Оңтүстік – ағзада тас түзілуіне бейім аймақ екенін есте ұстаңыз!

30.05.2018
Қаралды: 138

Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тарапынан қоршаған ортаға зиянды заттардың  бөлінуіне тұрақты түрде зертханалық тексерулер жасалып, мониторинг жүргізіліп отырады. Зерттеу ауаға зиянды заттар бөлетін өндіріс орындарының санитарлық қорғау аймақтарында, тұрғын үй алаптарында, көлік қозғалысы көп қамтылған жол жиектерінде, мазут пен көмірді пайдаланатын жылыту станцияларының аймағында жүргізіледі.

 

 

Осы мақсатта Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тарапынан «Қауіптілік картасы» жасалынған. Ауаға бөлінетін зиянды қоспалардың денсаулыққа қауіптілігін зерттеудің нәтижесінде облыстарды қауіптілігі жоғары, қауіптілігі өте жоғары және  экстремалдық қауіпті аймақтар деп 3 топқа ендірген. Оңтүстік Қазақстан облысында бұл жұмыстар Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларында бірнеше жыл жүргізілген зертханалық зерттеулердің қорытындыларын қамтыған және біздің облыс төменгі топқа, қауіптілігі жоғары аймақтардың қатарына енгізілген.

 

Ал облысымыздың тұрғындары пайдаланатын ауыз судың әсер ету қаупінен туындауы мүмкін бүйрекке тас байлану және өт-тас аурушаңдығының тіркелуі бойынша түзілген  қауіптілік картасында біздің облыс қауіпті топтар қатарына енгізілген. Пайдаланылатын ауыз судың санитарлық-химиялық көрсеткіштері: судың қаттылығы, құрғақ қалдық, кермектік, хлорид, сульфат бойынша сәйкес келмеуі  осы аурулардың пайда болуына,  өсуіне әкеліп соғуы мүмкін әсерлердің негізі болып саналады.

 

Бүйрекке тас байлануы бойынша 2017-жылы облыста 1849 жағдай жаңадан тіркеліп, көрсеткіші 63,7 пайызды құрады. Бұл аурушаңдықтар ауыз суды ашық су қоймасынан пайдаланатын Шардара қаласында, таулы аймақтарда орналасқан, су құрамында сульфаты жоғары болып келетін Түлкібас, Төлеби  және Сайрам аудандарында біршама көп тіркелген.

 

Ал өт-тас аурушаңдықтарының 2017-жылы 2620 жағдайы тіркеліп, көрсеткіші 90,2 па­йызды құрады. Аурушаңдықтың көрсеткіші Түлкібас, Шардара, Ордабасы, Төлеби аудандарында және Шымкент қаласында жоғары болып келеді. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі келешекте бұл аурушаңдықтың көптеп тіркелу себептерін әлі тереңірек зерттеп, анықтау үшін медицина қызметкерлерімен бірлескен жұмыстар жүргізілуін ұйымдастыруды жопарлап отыр.

 

Қазіргі кезде облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін 487 орталықтандырылған ауыз су жүйелері біздің  тұрақты  бақылауымызға алынған. Кәсіпкерлік Кодексіне және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №836 бұйрығына сәйкес, жылына 1 рет ерекше тәртіппен жоспарлы тексеріліп отырады. Нысандарды тексеру кезінде 465 сынама микробиологиялық көрсеткіштерге тексеріліп, 4 сәйкессіздік анықталса, санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 391 сынамалар тексерілген, сәйкессіз сынамалар анықталмаған. Тұрғындарға ауыз су беретін 437 орталықтандырылған су жүйелері тұрақты түрде зертханалық өндірістік бақылаумен қамтылып, суы тексеріліп отырады.

 

Тұрғындардың денсаулығына әсер ететін қоршаған ортаның қауіпті әсерлерін анықтап отыру – жауапты және  заңдылықтарды терең білуді қажет ететін қиын жұмыс. Осы орайда тұрғындарға өз тарапынан күнделікті пайдаланатын ауыз судың сапасына көңіл бөлу қажеттілігі ескертіледі. Өз денсаулығыңыз бен туыстарыңыздың денсау­лығына қамқор болыңыз!

 

Әбдіғали КЕМЕЛОВ,

Оңтүстік Қазақстан облысы

қоғамдық денсаулық сақтау

департаментінің бөлім басшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ