Оңтүстікте тарихи оқиға орын алғалы жатыр

30.05.2018
Қаралды: 251

Кешегі аптада Шымкентте қала мен облыс тарихында елеулі орын алатын оқиғалар болып өтті. Бұған қатысты әңгіме бүгінде екінің бірінің аузында жүр.

 

Арнайы қаулы қабылданды

 

Сейсенбі күні Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 29-сессиясы болып өтті. Депутаттармен қоса қала және облыс басшылары қатысқан бұл жиында Шымкентке республикалық маңыздағы қала мәртебесін беруге ұсыныс жасау жөнінде шешім қабылданды. Қалалық мәслихат депутаттары бір ауыздан қолдап шыққан шешім облыс әкімдігіне жіберілді.

 

Көп ұзамай облыстық мәслихаттың кезектен тыс 23-сессиясы шақырылды, онда Шымкент қаласына республикалық маңыздағы қала дәрежесін беру және Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру, сондай-ақ Түркістан, Кентау қалаларының әкімшілік-территориялық аумақтарын өзгерту жөнінде талқыланды. Облыс басшылығының қатысуымен болған жиында депутаттар бұған байланысты арнайы қаулы қабылдап, шешімге қол қойды.

 

Қысқасы, кейінгі кездері ел аузында жиі айтылып жүрген «Шымкентке республикалық маңыздағы қала мәртебесі беріледі, ал облыс орталығы Түркістан қаласына көшіріледі екен» деген сөз шындыққа айналғалы тұр. Жалпы, бұған қатысты арнайы ведомствоаралық комиссияның құрылып, тиісті жұмыс­тар жүргізіліп, тиісті хаттама түзіл­геніне де біраз уақыт болған екен. Арнайы Жарлық жобасы түзілген, оған енді Елбасы қол қойса болды, Шымкент Астана мен Алматы сияқты республикалық маңыздағы қалаға айналып шыға келмек, ал облыс орталығы Түркістан қаласына көшіріледі.

 

Кім не дейді?

 

Осындай тарихи сәттің табалдырығында тұрғанын естіген жұрт­шылық бүгінде әлеуметтік желілерде өзінің әрқилы көзқарас-пікірлерін білдіріп жатыр. Солардың бірқа­тарын назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.

 

Alіsher Sat: Шымкент қаласының ендігі межесі Ташкент қаласын басып озу болуы керек. Шым­кенттіктер осы мақсатта бір кісідей ұйымшылдықпен әрекет етуі керек. Болмаса, істің бәрі бос.

 

Шымкент халықаралық деңгейдегі ірі қаржы орталығына, бизнеске неғұрлым жағдай жасалған өңірге айналуы қажет.

 

Межені еңсеру үшін заманауи әуежай, жетілдірілген инфрақұрылым, жүйелі сервистік қызмет көрсету саласы, қызықты туристік нысандар қажет болады. Ең бастысы, қонақжай, қашанда күліп тұратын, мәдениетті, ұйымшыл тұрғындар қажет.

 

Сол күндерге жеткізгей!

 

Меруерт Жоштай: Елбасы молодес-с! Керемет жоба! Шымкент қаласының көркі Астана мен Алматыдан асып кеткен, демалатын жерлері кө-ө-өп, бағалар арзан.

 

Ал Түркістанға келетін болсақ, оның облыс орталығына айналатыны жақсы болды. Мемлекеттік қызметкерлер жүрген жерде тәртіп те, мәдениет те, ақша да, тағы басқалар да болады. Түркістанды енді 5 – 6 жылда танымай қаламыз. Іске сәттілік тілеймін!

 

Фариза Табылдиева: Шымкент миллионер қала атанғанымен рухани астанамыз – Түркістанды облыс орталығы деуге әлі ерте.

 

Қалила Омаров: Түркістанның орталық болуының астарында Қазақ жерінің тұтастығы стратегиясы тұр. Ол жердегі қазақтың өзі Қоқаннан бері өзбектеніп кеткен.

 

Батыр Қазақұлы: Келіспеймін! Түркістанды бүкіл қазақтың астанасы ету керек еді. Қазақтың небір ұлы данышпандары, ғұламалары мен батырлары жатқан киелі топырақ әруақ қолдап,  рух дем берген жер тарихи мәртебесіне қайта оралуы тиіс!

 

Тәуіпбай Кежекұлы Сейіттегі: Түркістанды түріктер басып болған атам заманда. Әй, жігіттер мен қыздар, ол кірменің жері болғаны қаш-шан, неге жата қап қарсыласасыңдар? Өзбектің даңғырасы мен өлеңінің жаулағанына отыз жыл болды! Астана қылу үшін алдымен қазақи қасиетті оятып алу керек, Түркістанның қазіргі кейпі оған лайық емес.

 

Нұртас Айтілеуов: Облыс орталығын Түркістанға ауыстыру – тиімсіз қадам. Қатынас алыстайды, Түркістан облыстың бір шетінде орналасқан.

 

Жанна Төлендиева: Алматыдан облыс орталығы Талдықорғанға көшкенде куә болғам едім. Өте тиімсіз. Алматыдан Талдықорғанға бес сағат жол жүріп өтеді. Сосын жыл сайын жол проблемасы бәрібір шешімін таппады. Әлі күнге барып-келетіндер жол алыстығын айтады. Ал Түркістанға келетін болсақ, туризм жағынан тиімді болуы бек мүмкін. Дегенмен облыс орталығының тоғыз жолдың  торабы болған Шымқалада қалғаны дұрыс деп ойлаймын.

 

Мұхтар Әбдіқадыров: Облыс орталығына барып-қайту енді 500 шақырым. Жетісайлықтарға – 700 шақырым.

 

Ержан Әліпбек: Түркістан қаласына ауыз су тікелей Кентау шахтасынан тартылған. Ішінде неше түрлі  химиялық қоспасы бар. Ол – бір. Бастысы, ол мәселені  неге халықтың талқысына салып шеш­пейді шенеуніктер? Неге тауға жақын жерден салмасқа? Ауасы да, суы да таза болар еді. Мәселен,  Манкент станциясы жақсы.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ