Ескі «Москвичтен» «Гелендваген» құрастырып шығарды

30.05.2018
Қаралды: 1694

Бәйдібек ауданындағы №19 колледждің студенттері «Мос­квич» автокөлігінен заманауи «Мерседес-гелендваген» құрастырып, оқу орнының алғашқы брендін жасап шығарды. Автокөлікті жөндеу слесары мамандығының 2-курс студенттері оны өндірістік оқу шебері Айдар Бейімбетовтің жетекшілік етуімен іске асырды.

 

«Қолымызға түскен «Москвичтің» сыртқы көрінісін өзгертіп, бөлшектерін ауыстырып, жаңа автокөлік жасап шығару ісіне қызыға кірістік, – деді бізге 2-курс студенті Бақдәулет Қалмырза. – Оны колледждің ұсталар бөлмесіне апарып, шанағын, қозғалтқышын, беріліс қорабын, жүріс бөлігінің агрегаттарын бөлшектедік, сосын оны қайта жөндеп, құрастырдық. 4 есікті, 5 орынды «Седан» автокөлігінің шанағы орта бөлігінен 75 сантиметр, артқы бөлігінен – 25, алдыңғы бөлігінен 10 сантиметр кесіліп, ұзындығы 3 сантиметр кішірейтілді. Шанақтың ені 39 сантиметрге қысқартылып, көлік бөлшектеріне өзгерту енгізілді. Содан кейін ол 2 есікті, 2 орынды, үсті ашық кабриолетке айналды. Кейін беріліс қорабын, жетекші белдігін және жүріс бөлігінің агрегаттарын толық жөндеуден өткізу арқылы «Мерседес-гелендваген» жасап шығардық».

 

Жаңартылған автокөліктің тиімділігі – салмағы жеңілдеген сайын қоз­ғалтқыш күші артып, жанармай шығыны азаяды. Сондай-ақ бұл көліктің басты ерекшелігі – мұнда 2-ші дублер қондырғылары қойылған. Студенттер оны жаттығу сабақтарында көлік жүргізуді үйрену үшін пайдаланады. Ал оны құрастырып шығуға 180 мың теңге қаржы жұмсалыпты.

 

Жаңалыққа құмар, ізденуден талмайтын өнертапқыштарды даярлап отырған оқу орны бұл жобасының брендке айналатынына сенімді.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ