Еркек боп жаратылмағаныма шүкір деймін

30.05.2018
Қаралды: 379

«Осы қызды алсаң, ең болмағанда нәскиің бүтін, шайың қайнатулы тұрады». Бұл сөзді алғаш естігенімде шамамен сегіз жасқа енді толған кезім.

 

 

Бір туысқан ағамыз үй­ленемін деді. Әскерден енді келген, ой десе ойы, бой десе бойы бар, көз қызығатын жігіт еді. Бірақ оның таңдауына үйдің үлкендері қарсы болды. Сол кезде алпыстан енді асқан әжем: «Жатыры – жаман, оңбайды», – десе, анам ағамызға ғашық басқа бір қызды меңзеп: «Осы қызды ал, құрығанда нәскиің бүтін болады», – дейтін.

 

Баламыз. Екі ананың айт­қандарын мен сол уақытта түсінбедім. Ағам да онша түсінбеген, әлде түсінгісі келмеген болса керек, үлкен­дердің сөзіне құлақ аспай, өзінің қалағанын алды.

 

Арада бір-екі ай өтті. Шағын-шағын «концерттерге» етіміз де әбден үйреніп қалды. Дегенмен бір күні жеңгеміз «шығармашылық кешін» «кетемін» деп, чемоданын жинап, есікті тарс еткізген актімен аяқтады. Бірақ кетемін деген адам сол айтқанымен кетіп, құрып, тыныштық бермейді екен ғой, о тоба! Не керек, жеңгеміз содан кейін жүз келіп, жүз кетті. Ақыр соңында ажырас­ты. Онымен тынбай, ортадағы жалғыз баланы ағамыз­ға біресе «алып кет» деп, біресе «келме, көрсетпеймін» деп әлек етті. Соған шыдамады ма, әлде өзі жұмсақ мінезді ме еді, ағамыз ішіп кетті. Жеңгеміз болса, сол кеткеннен бір-екі рет күйеуге тигенін білем. Арғысын ешкім айтпады, мен де сұрағаным жоқ.

 

Ал анам айтып жүрген қыз – бүгінгі таңда төрт баланың анасы. Кейде сол кісіге қарап отырып, «мына балақайлардың бәрі біздің үйдің баласы болар ма еді?» деп ойлап қоямын. Ағамыз да, анам айтпақшы, үсті-басы бүтін, әдемі бір шаңырақтың отағасы болар ма еді, шіркін!

 

Қайдағы-жайдағы еске қайдан түсті деймін де. Кеше бір туысқанымыздың келіні чемоданын жинап, кетіп отырыпты. Содан үйдегі ата-ене баласын алып кел деп жіберсе: «Ішке сыйған қыз сыртқа да сыяды», – деп келіннің шешесі жанына жолатпайды екен. Жігіттен кінә бар ма деп ортаға алсақ, ішпейді, шекпейді, жұмыс істейді, әйеліне қол көтермек түгілі, дауыс көтермейді. Енді не боп қалды? Өздері үш жылдай қыз-жігіт болып сыйласты. Өліп-өшіп, жақсы көріп қосылды. Енді бір жыл тұрмай, кетіп отырды. Не жетпеді дегенді әрі ойлап, бері ойлап, менің ақылым жетпеді.

 

Біз де отағасымен бір шаңырақ астында тұрып жатқанымызға ресми дата бойынша бір айдан соң бір жыл толады. (Ресми емесі әлбетте, одан әлдеқайда ұзақ). Бірақ менің кетем дегенді айтпақ түгілі, бірде-бір рет ойыма да келмепті.

 

Өткенде бір сайқымазақ құрбым: «Әрине, күйеуге алғаш рет отыз бірде шықсаң, кете алмайсың. Жақсы жігіт түгілі, жалпы, жігіттердің дефицит екендігін біліп қалдың ғой», – деп ішіміз ауырғанша күлдірткен еді.

 

Әзіл өз орнымен, бірақ барлығы адамның тәрбиесі мен санасына байланысты болса керек. Мәселен, мен еркек боп жаратылғанымда кетіп қалған қатынның соңынан бармас едім. Кетті ме, құрысын! Тіпті өзі қайтып оралса да қабылдамас едім. Неге? Себебі ол кетіп қалған соңғы түндерін кімнің құшағында өткізді? Мейлі, ата-анамның, әпкемнің, одан қалды, құрбымның үйінде десін. Бірақ оның орны – менің қойнымда! Ашу – дұшпан, ашуланып, есікті тарс жауып кеткенде басқа еркек жұбатқан-жұбатпағанын мен иіскеп білем бе? Қарт анам: «Тауық-екеш тауық та өз қорасына келіп қонақтайды», – дейтін. Қатты ашуланса, басқа бөлмеге барып жатсын, бірақ кетіп қалып, қаңғып, адал тәнін мұздатып, кейін менің қойныма кірудің қажеті жоқ. Болды. Кетті ме, давай прощаться!

 

...Е-е-е, еркек болып жаратылмағаным қандай жақсы болған деймін де. Әйтпесе мына түріммен біреуді одан қайтып табалдырық аттамайтындай етіп жылатып, обалына қалар ма едім?..

 

Клара ЕРМАҒАМБЕТОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ