Ақсақалдың қолында үй күтушісі Карина есімді армян қызы болыпты. Өз ана тілін мүлде ұмытқан, түрікше таза сөйлейтін ол да революция кезінде шетелге бой тасалап кеткен армян азаматының қызы екен.

 

«Біз Қазақстанда болып жатқан үлкен өзгерістер мен жаңалықтарды қуана тыңдаймыз, көріп, мақтанамыз. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғанға» ештеңе жетпейді екен. Елге, Ырғызға, Ақтөбеге, Астанаға, Қызылордаға, Алматыға – бәріне, жалпы Қазақ даласына жұдырықтай жүрегі атажұр­тым деп алас ұрған кәрі кеу­деден сәлем айт! Ел аман, жұрт тыныш болсын. Атың өшкір сұм соғыс болмасын!» – деп көзінен жасы төгілген қарияны жұбата алмай қоштастым», – деген еді Алшынбай аға сонда.

 

Өкініштісі, сол күтуші армян қызы Каринаның хабарлауынша, атақты скрипкашы Ғалымжан Әбсаламов 2018-жылдың 1-ақпанында, 101 жасында Ыстамбұл қаласында өмірден озыпты. Сүйегі Ыстамбұлдағы мұсылмандар зиратына жерленіпті. Тағдыр жолының басқа арнаға түсуіне кешегі талайларды қан қақсат­қан Ұлы Отан соғысы себепкер болған қазақтың бір перзентінің өмірі осылай аяқ­тал­ған екен.

 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ