Дарбыз ішінен жазу шықты

13.07.2016
Қаралды: 942

Кешегі дүйсенбі күні редакциямызға Батырбек Байсейі­тов есімді қария (суретте) келді. Қо­лын­да полиэтилен пакетке ұқыптап салынған дарбыздың екі үлкен тілігі бар екен.

«Мұны сіздерге көрсету үшін арнайы әкелдім, – деді қария. – Қаладағы «Ықылас» Құран-Кәрім медресесінде жиі бас қосатын жиырма шақты апаларың бар, сол кісілер беріп жіберді. Олар – Қазақстан қажылар қауымдастығына қарас­ты «әл-Мәруа» компаниясының қызметін пайдаланып, әр жылдары Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп қайтқан жандар. Медреседе әр 20 күн сайын бас қосып, намаз оқиды, құран мен хадистер тыңдайды.

Осы апаларың кешегі Қадір түнінің қарсаңындағы ауызашарда Нұргүл қажының үйінде болған екен. Сонда ауызашарда жеген дарбыздың ішінен «Алла» және «Мұхаммед» деген жазуларға ұқсас жазу шығыпты. Соны маған әкеп көрсетті. Бұл белгі Алланың Рамазан айындағы бізге білдірген ризашылығы ма, әлде қандай да бір ескертуі ме, кім білсін... Анығын бір Алла біледі. Ал біз мұны жақсылыққа жорып отырмыз.

Қасиетті Ислам дінімізді, ұлтымыздың рухани құндылықтарын жұртқа насихаттап жүрген Аманкүл қажы Исақұл­қызы апаларың: «Мұны «Заманаға» апарып көрсетіңіз. Ол өзі игі істерге атсалысып жүрген жақсы газет, бүкіл Қазақстанға таралады. Сонда жарияланса, жұрт оқиды, мұның талай адам­ға ой салары анық», – деп мені сіздерге жіберді.

Біз адамдардың қасиетті дінімізге берік болып, иман жолында жүргенін қалаймыз. Әсіресе жастарымыз жақсы тәрбие алып өссе екен дейміз».

...Міне, редакциямызға арнайы келген Батырбек қария өзіне жүктелген аманатты бізге осылай жеткізді. Қажы атаның өзі де бүгінде Қазақстан қажылар қауымдастығы Шымкент қалалық бөлімі төрағасының орынбасары қызметін атқарып, Ислам дінін насихаттап, халықты имандылыққа үндеп жүр екен.

Ендеше бұл кісілердің үлгілі істері мен насихат сөздері жұрттың жүрегіне жете беруіне біз де тілектестігімізді білдіреміз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ