Мегаполис деген не?

30.05.2018
Қаралды: 376

Таяуда Шымкент қаласының халқы 1 миллион адамға жеткені туралы ресми түрде айтылды. Енді Шымкент мегаполис деп аталатын болды. Сөйтіп ол Астана, Алматы қалаларымен қосқанда еліміздегі ірі үш мегаполистің бірі дәрежесіне жетті. Ал мегаполис дегеніміз не? Ол басқа қалалардан несімен ерекшеленеді?

 

Жалпы, «мегаполис» деген атау грек тілінен шыққан, ежелден бар, ол «үлкен қала» дегенді білдіреді. Яғни бұрынғы заманда мыңдаған тұрғындары бар ірі қалаларды мегаполис деп атаған. Дегенмен қалалар халқының 1 миллионға жетіп, одан асуы ХІХ ғасырдан бастау алады.

 

Бүгінде тұрғын халқының саны 1 миллионнан асқан, жан-жағындағы елді мекендердің қосылып, агломерация түзуімен өскен қалаларды мегаполис деп атайды. Алайда бұл атау кез-келген қалаға берілмейді. Ол үшін қалада адамдарға заманауи жағдайлар жасалған болуы, онымен қоса қала әлеуметтік, экономикалық, мәдени, тарихи маңызға ие болуы тиіс. Болашақта оның өнеркәсібі дамып, халық саны өсе түсуі тиіс және тұрғындардың қауіпсіз, жайлы өміріне қажетті жағдайдың барлығы да жасалуы керек.

 

Осы орайда мына бір нәрсені де айта кетейік: Біріккен Ұлттар Ұйымының тұжырымынша, тұрғындары 10 миллионнан асқан қалалар ғана мегаполис атана алады. Мысалы, бүгінде мұндай қалалардың алғашқы ондығында мына қалалар бар: Мәскеу (онда 12 миллионнан аса адам тұрады), Шанхай (18 миллион), Нью-Йорк (21 миллионнан аса), Мехико (22 миллион), Сеул (24 миллион), Токио (35 миллион).

 

Жақын көршіміз – Ресейде «мегаполис» деген атау ресми түрде қолданылмайды. Бұл елдің Санкт-Петербург қаласында 4 миллионнан аса адам тұрады, тұрғындар саны 1 миллион адамнан асатын тағы да оншақты қаласы бар. Дегенмен олардың ешқайсысына мегаполис атауы берілген емес. Яғни халқы миллионнан асқан қалаға мегаполис мәртебесін беру – әр елдің өз қарауындағы іс.

 

Бүгінде Орта Азияның бізге жақын елдерінде де мегаполис аталатын қалалар жоқ. Өзбекстан астанасы Ташкентте 2 миллион 500 мыңдай адам тұрады, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан астаналарының әрқайсысының халқы 1 миллион адамның төңірегінде.

 

...Қысқасы, Шымкент қаласы үлкен мәртебеге ие болып отыр, ол – мегаполис. Сондай-ақ енді облыс орталығы Түркістан қаласына көшіріліп, Шымкент республикалық маңыздағы қала мәртебесін иеленбек. Бұл оның мегаполис ретінде өркендеп-дамуына тың серпін береді. Өйткені мемлекеттік маңызы бар қаланың дамуына республикалық бюджеттен де қомақты қаржы бағытталып отыратын болады.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ