4800 түп раушан гүлі қурап кетті

30.05.2018
Қаралды: 266

Еліміздегі үшінші мегаполисті жасыл қалаға айналдыру – басты назарда. Осы бастаманы негізге алған Шымкент қаласының әкімдігі «Жасыл қала» мекемесін құрып, олар қала көшелерін гүлдендіру ісін бастап кеткен еді. Бұл мекеме биыл қаламыздың кіре берісіндегі Бәйдібек би даңғылынан «Жайлаукөл» демалыс аймағына дейін  гүлдендіру жұмыстарын қолға алған болатын.

 

Таяуда «Жайлаукөл» жаққа барғанымызда «Наурыз» алаңынан сая­баққа барар тұста егілген қыруар раушан гүл­дерінің қурап тұрғанын көзіміз шалған болатын. Ал оларды ешкімнің тегін сыйлыққа бермегені белгілі. Яғни бұл гүлдерді сатып алуға бюджеттің миллиондаған теңге қаржысы кеткені анық. Сондықтан бұл іске кім жауапты деген сұрақты қою үшін тиісті мекемені іздеп жүргенімізде ол жер «жаңарып», қураған гүлдер жойылды, орнына басқалары егілді.

 

Біз кешегі сейсенбіде осы мәселе бойынша «Жасыл қала» мекемесі жұмысшыларымен тілдескен едік. Олардың айтуынша, раушан гүлдері осыдан бір айдай бұрын егілген екен. Қоршау бойымен 4800 түп раушан отырғызыл­ған. Алайда жерсінбеді ме, әлде басқалай себеп болды ма, олар көп ұзамай қурап қалған. Сосын олардың орнына басқа гүл отырғызу жөнінде шешім қабылданған.

 

Бұл алаңның тазалығына, гүлдердің жайқалып өсуіне қарауға үш әйел және бір сушы ер адам бөлінген екен. Олар өз қолдарымен гүл егілгенге дейін тастақ жерді тазартып, тыңайт­қыш есебінде берілген екі көлік көңді сеуіп, өңдепті. Бес мыңға жуық гүлді қаз-қатар егіп болған соң «Гумад 7» деп аталатын арнайы дәріні сумен араластырып, тамшылатып құйып шыққан. Суару үшін де барлық қажеттіліктер жасалып отырған. Жұмысшылар өз бағындағы гүліндей қарап, тиісті күтімнің барлығын жасағанын айтады.

 

Гүлдердің қурап кету себебін сары топырақтан көретінін айтқан бағбан апай, осыдан бір апта бұрын қураған раушан орнына «Канны» гүлдерінің отырғызылғанын жеткізді. «3800 дана бұл гүл енді бір ай ішінде қызыл және сары түсті болып жайқалып өсуі керек», – дейді ол кісі.  

 

Иә, өссін, оған біз шын жүректен тілектеспіз. Бірақ бұл тұсты жерсінбей кеткен 5000-ға жуық раушан гүлі тегін алынбаған болар? Әрбір талын 500 теңгеге сатып алынды деп есептегенде 2,5 миллион теңге желге ұшты дегенді білдірмей ме? Жаңадан егілген төрт мыңға жуық «Канны» гүлдерінің құны да бірнеше миллионның басын құрайтын шығар. Сонда тиімсіз жұмсалған қаржы үшін ешкім де жауап бермей ме?

 

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін ұлттық бюро басшылары бұл мәселені білер ме екен?

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ